ЕСЕНҚҰЛДЫҢ ЕКІНШІ ҒҰМЫРЫ: ӘДЕБИ ЗЕРТТЕУ

Уақыты: 26.10.2019
Оқылды: 1087
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шашасына шаң жұқпаған тұлпар баспаймын деген жерін тұяғымен тағы да үш мәрте мөрлейді демей ме дана қазақ. Сол секілді өнер жолында ұстаз тұтқан ұлы есімдерді ардақтап, олар жайлы жүрек тебіренісіңді шама-шарқың жеткенінше жазып жүрген соң: «Осы тұлға туралы ақеділ ниетімді бедерлеп, шығармашылығына деген сүйіспеншілігімді сөзбен сырладым, тұтас болмысы мен шығармашылығын толыққанды ашпасам да енді қайта оралудың қажеті шамалы, қайта жазу – қайталауға ұрыну: алғы жазбаның артық-кемін кейін бір өңдеп-жөндермін» деген ойды қуаттайсың көбіне-көп. Алайда, шығармашылық жағынан ұлы тұлғалардың жақұт жазбасын қайталай оқысаң, сол пікіріңді теріске шығарып, тағы да қаламгер туралы толғанғың келеді-ақ. Осылайша, баспас жерін ат үш рет басса, сен енді жаза қоймаспын деген сүйікті қаламгерің жайлы қайта толғанасың.

І. ЖЫР ЖАМПОЗЫ

Осыдан біраз уақыт бұрын Есенқұл Жақыпбек ныспылы ғажайып ақын жайлы жүрек тебіренісімізді қағазға түсіргенбіз. Қаншалықты ағылып-төгіліп, ашылып-тасынып толғанғанымыз оқырманға аян, бірақ, шайыр  шығармашылығын қайталай оқысам да қайталап толғанамын деген ойда болмағанымыз тәңірі хаққа мәлім. Дегенмен ағымдағы жылы жырсүйер жандарды қуантып, баспа бетінен жарық көрген «ЕСАҒА» атты ақынның толық шығармалар жинағы қолға түскенде оны жата-жастана оқып шыққан соң серттен тайған серідей сергелдең күйде қалғанымыз жасырын емес. Содан барып «иә, сәт!» деп тағы да ел еркесі хақында үшбу ойды тарқатуға ден қойдық.

...Есенқұл тумысынан ақын болып от жүрегін тулата өмірге келген талант-тақсырларының бірі де бірегейі. Оның шайырлық қасиетінің қайнар көзі кешегі сал-серілермен сабақтасқан, жыраулармен жымдаса-жалғасқан ұлы дәуірлерден бастау алатындай. Содан да болар, оның шығармашылығы жөнінде қазақтың қалам тартқан арда перзенттері аршындап сөз бастап, ақжарыла әсерлі әңгіме өрбітеді. «Есаға» кітабының алғашқы беттерінде «Есенқұл шындығы» тақырыбында тағылымды ой қозғап, толайым талдау жасаған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев шайырдың бүкіл шығармашылығын жоғары деңгейде оқырманға жеткізе біліпті.

Оқыдық. Қуандық. Тіпті, біз байыптамаған дүниелердің өзін мөлдірете жеткізгеніне тәнті болдық. Сол сүйекті жазбада қазақтың қайталанбас жазушысы Асқар Сүлейменовтің пікірін келтіріпті. Соны біз де бір алға тартар болсақ, А.Сүлейменов: «Ұзақ сөзге – уақыт кем. Мен ұққанда текті тиек – аршадан. Бұл арша жігіт. Бұл жігіт, жұрттың айтуында, «көк көз» екен. Көрмедім. Көре алмадым. Бірақ өлең жолдарына бойлағанда, қайта оқып, қайта парақтап-тарақтағанда көкөзегін зайыр тануға ықырар болдым. Осы жігіттің ұрып шығарына, жұлып шығарына кәміл сенімдімін», – деп баға беріпті.

Бұл «Парасат» журналына жарияланған Есенқұлдың топтамасына арналған құйттай алғысөз екен. Неткен әділ баға, неткен көрегендікпен дәл айтылған ой десеңші?!. Біржан мен Абайды тыңға бастап, «Ақ кемпір» мен «Қара шал» өмірінен ұлы ой тартып, «Бесатары» белінде жүрген қазақтың қанды соқпағын қаламмен қашаған Сүлейменовтің, сырын мұнардың мұнарына бүркегіш сырбаз қаламгердің осы бір пайымы ғасыр аумай айна-қатесіз келді емес пе? Есенқұл дәуірі туды емес пе?!

Иә, толыққанды жыр жинақта ақын жайлы ақтарыла сөз қозғап, сыр тарқатып, шығармашылығын жарқырата көрсеткен Е.Ашықбаевтың әрбір сөзі қорғасындай салмақты, әрбір теңеуі нысанаға дөп тиген сайгез оқтай берік-дүр.

Хош, Есенқұл Жақыпбекке оралайық. Шабындығы шабылмай, шаңқай түсі сағымдай, қой өргізген тірлігін өзінен өзге сағынбайтын ауылда, ақындар мен батырлар елінде өмірге келген Есаға: 
    Беу, далам, қазыналы, терең сырлы,
    Білмейтін көлгірсуді, көбеңсуді.
    Дәл қазір таразылап жатқандайсың,
    Өткерген бір басыңнан нелер сынды.
    Айғайлап кескініңде алыптығың,
    Жантайып жатырмысың, жарықтығым.
    Жан болса күміс Күнде, жүрек болса,
    Бір сен деп сарқар еді бар ыстығын.
    Дауылдан тепкі көрген қайықшыдай,
    Қожырап, төсі тоз-тоз болып талай.
    Қартайған қара адырлар қараяды,
   Тастаған шала мүжіп омыртқадай,
– деп өзі жырлағандай, дала сырын терең ұғынған, өмірінің бар азығын байтақ ел, балауса тау, бозаң даладан алған талант иесі емес пе?! Қазақ қаламгерлері ішінде Еркін Ібітанов екеуі ауылдың аршалы түтінінің иісін қала гүлзарларының жұпарына алмастырмады. Қоңыр тірлікті мекенде жамбастап жатып жазиралы поэзия өлкесінің өрісін кеңейтті.

Тамыры табиғаттан нәр алған ақын сол табиғаттың ұлы құбылыстарын, заңдылықтарын жүрегімен сезінді. Сезіне жүріп өмір шындығын, дәуір тынысын, заман ағысын асыл жазбаларына айшықты маржан етіп тақты. Содан барып өлеңсүйер елдің заңғар көңілінің өрелі өрінен тақ сайлады. 
Өзегінен өлең саулаған шайыр: 
    Ырғай басы ызың қағып арадай,
    Қамсыз-мұңсыз қалғып жатыр дала жай.
    Қайың, талдар именеді бейнебір
    Қайын жұртқа келген күйеубаладай.
    Ағаштардың сидаң тартқан боз басын,
    Отыз рет көрген екем өз басым.
    Терезеден еріп аққан бос қырау,
   Елестетті өткен жаздың көз жасын
, – деп жырлайды «Күзгі ырғақтар» атты өлеңінде.

Осы бір алғашқы қос шумақтан шайыр өзегіндегі өлең нәрінің қаншалықты қою екенін ұғына салуға болатындай. Одан әрі сөз қозғап жатудың өзі артық секілді ме, қалай? Суреттеу, бейнелеудің өзі еркіндікті аңсаған нау құсының көкте қанат жайып беймарал қалықтағанындай тым еркін үйлестіріліп тұр, ә? Осыдан барып қаламгер шығармашылығын тұтастырып тұрған әрбір өлеңде осындай ой еркіндігі барын, теңеу іздеушілік, ұйқас қуалаушылық деген жағымсыз жайттар кездесе бермейтіндігін қадап айтуға болады. Әйтпесе талантты ақындардың кей жазбаларында біз атап отырған кемшіліктер кездесіп-ақ жатады ғой. Есенқұл әлеміндегі тұтас шығарманың бәрі кемшіліктен ада, саф болып құйылып түскен деуден аулақпыз. Бірақ еркіндік бар. Кеңдік һәм тереңдік бар. Оған, әрине:
    Жалау жырдан күтіп жүр ем несібе,
    Көктем күйін өлең етіп тізермін.
    Гүл қауызы түсіреді есіме,
    Шиедей боп үлбіреген қыз ернін
, – деген сынды көптеген жыр жолдары мысал болмақ.

Иә, кешегі сал бабалардың, сері саңлақтардың, жырау-жыршы, кеудесі кенен ділмарлардың тұрпатын көзге елестеткен, солардың сарқытындай алшаң басып алпыс көктемнің гүл-дестесін омырауына тағынып барып өмірден өткен Алаштың асыл перзентінің әр өлеңі жүрек қылын шертеді. Махаббат пен ғадауат майдандасқан адам кеудесінің жұдырықтай жұмыр етін ерекше күйге бөлейді. Бөлекше әлемге жетелейді. Оны ақын қаламының құдіреті десек те, шығармашылық жолдағы мұрадым-мұратына жеткені деп байлам жасасақ та жарасатындай.

Ұзақ сөзге – уақыт кем. Мен ұққанда текті тиек – аршадан. Бұл арша жігіт. Бұл жігіт, жұрттың айтуында, «көк көз» екен. Көрмедім. Көре алмадым. Бірақ өлең жолдарына бойлағанда, қайта оқып, қайта парақтап-тарақтағанда көкөзегін зайыр тануға ықырар болдым. Осы жігіттің ұрып шығарына, жұлып шығарына кәміл сенімдімін.

Асқар Сүлейменов

Қазақ поэзиясының шоқтығы биік өкілі Жарасқан Әбдіраштың «Қаршадай кезден арманым болған ақ құсым» деп поэзиямен сырласқанындай, «Есаға» кітабына ақынның қаршадай кезден бастап ел еркесі атанған шағына дейін, тіршілік тынысын тоқтатқан һәм салалы саусағынан қаламы сусыған мезгілге дейін жазған жырлары енген. Осынау ғажайып кітапты парақтап оқып жатып ақынның осындай мол мұра қалдырып кеткеніне риза боласың. 800 беттен тұратын жақұт жазбада адамзат баласының айтқысы келген, өмірде тұшынып-түйсінген, күйініп, сүйсінген алуан-алуан жайт-күйтін кездестіруге болады. Осыдан барып ақын деген жаратылыстың артықша қабілетіне тәнті боласың. Тәнті болмай не? Ол сенің маңдайың тасқа тигенде жанардан жасырын жылыстаған жасыңды өлеңге арқау етсе, жалғыздықта жабыққанда ойлаған ойыңды ұрлап оқып қойғандай өз туындысына өрнектесе, қуанғанында құрақ ұшып Қаратауды қопарардай тасынғаныңды шабыттана асқақ бейнеде суреттесе, сызыңды сыртқа шығармайтындай беріктікпен безере өмірді балағаттағың келген кей шақтарыңды, жабыққан, жаныққан, жалыққан, ойсырай жеңілген, аруағың асып жеңіске жеткен, тағысын тағы... сан күйіңді күлбілтелемей көркем әдебиетке бедерлесе, сен тәнті болмай, кім риза болмақ? Сондықтан да ақын деген халықты адамзат баласының өмірінің әр сәтін тарихқа таңбалар тылсым жаратылыс деп тану керек.

Есенқұлдай жанартаудың тылсым күші оның қарапайымдылығында, шығармаларының шынайылығында екенін жырына жүгінген әрбір зерделі жан айқын аңғармақ. 
    Өткені-ай, бәрі өткені-ай,
    Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
    Сарыала қаздар саңқылдап,
    Сарыала күздің жеткені-ай!
    Біреуге өзім ынтызар,
    Біреулер маған өкпелі-ай,
    Өткінші мынау өмірде,
    Өтпелі, бәрі өтпелі-ай
.

Тебірене термелеген өмірдің өтпелі екендігін сөз асылын сапырмай-ақ салмақтап берген сырбаз қаламгердің осындай ғажайып жырларының бір парасы әнге айналып, тіпті кейбірі халық әніндей қазақ сахарасына кең тарап кеткеніне де куә болып жүрміз. Өмірдің әнін де, мәнін де қасиетті сөз өнері арқылы айшықтаған шайырдың негізгі тақырыбы адамгершілік, имандылық. Дей тұрғанмен ақындық жолда тағдыр жүктеген міндетті абыроймен өткерген әрбір жыр тудырушы жаратылыс осы бір өмірдің қос ішегіндей ізгілікті шығармашылығына тақырып етіп алмады дейсіз бе? Бәрі де адамгершіліктің асыл қасиет, имандылықтың арда жол екенін дәріптеді.

Дегенмен, «Үмітсіз сайтан күнде арбап, үзілген жіпті мың жалғап. Күн үшін жүрген күйбеңдеп, жүрісің бүйткен құрысын», – деп шындықты шымшып жеткізер Е.Жақыпбектің бұл тараулы жолдағы толғанысы алабөтен. Арда! Тіпті, «Талапай тартыс жердегі, талайын өттім мектептің. Қаз-үйрек едім көлдегі, қанатты жылан боп кеттім», – деген сарындағы әжуа араласқан жыр жолдарынан-ақ оның дара қолтаңбасын көруге болады. Өзінің кемшілігін жіпке тізгендей, өзін-өзі қамшыға жығып бергендей жырлап отырып Есаға өмірде ондай болмыста тіршілік етуден сақтан деген ой айтатындай. Астарлап. Сондай туындыларын оқығанда таңқаласың. Еріксіз таңданасың. Бірақ, жыр астарына зер салсаң өзін емес, өзгенің кемшілігін өзіне теліп, өзін дүрелеп отырғандай өмірдегі сан түрлі мінездегі адам баласының сүрінер тұсын бірінші жақта әшкерелеп, баяндап тұрғанына көз жеткізесің. Міне, Есенқұл ақынның сонысымен де сойы бөлек.

...Өмірде ақын арқау етпеген тақырып, қозғамаған жайт бар ма деген сұраулы сөйлемге сана жетелетіп барып, аз-кем аялдап, тыныстап, сосын ғана сабырмен «Жоқ-ау» деп жауап берерміз. «Жоқ» деп кесіп айтуға да негіз бар. Ал «ел еркесі» ше? Үшқоңырды бауырлай көтеріліп, мұсатыр мұзды шыңдарды адақтап шығып, ақыр соңында Алатаудың ақ сәлделі ең биік қарт шыңына жамбастай жатып алып қанатты жырларын жалпақ сахараға аттандырып, алпыс деген тал түсінде тіршілік тынысын тоқтатқан шайыр сол ұзын да емес, келте де емес шығармашылық ғұмырында барша тақырыпты қозғай алды ма? Оны да «Есаға» кітабына жүгініп отырып қуаттадық. Қуаттаған ойымыз, әрине, Есенқұл Жақыпбек шығармашылығының алтын арқауы болған тақырыптың сан-салалы екендігі. Соның ішінде Есенқұл ақынның махаббат тақырыбындағы жырларының жүлгесі өзгешелеу секілді. Тіпті сүйсініп отырып күліп жіберетін сәттер жиі кездеседі. Өйткені ақын махаббат тұрмақ, заман жайлы, адам жайлы, тіпті мұң торлаған сәт жайлы жырласа да арасына езу тартар теңеу қосып жібереді. Өмір даңғылын маңғаз басып, мамырлаған жырларды дамылдатпай өлең көгіне ұшырған ақынның болмысында әзілге жақындық бар секілді. Содан да болар, тіпті шабыт үстінде өзі де аңғармай қалатын болу керек, әйтеуірі көп жырында ащы шындыққа құрылған өткір де уытты әзіл жүреді. Ал:
Сүйе тұра сүйкенбеймін, сол сертім,
Сүйгізбей-ақ сүйегімді өртерсің.
Жетейін деп саған күнде жете алмай, 
Ет жүрегім мәңгі бақи өртенсін,
– деген жыр жолдары немесе:
Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз,
Аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз
? – сынды әнге айналған-айналмаған, ел назарына түскен-түспеген көптеген жыр жолдары ақынның махаббат тақырыбында егіліп-төгіліп толғанғанын айшықтаса керек. Ал «Әйеліммен әңгіме» сынды жырларының салмағы мен мазмұны тіптен бөлек. Бұл ауаны басқа әңгіме. 

Есенқұл Жақыпбек елдің еркесі екенін білді. Алайда «еркеледім, есірдім, бәрін үнсіз кешірдің» дейтіндей албырттыққа бой ұрмады. Парасатты тіршілік кешті. Алақанына салған Алашының арманын алты қырдан аудармай-төңгермей аялап алақанына қондырды. Жұрт игілігіне жарайтын құдіретті өлеңнің құндағы бөлек жыр-перзенттерінің зады асылын тудырды. Сөйтіп, Мұқағалилардың жыр керуеніне ілесем деп жүріп өзі де соңынан сан талантты ертер қазақ поэзиясының көшбасшыларының біріне айнала кетті.

«Есаға» толыққанды жыр жинағынан бұрын ақынның «Тазқара құстың тағдыры», «Бастау» сынды бірқатар кітабын оқыған едік. Алайда не сиқыры барын кім білсін, ақынның толыққанды жыр жинағы болған соң әрбір таныс өлеңдерді қайта шолып шықтық. Сонда барып  қағаберіс қалған кейбір туындыларына да зердемен зер салып, түйсініп-тұшынып, ақын шығармашылығының көкжиегіне барынша қырағылықпен көз салғандай болдық.

Негізінен Есенқұл Жақыпбек шығармашылығында поэзия жанрының бәрі қамтылған. Солардың қатарында арнау жырлардың да жөні бөлектеу көрінді. Әсілі арнау жырға көп жүгінген Тұманбай Молдағалиевтың өлең мазмұнына аса мән бермей, сырттай сынай салар кейбіреулердің «Тұмаш атына ондай өлеңдер лайық емес» деп күбірлейтінін естіп жататынбыз. Бұл тұрғыда әдеби бір  сапарда көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай: «Тұманбайдың арнау жырларына кері сөз бағыштағандардың білімін айтпай-ақ қойса да болады. Әңгімеге татымайды да. Тұманбай – Тұманбай ғой. Арнауларының өзінде ғажайып теңеудің неше атасы кездеседі. Тұнған лирика», – деген еді. Сол секілді Есағаның да әрбір арнау жырлары көңілінің кеңдігін, ақ жүрегіндегі аяулы сезімнің мөлдірлігін танытар туындылар. Тіпті, арнау жыр деп айтқың келмейді-ақ. Өйткені Есағаның жырларында да лирика бар, мұң мен мазмұн, теңеу бар. Құры теңеу емес, өмір жайлы достық пен сыйластық жайлы он ойлансаң ауызға түспес теңеулер-ді. Мәселен, көптеген арнау жырларының ішінен «Ескі дос Нүсіпке» деген өлеңіне жүгінелік:
    Менде осы мәңгі мұң басым,
    Адамдай болдым жалғыз бас.
    Жалғыздық – жалғыз мұңдасым,
    Ешқашан жалғыз қалдырмас.
    ...Мұңайып жүрсе бір басым,
    Керексің маған сырласым.

Міне, ақын өзінің жабырқаған сәттерінде осылайша көңіліне жақын жандарын жырмен түгендеп, сағына толғанады. Осындай мөлдір ойдың мөлт еткен кесек тамшылары «Есаға» кітабындағы барша арнау өлеңдерінде кездеседі.

Есенқұл Жақыпбек шығармашылығында астарлы теңеу, әзіл аралас пайымдар жетерлік деп атап өттік. Дей тұрғанмен аталмыш кітапта «Шымшыма ұйқастар» тақырыбымен жарияланған дүниелер де бөлекше топтастырылыпты. Солардың бірі: «тасты теуіп қай-қайдағы, аяғым деп ойбайлады», «Нанға барып келші, – десе мамасы, аяғының ауырады жарасы» сынды бірқатар жазбалар. Сол секілді ақынның «Мысқылдар» топтамасына және де басқа жазбаларына қарап отырып оның балалар әдебиетіне де қалам тартқанын пайымдадық.

Иә, Есенқұл Жақыпбек қазақ әдебиетінің қайталанбас таланттарының бірі. Оның екінші ғұмыры енді басталды. Бұл туралы «Есаға» кітабының түйінінде белгілі ақын, журналист Жанарбек Әшімжан: «Есенқұл Жақыпбек! Биологиялық жаратылысы күтпеген жерден кілт үзілгенмен, әдеби-рухани коды келер дәуірлерге жазылған осы бір аяулы есім сонау Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет заманында немесе Ілияс Жансүгіровтің жалаға толы дәуірінде, яки Жамбыл мен Кенен сөз суырған кезеңде, Қасым, Тоқаш, Мұқағалилар мұңға жүкті заманда өмір сүрген секілді әсер қалдыра береді. Неге-дүр?», – деп Есағаны шарқ ұра іздеп, оның қуат-күші қазақтың арда ақындарымен деңгейлес, жаны солармен рухтас, мұңдас, сырлас екенін айшықтап, шығармашылығы туралы жалаулата толғана отырып «Есенқұл дәуірі құланиектеніп келеді» дейді.

Хақ сөз! Біз де арда ақынның ақық жырларынан шөл қандырып отырып осы бір ғажайып ойды мың қайталай қуаттадық. Ал оған «Есаға» кітабындағы барлық жырлар алтын тамыр, өрелі өзек-ті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ