БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ: ҰСТАЗДАРҒА МЫҢ АЛҒЫС

Уақыты: 18.11.2019
Оқылды: 1753
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы №27 мектептің бүгінгі жетістігі ата-аналарды қуантуда. Бұл – ұлағатты ұстаздардың сапалы білім беруі мен ерен еңбегінің нәтижесі.

Гүлжан Сыдыбаева басшылық ететін мектептің 9 «А» сыныбында қызым Құралай Данабек білім алады. Бар-жоғы екі жылдың ішінде перзентім биік белестерді бағындырып үлгерді. Атап айтар болсам, қазақ тілі, география пәндері бойынша қалалық, облыстық байқауларда топ жарып, қанжығасына бірінші және бас жүлдені байлады. Ата-ана үшін перзентінің бағындырған биігі мен жеткен жетістігінен асқан қуаныш жоқ шығар, сірә?! Өмірдегі ең үлкен олжа  саналы, білімді ұрпақ деп ойлаймын. Бұл бірінші ұлағатты ұстаздар қауымының еңбегі. Себебі, жас жеткіншектерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, білім көкжиегіне жетелеп, үлкен өмірге қанаттандырады. Ұлы мамандық иелері тек алғыс арқалауға лайықты.

Таяуда қызым қалалық «Дарын» байқауына қатысты. Мұнда «Сарқан өңіріндегі ортағасырлық төрткілдердің ежелгі сокралды орындар ретіндегі тарихи танымдық маңызы» тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс жазды. Тарих және география пәнінің мұғалімі Жазира Хавдолдамен бірігіп атқарған жұмыстары жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Шәкіртінің жұмысын жіті қадағалап, өз бетімен ізденуге, тиянақты жұмыс істеуге үйреткен мұғалімнің еңбегі зор. Еңбек түбі қашан да берекелі болатыны заңдылық. Үмітіміз осы жолы да ақталып, ұстаз бен шәкірт биік тұғырдан көрінді. Баласы бәйгеге шапса, тақым қысатын қазақ болғандықтан, қызым қандай байқауға барса да, тілекші болып отырамыз. Жаратқан иеміз тілегімізді қабыл еткеніне ризамыз.

Ұлағатты ұстаздардың осындай ерен еңбегін ескере отырып, №27 мектеп-гимназиясының ұстаздар қауымына аналық жүрегіммен алғыс айтамын.

Аида ӘЛІМБЕКОВА,

Талдықорған қаласының тұрғыны