АЙТЫС: БАС ЖҮЛДЕНІ ЖАНДАРБЕК ЖЕҢІП АЛДЫ

Уақыты: 21.11.2019
Оқылды: 1245
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудандық Мәдениет үйінде Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 130 жылдығына арналған «Өлең-жырдың Қаражорғасы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Еліміздің әр  қиырынан келген арқалы ақындардың кестелі сөз сайысын жамбылдық өнерсүйер жұртшылық қызыға тамашалады.

Туған жердің тынысын, ел-жұртының ырысын жырына арқау еткен ақынға деген халықтың құрметі қашанда ерекше екенін зал толы көрерменнің ықыласы тағы бір байқатты. Мұны айтыстың ашылуында ақындарға сәттілік тілеген аудан әкімі Бағдат Әлиев те айқын аңғартты. Ұлттық мұрамызды ұлықтаған осындай мәдени шаралар тамыры терең, өмірі өлең мекенде апта құрғатпай өтетінін атап өтті. Сол күні шынында да Ұзынағаш төрінде ұлтымыздың төл өнерінің туын желбіреткен айтыс ақындарының тамаша сөз сайысы болды.

Айтысқа белгілі ақын, жазушы, журналист Қуат Қайранбаев төрағалық еткен қазылар алқасы әділ бағасын берді. Атап айтқанда, сөз өнері саласында мол тәжірибе жинақтап, еліміздің Мәдениет қайраткері, Құрметті журналисі, ақпарат үздігі атанған қаламы қарымды сөз зергерлері Нүсіпбай Әбдірахым, Күмісжан Байжан, Серік Әбікенұлы, Серік Қалиевтер әрбір ақынның деңгейін саралады. Айтысты Жетісудың ерен жүйрігі, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов жүргізді.

Сахнаға кезекпен жұптаса шыққан он ақын сөз сайысының көрігін қыздырды. Ақындар мен батырлар елінің ерекшелігі, Сүйінбай мен Жамбылдың ақындық дәстүрін жалғастырған Үмбетәлінің ақындық және азаматтық үлгі-өнегесі, рухани жаңғырған бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің тынысы кестелі сөзбен әспеттелді. Бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытып, табан астында тауып айтқан суырыпсалмалық шеберліктеріне көрермен құшырлана қол соғып, дем беріп отырды. Бес жұптың ішінен ақтық сынға суырылып шыққан екі ақын сөз сайыстырып, үздігі анықталды.

Ұлттық валюта күні өткен сөз сайысында бәйгенің барлығы еліміздің төл теңгесімен ұсынылды. Сонымен, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы бас жүлдеге қоса тағайындалған бір миллион теңгені Жетісудың өрен жүйрігі Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды. Айтыс аламанында көрермендер көңілінен шыққан Жамбыл ауданының ақыны Жалғас Садыр бірінші орынға ие болып, 700 мың теңгені қанжығалады. Екінші орынның жарты миллион теңге сыйлығы додаға Шығыс Қазақстан облысынан түскен Сара Тоқтамысоваға берілді. Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрадым Мирлановқа үшінші дәрежелі диплом бәйгесі ретінде үш жүз мың теңге тапсырылды. Қалған ақынның барлығына Сара Тастанбекқызы, Жамбыл, Бақтыбай Жолбарысұлы, Әсімхан Қосбасаров, Әбікен Сарыбаев атындағы арнайы сыйлықтар мен екі жүз мың теңгеден табысталды.

Өнер кешіне Үмбетәлінің ұрпақтары Мұхит Кәрібаев, Дәмегүл мен Әлия Үмбетәліқыздары, «Үмбетәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Әуесбай Тәжібаев, Үмбетәлінің немерелері Әуелбек, Әлиман, Алтын, шөбересі Мәдина қатысты.

Жамбыл атамыз жырдың қаражорғасына теңеген Үмбетәлі Кәрібаевтың мерейтойына арналған айтыс ұзын-ағаштықтардың есінде өз өрнегімен қалары анық.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы