БАЙҚАУ: "ӘДІСТЕМЕЛІК БАНКИНГ" ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 01.12.2019
Оқылды: 1276
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Үздік әдіскер – 2019» байқауы өтті. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары әдіскерлерінің инновациялық кәсіби тәжірибесін айқындау және кәсіби шеберлігін көтеру мақсатында өткен облыстық байқау Талдықорған сервис және технология колледжінде орын алды.

Жалпы саны 15 әдіскер қатысқан байқау 2 кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезеңде колледж әдіскерлері «Әдіскер. Мамандық. Қызмет. Бейімділік» тақырыбында жазған эссесін бейнебаянмен көрсете отырып, әдіскердің тұлғалық және кәсіби қасиеттерін, жаңашылдық идеяларын, әдістемелік қызметте туындаған қиындықтарын және оны шешу жолдарын баяндады. Екінші кезеңде әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың заманауи және инновациялық жолдарын көрсететін «Әдістемелік банкинг» таныстырылымы көрсетілді.

Әдіскерлердің жұмысын сараптау үшін қазылар алқасының құрамына І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғам филиалы Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтынан, Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінен, Білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымынан, Талдықорған қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығы филиалынан мамандар шақырылды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Талдықорған жоғары медициналық колледжінің әдіскері Ілияс Қаңғабыл жеңіп алды. Ал 1-орын Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінен келген Клара Құрабалдиеваға, 2-орын Шонжы политехникалық колледжі әдіскері Анар Райымоваға, 3-орын Тоқжайлау политехникалық колледжінен келген Қарлығаш Аршабаева мен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің әдіскері Салтанат Карибаеваға бұйырды. Сондай-ақ, Көксу ауылшаруашылық колледжінің әдіскері Камшат Албакова грамотамен марапатталды. Өзге қатысушылар да марапаттан құралақан қалмады.

А. ҚАЙРАМБАЕВА,

Текелі кәсіптік колледжінің әдіскері

Сурет ғаламтордан алынды