ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: "ЖЕТІСУДЫҢ" ӘР ШЫҚҚАН САНЫН ҚАРАЙМЫН"

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 963
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу» газетінің қызметкерлері облысымыздағы аудан, қалаларды аралап, тыныс-тіршілігімен танысуда. Бұл жолғы сапарымыз тау қойнауында орналасқан, тұмса табиғатымен тамсандыратын, самал желімен баурап алатын, саф алтындай ауасы бар, ел ғана емес, алыс-жақын шетелдерден қонағы үзілмейтін, туризмі мен өнеркәсібі ерекше дамып келе жатқан жер жаннаты Жетісудың шұрайлы өңірінің бірі Текелі қаласында жалғасты. Қала әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ баспасөзге жазылу жөніндегі ойы мен қысы-жазы мейманы үзілмейтін моноқаладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын кеңінен тарқатты.

ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Текеліде ҚР Тұңғыш Президенті күні аясында салтанатты шара өтті. Шара барысында қаладағы тұрғын үйлер халық игілігіне беріліп, аз қамтылған және көпбалалы 12 отбасы қоныстойын тойлады.

Жиында Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев сөз алып, тұрғындарды мерекесімен құттықтап, баспана бақыты бұйырғалы тұрған 10 адамға пәтер кілтін табыстады.

Осыдан кейін «Дәулет серпін» ЖШС директоры Жалғасқан Домбаев өз қаражатына алған бір отбасына, облыстық мәдениет басқармасы және газет редакторлары бір отбасына пәтер кілтін берді. Көптен бергі арманы орындалған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жанарын қуаныштың жасы торлаған жандар қала әкімі мен жомарт жандарға алғысын айтып, ақжарма тілегін ақтарды.

Шарада қала әкімі Елбасы саясатын насихаттап, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырған бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыстады. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

ШОЙЫН КОМБИНАТЫ

Аймақ экономикасының негізгі күші – өнеркәсіп болғандықтан шаһардағы шойын шығаратын тау-кен комбинатына бас сұқтық.

Комбинаттың жұмысы бір жыл бұрын басталған болатын. Былтыр арнайы эксперттер келіп шығарылып жатқан шойындардың сапасын тексеріп, халықаралық стандартқа сәйкес болған соң өңірдегі тұрғындар жұмысқа тартылыпты. 12 қазан күні алғашқы өнім алынған. Содан бері 20 мың тонна шойын өндірілген.

Алғашқы өнім сатылғаннан кейін мамандар технологияларды өзгертіп, кемшін кеткен тұстарын ескеріп, бірнеше уақыттан кейін қайта қызу жұмысқа кірісіпті. Бүгінде комбинатта мыңнан аса адам жұмыс істейді. Мамандардың жартысы Теміртау, Талдықорған, Текелі колледжінде арнайы оқып, дайындалған.

Комбинатта жылына шамамен 2000 тонна, тәулігіне 350 тонна шойын өндіреді.  Әзірге өнім нарықта арзан болғандықтан шойын сатылып жатқан жоқ. Баға өскенде ғана сатылымға шығарылмақ.

Болашақта Текелі қаласында үлкен серпіліс болады. Себебі әр отбасындағы әлеуметтік жағдайдың барлығы шешіледі. Зауыт өкілдері: «Алдағы уақытта қалаға мектеп, балабақша, мешіт салуға көмектесеміз», – дейді. Ең бастысы, шойын зауытының жұмысы жүріп кетсе болғаны.

АЛАШ ҮНІ

Бақтияр ӨНЕРБАЕВ,

Текелі қаласының әкімі:

– Бүгінде облыстық «Жетісу» газеті Қазақстанда шығып жатқан ең беделді, алдыңғы қатардағы газеттердің бірі. Жүрегімнің төрінен орын алған ата басылым қолыма тигенше асыға күтетінім рас. Өйткені бұл газет облысымыздағы әр жылт еткен жақсы жаңалықтарды шығарады. Қазір әлеуметтік желі дамыған қоғам. Көбіне жұрт бір жаңалық қарау үшін смартфонға үңіледі. Бірақ әлеуметтік желідегінің барлығы дұрыс деп айта алмаймын. Оның үстіне газеттегі сараптап жазылған мақаланың орны бір бөлек емес пе?! Интернет ұстамайтын шалғай ауылдар да бар. Сондай-ақ, барлық әкім әлеуметтік желіде отырмайды ғой. Сондықтан технологияның дамыған заманы болса да газет қоғамға өте қажет.

Әр ауыл мен аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды, тарихы, салт-дәстүрімізді, танымал тұлғаларымызды дәріптейтін мақалаларды оқу үшін «Жетісудың» әр шыққан санын қараймын. Аптасына 3 рет шығатын басылымның болашақ жастарды тәрбиелеудегі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттаудағы орны ерекше.

«Жетісу» газетінде танымдық материал өте мол. Қай саланың маманы болса да өзіне керектіні осы газеттен табады. Әрине, жазары мол газеттің оқырманы да көп. Облыс бойынша бірде-бір басылым «Жетісу» газетінің таралымына жеткен жоқ. Алаштың үні болған әдеби-мәдени, әлеуметтік басылым республикалық газеттердің ешқайсысынан да кем емес. Алдағы уақытта да  абыройы асқақтай беруіне тілектеспін!

ҮЗДІК МЕКТЕП

Текелі қаласындағы №8 мектеп биыл облыстағы ең үздік білім беру ордасы атанып, 34 млн. теңгенің сертификатын иеленді. Осыған орай білімнің қайнар бұлағы болған мектепке бардық.

Мұнда келешек ұрпақты тәрбиелеуге және олардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалған. 1987 жылы ашылған мектепте бүгінде мыңнан аса шәкірт білім алып, жүзге жуық мұғалім еңбек етуде. Жанар Жаакпекова басқаратын мектептің материалдық базасы жылдан-жылға нығайып, соңғы үлгідегі компьютерлер мен ноутбуктар, әр әдістемелік бірлестікке проектор мен арнайы экран құрылғылары қойылған.

Білім ордасынан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері 31 «Алтын белгі», 8 «Үздік аттестат» иегері шыққан. ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп сонау 2004 жылы республика көлемінде ең үздік 100 мектеп қатарына кірсе, бүгінде оқушылар 98-107 аралығында орта балл жинауда.

Мектеп инклюзивті білім беруді белсенді енгізуді өз деңгейінде жүзеге асырып, жүйелі жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, «Балаға мейірімді қала» халықаралық жобасы аясында былтыр тұңғыш рет «Ашық жүрек» фестивалі өтті. Шара балаларды әлеуметтік қолдау және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылып, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленді. Инклюзивті практиканы іске асыру мақсатында мектеп Алматы қаласындағы Фридрих Эберт фонды және Еуразия технологиялық университетімен бірлесіп «Заманауи мектептің инклюзивті білім беруге дайындығы» атты республикалық тәжірибе алмасу алаңының белсенді қатысушысы атанды.

Әлемдік деңгейде оқушылардың білімін жетілдірудің бастамасы ретінде «Халықаралық инновациялық сынып және жаңашыл технологиялар IMT-Сlass» атты швейцариялық жобаға, Орталық Азия университетімен  «Білім беруді дамыту бағдарламасы» жобалары аясында оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, жобалау дағдыларын қалыптастырып, ағылшын тілін жетік меңгеруін қамтамасыз етуде. Халықаралық оқушылардың білім жетістіктерін бағалау «PISA – 2012» бағдарламасы нәтижесі бойынша мектеп облыс көлемінде көшбасшы позициясын иемденді.

Озық үлгідегі технологияларды меңгеру жаһандану үрдісінен туындаған уақыт талабы. Барлық өркениетті елдердегі үдемелі үдерістер секілді аталмыш білім ордасы да жаңа технологиямен қарқынды жұмыс істеп келеді. Оқушылардың өздері ойлап тапқан жобаларын көру мақсатында заманауи технологиялармен жабдықталған IT кабинетіне кірдік. Оқушылар жаңа технологиямен жұмыс істеп үйренуде. Олар бізге өздері ойлап тапқан жобаларын көрсетті. Бірақ, жаңа жобаларымен таныстырып жатқандардың дені өзге ұлт өкілдері. Қазақтың қара домалақ балаларының робототехникаға үрке қарауы қатты қынжылтты. Бұл ұстаздардың үйретпегені емес, біздің жаңа технологияны меңгеруді талпынбайтындығымыздан. Әр қазақтың отбасында заманнан қалмай, жаңа технологияларды меңгеретін бір бала болса да тәрбиеленсе деген ой  санамнан шықпай қойды.

ТАУЛЫ ҚАЛА ТЫНЫСЫ

Ауасы ем, биік тауларымен ерекшеленетін моноқаладағы жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыстар атқарылуда. Қай саланы алып қарасақ та қарыштап дамып, өңір жылдан-жылға өркендеп келеді.

Мұнда қаланың кірісін кіргізіп жатқан мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Аймақта пайдалы қазба байлығы мен инфрақұрлымдық тиімділігін айтпағанда, ауылшаруашылығы, туризм, құрылыс, өнеркәсіп өндірісі, жаңартылған энергия көздері сынды бизнестің перспективті бағыттарында көптеген жақсы өзгерістер бар. Он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17,2 млрд., ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6,5 млрд. теңгені құраған. Қала экономикасына 4,7 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында кәріз жүйелерін және «Металлург» шағынауданының магис-тральді жылу жүйесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. «Достық» шағынауданының дәрігерлік амбулаториясын орналастыруға ғимарат сатып алыныпты. Алда өңірді өркендету үшін жасалатын жоспар жетерлік.

ЗАМАНАУИ ЕМХАНА

Текелі қалалық ауруханасы отыз мыңнан астам адамды қабылдайды. Оның алғашқы нысаны 1949 жылы бой көтерсе, 1972 жылы соңғы бөлігі салынған. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, әлемдік стандартқа сай технологиялармен жабдықталған ауруханаға ендік.

Емханаға соңғы екі жылда лор комбайн, УДЗ сынды жаңа аппараттар алыныпты. Сондай-ақ, 3Н жүйесі орнатылып, реанимация бөлімі жаңартылып, емделушілерге барлық жағдай жасалған.

Аурухананы аралау барысында әуелі терапия бөліміне бас сұқтық. Бөлім 27 төсек орнымен қамтылған. Әр бөлменің іші құстың ұясындай жып-жылы. Медбикелер ем іздеп келген жандардың жағдайын жасап әлек.

Біздің журналист екенімізді білген Ботагөз Амандосова: «Дәрігерлік – қасиетті мамандық. Әрі олардың жұмысы өте қиын. Десе де, мұнда білікті мамандар жиналған. Келген сәттен ем-домын жасап, ынтасымен қадағалап жатқан дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін. Бүгінде аман-есен жүргеніміз ақ халатты абзал жандардың арқасында», – дейді ағынан жарылып.

Дәрігерлік – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Өз жұмысын адал атқарып жүрген ақ халатты абзал жандардың адам жанын арашалап қаламын деген тынымсыз еңбегіне риза көңілмен тарқастық.

Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы

Алматы облысы