"ҰМЫТПАЙЫҚ": ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ ЕРЕКШЕ АТАЛАТЫН ЕКІ ТҰЛҒА

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1015
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір халық үшін тәуелсіздіктің құны жоғары. Әлемдегі қаншама ұлт тәуелділікте өмір сүріп жатыр?! Немесе тәуелсіздік жолында әлі де күрес жүргізіп келеді. Ал біздер үшін тәуелсіздігіміздің құны екі есе жоғары десем қателеспейтін шығармын.

Қазақ елі де тәуелсіздік жолында қаншама құрбандыққа барғанын бірі білсе, бірі білмес. Егемендік деген ең бірінші жеке тұлғалар мен халықтың еңбегі екені белгілі. Сондай тұлғалардың екеуін ерекше атауға болады. Ол – Алашорда үкіметінің төрағасы болған, елім, жұртым, қазағым деп арманына жете алмай кеткен қазақтың нар тұлғасы Әлихан Бөкейханов пен халқымызды сан ғасырлық арманына қол жеткізген Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Тағдырдың жазуы ма, әлде кездейсоқтық па, он екі айдың ішіндегі желтоқсан айы қазақтың жүрегіне аса жақын әрі ерекше қастерлі секілді көрінеді. Өйткені, ата тарихқа көз жүгіртсек, соңғы жүз жылда мемлекет өміріндегі, ұлт тарихындағы ерекше орны бар оқиғалар осы желтоқсан айында өрбіпті. 1917 жылғы аласапыран уақытта, халық сеңдей соғылып, не істерін білмей сасқан уақытта Әлихан атамыз бастаған зиялы қауым қазақ халқына тәуелсіздік алып беруге ұмтылды. 1917 жылғы Қазан төнкерісінен кейін большевиктер билікке ұмтылған сәтте  қазақ зиялылары да қарап қалмады.1917 жылдың желтоқсан айының 5-13 күні қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен Орынбор қаласында жалпықазақ съезі өтіп, Алашорда үкіметі құрылған еді. Үкімет басшысы болып Әлихан Бөкейханов сайланған еді. Бұл қазақ халқының 20 ғасыр басында тәулсіздікке деген алғашқы қадамы еді. Асыл азаматымыз сол уақытта-ақ елімді егеменді етсем, отарлық езгіден азат етсем деп армандап, сол жолда күресін бастады.

Патша үкіметі жарылқамаған қазақ халқын кеңестік билік басынан сипамайтынын есіл еріміз сол кезде-ақ түсінген. Сол үшін де аянбай күресті де. Осы жолда Қанын да, жанын да аямады. Бірақ өкініштісі, Әлихан арманына жете алмады. Кеңестік биліктің жүйесі арманға жеткізбеді. Мүмкін сол уақыттың қаталдығы шығар, тағдыр шығар, кей қазақ азаматтары Әлиханды түсінбеді. Оған қарсы шықты, айыптады. Оның тәуелсіздікке деген ойын түсінбеді немесе көреалмаушылықтан түсінгілері келмеді. Бірлесе  біріге қызмет ете алмады. Ал оның арты қазақ халқын үшін 70 жылдан астам кеңестік отаршылдық пен 30 жылдары аштықтан қырылған жандар мен  жазықсыз төгілген қанға әкелді. Қазақ халқы тілінен, дінінен айырылды. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқын мәңгүртке айналдырды.

Сол азаматтарымыз аңсап, арманына жете алмай кеткен күн қазақ баласы үшін 1991 жылы туды. Халқымыз еркіндікке қол жеткізді. Өз тілімізде сөйлей бастадық. Дінімізді таныдық. Қазақстанды әлем таныды. Бұл тәуелсіздік біз үшін аспаннан түсе қалған жоқ, әрине. Бұған жету үшін де қаншама уақыт өтті, қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды?! Тәуелсіздік алу үшін еңбек етіп, күресе білген тұлғалардың ішінде елінің нағыз арқасүйер азаматы ретінде, әрине, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше атаймыз. Ол кісінің еліміздің  тәуелсіздік алу жолында және еліміз үшін сіңірген  еңбегі өте көп.

Себебі, сонау 90 жылдардағы тоқырау кезінде Кеңес үкіметі жүйесінің құлдыраған кезінде қазақ елін бүтіндей, бүлдірмей алып шығып, оны аяғынан тұрғызу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Елбасымыздың дара саясатымен, ол кісінің ақылдылығы мен тәжірибесінің арқасында біздің ел бүтіндей тәуелсіздік алды десек, артық айтпаймыз. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекетіміз үшін қиын болғаны рас. Бұл жерде де Нұрсұлтан Әбішұлы қиындықты шеше біліп, елімізді тығырықтан шығарды. Ел экономикасын, халықтың жағдайын, хал-ахуалын көтере білді. Тәуелсіз елімізді әлем таныды, көптеген алпауыт елдер Қазақстанды мойындады. Бұл да, әрине, ең бірінші Елбасымыздың еңбегі. Әрине, тәуелсіздік жолында көптеген қиындықтар болып жатыр, болады да. Бірақ сол қиындықтарды жеңе білген ел жеңіске жетеді.

Тарихшы ретінде айтарым көптеген дамыған елдер даму жолында талай қиындықтарды басынан өткерген, әлі де өтіп жатыр. Біздің ел де сондай қиындықтармен күресіп келеді. Ал сондай қиындықтарды жеңіп, елімізді болашаққа жетелейтін Елбасымыздай дара тұлғалар екенін қазіргі жас ұрпақ білуі қажет. Елбасымыздың еңбегі мен ғасырлар бойы армандап жеткен Тәуелсіздігімізді бағалау – баршамыздың міндетіміз.

Қорыта келгенде айтарым, халқымызды осы тәуелсіздікке жетелеген азаматтар қатарында XX ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейханов пен халқымызды осы ұлы арманға жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше дегім келеді. Жас ұрпақ осы азаматтарымыздың еңбегін ұмытпай, әрқашан бағалап жүрулері керек дегім келеді.

Мұхаммед ЛАҚОВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды