ҚАЙТАЛАНБАС СӘТ: СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН - МАМЫРЖАН БОТАБЕКОВ

Уақыты: 30.12.2019
Оқылды: 1314
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Суретті түсірген - Мамыржан Ботабеков». Қазақ баспасөзін парақтап отырсаңыз осындай қолтаңбамен жарияланған түрлі сипаттағы фотосуреттерді көзіңіз шалады. Есімі елге белгілі кәсіби фотосуретші, Жетісу өлкесінің тумасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мамыржан Жүнісқұлұлы қас-қағым сәттің ұтымды тұсын қалт еткізбей түсіріп алудың шебері, фотосурет өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген маман. Фотосуретшінің өз кәсібіне деген адалдығы, үлкен сүйіспеншілігі мен тынымсыз еңбекқорлығы – кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге.

Мамыржан бүгінде Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде фотостудия және дизайн секторының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Жуырда осы университеттегі еңбегіне 10 жыл толуына байланысты оқу орнының ректоры, академик Тілектес Есполовтың ұйытқы болуымен Мамыржанның «Шынайы өнерде шегара жоқ» атты шығармашылық көрме-кеші өтті. Кездесуде фотосуретшінің университеттің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін фототуындыларының ерекшелігі, кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеттері, шығармашылық еңбек жолы туралы шағын бейнефильм көрсетілді.

Мамыржан Ботабеков 1966 жылы Талдықорған қаласы маңындағы Еркін ауылында туып-өскен. Бала кезден әкесінің ізін жалғап, әуесқойлықпен басталған бойындағы суретке түсіру өнері 1984 жылы Германияда әскери борышын атқарып жүрген кезінде ұшталып, арнайы «Фотография» курсын оқуға жетеледі. Әскерде жүріп қатысқан фотографтар байқауында «жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар» шығып, жүлделі орыннан көрінді. Әскери борышын өтегеннен кейін, сол елде арнайы тапсырмамен тағы да сегіз жыл қызмет етті. Сол кезеңде өзі секілді қарапайым қазақ баласының арасынан шығып, шетелдік фотоқұрылғыларды жетік меңгеріп, мықты неміс фотографтарымен иық тіресе жұмыс істеуі бір жағынан үлкен мақтаныш болса, екіншіден өте сирек кездесетін жағдай.

Неміс жерінде әскери қызметте жүріп, фотосурет өнеріндегі жинақтаған мол тәжірибесін елге келген соң жалғастырып, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде фотосуретші болып жұмыс істеді. Осы жылдары облыстық «Жетісу» газеті мен қалалық «Талдықорған» басылымдарында фотосуреттері жарияланып тұрды. Кейін Алматыға ауысып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы іргелі оқу орнының фотошежіресін жасауға атсалысты. Көрнекті қазақ қаламгері Баққожа Мұқай ағасының арнайы шақыруымен республикалық қоғамдық-саяси «Парасат» журналында 5 жыл фототілші болды. Одан кейінгі шығармашылық ізденісін «Бәйтерек» журналында, «Алматы ақшамы» газетінде сәтті жалғастырды. Осы кезеңдерде қалың жұртшылыққа, баспасөзді қалт жібермейтін талғампаз оқырман алдында ол жаны бар фотосуреттерімен кеңінен танылды. Мерзімді басылымдар мен альбом-кітаптарда «Суретті түсірген - Мамыржан Ботабеков» деген жазумен таңбаланған суреттер көптеп жариялана бастады.

Кәсіби фотограф ретінде бірнеше шығармашылық көрмелері де табыспен өтіп, лайықты бағасын алды. Өнер иесінің «Әлемді сұлулықпен сезіну», «Менің сүйікті университетім», «Туған жердің табиғаты», «Менің Қазақстаным», «Олжас өнегесі» тақырыптарындағы фотосурет көрмелері жұртшылық көңілінен шықты. Қазіргі кезде шәкірт тәрбиелеп, отандық аграрлық ғылым мен білімнің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кешегісі мен бүгінгі күні туралы түсірген суреттері 90 жылдық терең тарихы бар оқу орнының фотошежіресіне айналуда.

Кәсіби саладағы елеулі еңбегі және табысты қызметі үшін әр жылдары «Жылдың үздік фотографы» атты О.Сүлейменов атындағы диплом, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 70, ҚазҰАУ-дың 80 жылдығына орай «Құрмет» грамоталары, «Айрықша еңбегі үшін» медалі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне байланысты «Нұр Отан» париясының Алғыс хаты, ҚазҰАУ 85 жылдығына орай  «Аграрлық білім, ғылым және өндіріске қосқан үлесі үшін» медалімен, «ҚазҰАУ-85 жыл!» Алтын медалімен, ҚазҰАУ «Құрмет грамотасы» мен «Nur Otan» партиясы Медеу аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталған.

Фотосурет өнерінің қыр-сырын шебер меңгерген Мамыржан Жүнісқұлұлы әр кезде өз кәсібіне адал қарап, жүрекпен, сүйіспеншілікпен беріліп жұмыс атқарып келеді. Өмірдің үлкен мектебінен өтіп, талай әлемдік тұлғаларды да, бірнеше елдің Президенттері мен министрлерін, танымал адамдарын фотоға түсірді. Ерекше суреттерден тұратын архиві өте бай.

Бүгінгі күні өзі қызмет атқаратын университеттің барлық ғимараттары мен ғылыми орталықтарында ҚазҰАУ-дың ғылым-білім, халықаралық байланыстар, тәрбие және студенттер өмірін қамтыған Мамыржан Ботабековтің түсірген 500-ден астам фотосуреті қайталанбас сәттерден сыр шертіп тұр.

Еліміздің ақпарат кеңістігінде айқын қолтаңбасымен ерекшеленіп, шығармашылық еңбегін білім мен мәдениеттің игілігіне арнап жүрген әріптесіміздің еңбектері рухани естелік-мұраға айнала берсін!

Алмат ИСӘДІЛ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі