"MELODY KIDS": ЕЛБАСЫНЫҢ АЛДЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТКЕН ВОКАЛДЫ ТОП

Уақыты: 13.01.2020
Оқылды: 1567
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі заманның ата-аналары балаларын ән мен биге, спортқа, одан қалса дамыту курстарына беруге тырысады. «Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деп М.Әуезов айтпақшы, баланың шығармашылық жолға түсуі тәрбиенің негізгі құралы және баланы жан-жақты жетілдіру міндеттерін шешуде елеулі орын алады.

Талдықорған қаласында түрлі үйірме бар. Олардың көбісі Оқушылар сарайында шоғырланған. Мұнда тілдерді оқыту, ән, би, сауат ашу мен мектеп оқушыларына арналған дайындық сабақтары және басқа да көптеген шаралар ақылы және тегін түрде жыл бойы жүргізіледі.

Сондай үйірмелердің қатарында заманауи вокалдық топтардың алар орны ерекше. Бірақ ол жерге кез келген баланы қабылдай бермейді. Ән айтуға деген дарындылығы, естіген әуезін қайталауға мүмкіншілігі бар бүлдіршіндер ғана бұл топта білім ала алады.

Осыдан төрт жыл бұрын мектеп жасындағы балалардан құралған «Melody kids» атты вокалды тобын құрған Шынар Бейісбекова өнерлі балалардың қанат қағуына тынбай еңбек етіп келеді. Оқушылар сарайында сырнай дауысты әншінің қол астында бүгінгі күні бес бірдей топ бар. Олардың әрбірінде түрлі жастағы талантты бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда.

Қолымыз қалт еткенде Шынар Мейрамқызын әңгімеге тарттық. «Оқушылар сарайы ашылғанға дейін Достық үйінде бөлме жалдап, қосымша сабақтар өтіп жүрдім. 2015 жылы Оқушылар сарайының есігі ашылған кезде оның директоры Ләззат Есболатова маған сол жерде жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Мен келіскен соң, бірден жеке кабинет берді. Осындай зор мүмкіндік берген оған қарыздармын», - дейді ол.

Облыс көлеміндегі ірі шаралар «Melody kids» вокалды тобының әншілерінсіз өтпейді. Мысалы, өткен жылы облыс орталығына Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев келгенде жас әншілер оның алдында өнер көрсетті. Топ облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, үнемі жүлдемен оралып отырады.

Шынар Мейрамқызының айтуынша, шәкірттері алдағы уақытта халықаралық байқауларда да бақтарын сынап көргісі келеді. Маңызы зор байқауларға қатысуы, өнерлілердің сахна төрінде жарқырап жүруі қаражатқа тіреледі. Сондай кезде жанашыр азаматтардың қолдауы қажет-ақ. Бұл тараптан ата-аналар барын салады. Олар балаларына сахналық киім тігуге көмек көрсетеді. Ал ұстазы орындайтын әндеріне орай киімнің эскизін дайындап, тігіншілерге ұсынады. "Ең бастысы, тыңдармандар тарапынан рухани қолдау басым болса нұр үстіне нұр", - дейді тәлімгер.

Бесаспап болып үйренген Шынар ұстаз осы уақытқа дейін тәрбиеленушілеріне сахнада өз-өздерін ұстау, түрлі ситуациялық жағдайда қандай әрекет жасау керектігін үйретіп жүр. Тіптен репертуарларына сәйкес жарқын идеялар ойлап табуға күндіз-түні еңбек етеді. Ал жақында өзінің қасына Әлия Шанайхан есімді хореографты жұмысқа алып, ендігі кезекте балалардың дене бітіміне, сахнада еркін қозғалуына қарай жұмысты күшейтеуді басты нысанға алыпты.

"Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын" демекші, кішкентай өнерпаздарға облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы өзінің жоғары бағасын берген. Ал музыкаға деген сүйіспеншілік, баланың музыкаға жетік болу қабілеттері туа бітпейтінін, оны өсіріп, дамыту керектігін білетін Шынар Мейрамқызы кішкентай бүлдіршіндерді жан-жақты дамытуды қалайды. "Музыка жоқ жерде адам тірлігі жоқ" деген Ю.Фучектің сөзін ұстанған бұл топтың әлі биік белестерді бағындыратынына сенім мол.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА

Алматы облысы