"ЖАНДЫ ЕМДЕЙДІ": БОЛАШАҚ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ДОМБЫРА ҮЙРЕНІП ЖҮР

Уақыты: 27.01.2020
Оқылды: 1674
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өнер мен медицина – екі үлкен әлем. Осы екі әлемді ұштастыру дарындылық пен табандылықты талап етеді.

Олай дейтін себебім, мен еңбек етіп жүрген Талдықорған жоғары медициналық колледжінде болашақ орта буынды медицина мамандары өз оқуларымен қатар домбыра үйірмесіне де уақыт тауып, үйреніп, өнерлерін ортаға салуда. Көпшілікті таңғалдырған өнерлі білімгерлерден құрылған «Ақжайық» этно-фольклорлы ансамблінде 20-дан астам колледж білімгері өнер көрсетуде.

Колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Жансеңгіровтың қолдауымен үйірме білімгерлеріне аспаптар, ұлттық киімдер мен дайындық кабинеті берілген. Қоржынында 15-тен аса туындысы бар ансамбльдің құрамы жыл сайын дарынды да талантты білімгерлермен толықтырылып отырады.

Медицина – адамның денесін емдесе, музыка – жан дүниенің емі екені даусыз. Білімге құштар білімгерлердің де жеткен жетістіктері аз емес. Облыстық, қалалық байқауларда топ жарып жүрсе, республикалық іс-шараларда өнер көрсетіп, өздерінің жан-жақты екенін дәлелдеп жүр. Мен барлық білімгерлерімді мақтан тұтамын және өзім жетекшілік ететін үйірменің шығар белестері көп екеніне сенімім мол.

Шынар МЫРЗАБЕКОВА,

Талдықорған жоғары медициналық колледжі домбыра үйірмесінің жетекшісі

Сурет ғаламтордан алынды