ПРОФЕССОР: "ІЛИЯСТЫҢ ҰСТАЗДЫҚ ҚЫРЫ АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН"

Уақыты: 31.01.2020
Оқылды: 2486
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың біртуар дарынды ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, жан-жақты журналист – Ілияс Жансүгіровтің ағартушылық еңбегі мен педагогикалық идеялары туралы да кеңейте айтуымыз керек. Осы орайда мен де біраз ізденіп, Ілияс Жансүгіровтің педагогика саласындағы қырын зерделеп, "Ағарту менің майданым" атты топтама дайындап, жарыққа шығардым.

Ол халықты өнер-білімге тартуды армандап, еңбек жолын ауыл балаларын оқытудан бастаған. Ілекең халқының ұлттық мәдени-әдеби асыл-маржанын теріп, іріктеп, қорытып, соны бала тілімен ұрпаққа ұсына білген жан. Ағартушы ұстаздың педагогикалық көз­қарасы, ағартушылық қыз­­меті жайлы зерттеулері ар­­найы көңіл бөліп, тұтастай бір бағыт ретінде қарастыруды талап етеді.

Осыдан 26 жыл бұ­рын, яғни, 1994 жылы Тал­дықорған қаласында І.Жан­сүгіровтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми конференция өтіп, республиканың газет-журналдары ақын жайлы жарыса естеліктер жазды. Өкі­нішке қарай, бүкіл мақала Ілекеңнің тек қана ақындық, жазушылық, журналис­­тік өнерінің төңірегінде ғана болды. Ұстаздық-ағартушылық еңбегі, тәр­биелік көзқарасы жайлы бірлі-жарым мақалалар болма­са, тақырып толық ашылмай қал­ды.

Сол кезде «Ана тілі» газетінде Бақыт Сарбалаұлының «Алты Алаштың ардағы» айдарымен «Ілияс» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақалада: «Ол – қазақ жырының Құлагері. Ол – парасатты прозашы. Ол – жалынды баспасөзші – жорналшы. Ол – сындарлы сықақшы. Ол – білікті әдебиет сыншысы. Ол – талғампаз тәржімеші. Ол – тегеурінді драмашы» деген екен. Мен ол сөзді қолдап, қуаттап отырып, «Ол – ағартушы-ұстаз» деген сөзді қосуды ұсынған едім.

Мысалы, Ілияс Жансүгіров «Оқимын» деген өлеңінде:

Жас мұраты – білім, тәлім талабы,
Таудай болса оңалуға алабы.
Жас қанжары – жүректегі жігері,
Өнер, оқу – жастың қару-жарағы,
– деп оқу-білімнің қадірін түсіндіреді.

Ұлы парасат иесі Ілияс Жансүгіров 1920 жылы ауылдан білім іздеп Алматыға, одан кейін Ташкент қаласына аттанып, сондағы Қырғыз Халық ағарту институтының бір жылдық арнайы курсына қабылданады. Аталған курсты та­мам­даған соң туған ауылындағы мектепте 1922 жылдың соңына дейін қызмет атқарады. 1923 жылы Алматыға келіп, «Тілші» газеті редакциясына қызметке тұрып, бұл жұмысты Қосшы одағы облыстық комитеті ұйымымен Қазақ Халық ағарту институтындағы қызметтерімен ұштастыра жүргізеді. Басында оқытушы, кейіннен Халық ағарту институтының директоры және газеттің әдеби қызметкері міндеттерін атқарып, 1925 жылы өңірдің атқару комитетінің мүшелігіне сайланып, Жетісу Губерниялық халық ағарту бөлімінде меңгерушілік қызмет атқарады.

Бұл дерек Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіровтің әдеби мұражайы қорында сақтаулы екенін айта кетуіміз керек. Мұражай қорында Ілекеңнің өмірінің осы бір кезеңіндегі атқарған оқытушылық және халық ағарту институтындағы директорлық қызметін растайтын құжат-анықтама сақтаулы.

Ұстаздың бала оқытуға, білімге құлшындыруда еңбегі ерен. Ол жайында замандастарының айтқанын да келтіре кетейін. Жерлесі Құсайын Шөкенов «Біздің Ілияс» атты естелік кітап жазған еді. Онда: «Қарағаштағы мектепті тамамдағаннан кейін Ілияс 1915-1919 жылдары ел арасында белгілі мектеп болмаса да, өз ынтасымен киіз үй, көшеде қона жүріп, бала оқытты. Текке жүруді өзіне мін көретін. Жаңа өмірге жету үшін білім, мәдениет, еңбек қажет екенін сезініп, дүниетанымын кеңейте бастаған кезі осы еді.

Ташкенттегі оқытушылар даярлайтын курсты аяқтап келген соң Ілияс оқытушылық қызметімен қоса қоғам жұмысына шындап араласты. Сол кезде ол «Жемір болыс» атты пьесасын жазып, аяқтаған. «Өзінің туып- өскен мекені, Ойтоған мектебінде жұмыс істеуі Ілияс өміріндегі елеулі кезең. Күн сайын ересектерге сабақ оқытып, Қосшы ұйымының еңбек жөніндегі істеріне көмектесетін. Ілиястың бұл мектепте сабақ берген кезі – 1920-1922 жылдар», – дейді.

Бұдан түйіндейтініміз, Ілияс Жансүгіровтің алғашқы кәсібі – мұғалімдік. Ол Қазақ ағарту институтының оқытушысы, институт басшысы, Жетісу губерниялық атқару комитетінің білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Жұман Қабдолданов деген ағамыз Ілияс ақынның көзін көрген. Ол естелігінде: «Жаңа өмірге жету үшін оқу керек, білім, мәдениет, еңбек қажет», – дейтін еді Ілияс аға. Сол мақсатпен мен Қапал педагогика училищесіне оқуға түстім. «Мұғалім – жақсы мамандық, келешегі, болашағы зор, осы училищені бітірсең, ауылдағы балаларды білімге, өнерге баулисың», – деп ақыл-кеңесін беріп еді», – дейді естелігінде.

Жазушы Мәскеуде жур­­на­листика институтында оқып жүріп, бұрынғы жиып-терген халық мұрасынан «Өтірік» атты жинақ шығарады. Ілияс Жансүгіровті қазақтың де­мо­­крат-ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың өмір жолын жалғастырушы деп тану қажет. Ілекең 1930 жылы Қызылорда қаласында «Балалар кітабы» деген сериямен «Жұмбақтар» ат­ты жинақты шығарады. Оның туындыларында ағартушылық, педа­гогикалық идеялармен қоса білім мен тәрбие мәселелері кеңінен көрініс тапқан.

Ілияс - тек көркемсөз шебері ғана емес, бала бойындағы психологиялық процестерді, олардың жеке-типологиялық қасиеттерін жете түсіну негізінде дүниетанымын қалыптастырудың жолын таба білген парасатты педагог. 

Қорыта айтсақ, сырлы сөзі, жалынды жырымен жастарды білімге құштарландырып, бесік жырын ерекше жазып, әнді бөбекше бөлеген ақын.

Ілияс Жансүгіровтің әде­­­би туындылары арқылы сан ұрпақ парасаттылық, еңбекқорлыққа тәрбиеленіп, өсіп-жетілді. Оның шығармалары талғамды қалыптастыруға және танымдық, тәрбиелік, дамытушылық қызмет атқарып келеді. Ақынның бала тәрбиесіне арналған шығарма­ларын мек­­теп бағдарламасына жан-жақты енгізіп, педа­гогикалық ұстанымын ұрпақ тәрбиесінде қолдану қажет.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі,

заң ғылымының магистрі,

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің Құрметті профессоры