"КІР КЕЛТІРМЕҢІЗДЕР": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАСТАР ӘДЕБІ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1424
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, қоғам қайраткері, журналист, ақын, «Ай-Зере», «Жалғыз жүрек, сан сауал» жыр жинақтарының авторы Жұматай Оспанұлымен кездесу өтті. «Әдепсіз өскен баладан тәртіппен өскен тал артық» тақырыбындағы облыс жастарымен ұйымдастырылған кездесуде тәлім-тәрбие жайлы өнегелі әңгіме өрбіді.

Кездесудің басты мақсаты - жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың бойындағы отаншылдық сезімін арттыру, тәрбие негізінің отбасы екенін түсіндіру. Сондай-ақ, шарада ата-ананы және ұстазды сыйлаудың маңызын ұғындыру, жастар арасында өзара сыйластық қарым-қатынастарының адам өміріндегі мәнін, бірлесіп әрекет ету, өзара көмекке және ізгілікке ұмтылу таным-түсініктерін кеңейту бағыттарын қамтылды.

Белгілі журналист қыз баланың тәрбиесі мен адам құндылығы жайында әңгіме өрбітіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

– Үлкендер: «Ең оңай нәрсе ақыл айту, ең ауыры - сол ақылды қабылдау», - деп айтады. Сондықтан, мен мына жас достарыма, қарындастарыма ақыл айтайын деп келіп отырған жоқпын. Өзімнің көргенімді, көңілге түйгенімді сіздермен бөліссем деп келдім. Айналаға қарайық, көктем келді. Аз уақытта бүр жарып, әдемі талдар қаланы ажарландыра бастайды. Сонда қарап отырып тәртіппен өскен талға қызығасың. Сіздер де сол тал сияқтысыздар. Мен де сіздердің мына қоғамда әдемі, әдепті жүргендеріңізді қалаймын. Біз сөз қадірін өз қадірінен биік қойған елдің ұрпағымыз, – дей келе, Қалқаман Сариннің «Әдеп» өлеңін оқып, жастарға терең ой салды.

Өзінің өмірден көрген-түйгендерін тарқатып, бабадан қалған нақыл сөздермен көпшілікті ұйытқан кеш кейіпкері бала тәрбиесімен құрсақта жатқан кезден шұғылдану керектігін баса айтты.

– Қадірлі жас достар, адам болып қалыптасудың алғашқы баспалдағы - әдеп. Абай атамыз адамның жақсы болуы жақсы әке, жақсы шешеге, жақсы орта, жақсы құрбыға, жақсы ұстазға байланысты екенін айтады. Егер әке-шеше жақсы болса, қолына алған сәтінен бастап емес, сонау құрсағында жатқан кезінен баласының тәрбиесіне мән береді. Әдептің ең алғашқы дәні ананың құрсағында егіледі. Әдеп ең әуелі қыздарымыздың бойында болғанын қалаймын. Өйткені, сіздің бойыңыздағы дүние құрсағыңыздағы ұл-қызға дариды. «Қызым үйде, қылығы түзде», – дейді атамыз қазақ. Қызым оқып жатыр, болашақта қазақтың бір кәдесіне жарайтын, осы елдің бір көшін бастайтын аяулы жан болады деп сеніп отырғанда сіз сыртта жүріп ойыңызға келгенін жасап, от басып қалсаңыз, әке-шешеңіздің кірмегені қара жер болады. "Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса жердің асты жақсы" дейді ел даналығы. Сондықтан, от баспауларыңызға тілекшімін. Ал сіздерді осының барлығынан сақтап тұратын, жақсы өмірге баптап тұратын нәрсе бүгінгі тақырыбымызда айтылып отырған әдеп мәселесі. Сол әдептеріңізді, бойларыңыздағы қасиеттеріңізді сақтап, жақсы әке-шеше, жақсы ұстаз, жақсы ортаның атына кір келтірмеңіздер, - деді Жұматай Оспанұлы.

Жастарды әдепті, арлы болуға шақырған кездесуде қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Шараға келген жастар көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды. Ой бөлісіп, пікір алмасты.

Жиналғандар ғибрат пен өнегеге толы, рухани азық алатын әсерлі кездесуді ұйымдастырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне, шараның басты кейіпкері Жұматай Оспанұлына ризашылығын білдірді.

Ақмарал АСХАТҚЫЗЫ

Алматы облысы