Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ХАБАРСЫЗ КЕТТІ ДЕМЕҢДЕР": СОҒЫСТА ЖАЗЫЛҒАН СОҢҒЫ ХАТ

Уақыты: 29.03.2020
Оқылды: 571
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Жеңіс күнін атап өтуге үлкен мән беремін", - деген сөзінде әділдіктің, сабақтастықтың, өрлеудің рухы бар. Екінші дүниежүзілік соғыс зардабы тимеген қазақ отбасы кемде-кем шығар?! Әуелден аруақ сыйлап, Отан үшін құрбан болған шейіттерді еске алу, көзі тірі майдангерлерді, тіпті тыл ардагерлерін яки жеңіске септігін тигізгендерді ардақтау нағыз әділеттік болар еді. Қазіргі таңда Отан соғысын мойындағысы келмейтіндер, "Бұл соғыстың біздің халқымызға қажеті шамалы, соғыс біздің жерде емес, жат жерде болды", – деп өзеурейтін сыңарезулер пайда бола бастаған мына уақытта болашақ ұрпағы үшін, солардың азат та бақытты өмір сүруі үшін жанын пида еткен аталарымыз бен әкелеріміздің аруақтарын ардақтап, ерліктерін еске алу біздің мәңгілік борышымыз болып қала бермек.

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ТОПАНОВ

Ал, енді хабар-ошарсыз кеткен боздақтар қаншама? Ұрпақ сүю бақыты бұйырмай, қыршынынан қиылған қандастардың санын дәл анықтаған маман жоқ. Өйткені, бұл Еуропа мен Ресей арасында әлі "басы дауда жүрген" КСРО соғыс шығыны (адам саны) кей деректерде 26 миллионнан 40 миллионға дейін құбылтып көрсетіледі. Сондықтан, сүйегі "бауырластар зираты" мен майдан даласында қалған солдаттардың санын тек әскери комиссиариат қана біледі деу объективті шындыққа сәйкес келмейді. Әлгі шығын тек әскерилерді ғана қамтыса керек. Осы ретте кейінгі заманда ғана жұрнағы табылған майдангерлер туралы хабарға ел де, әлем де елеңдеп отырады. Соғыс болған жерлерде қалған атасының сүйегін іздеп тауып, топырақ салып қайтқан ағайынның көңілдері аздап жайланғандай болса да әжесі, ағайыны, әке-шешесі бастан кешірген мың азабын ұмыта ала ма?

Мұндай жағдай біздің ауданның әрбір отбасының басынан да айналып өткен жоқ. Он сегізінде етігімен от кешіп, туған жердің топырағы бұйырмай кеткен қыршындар қаншама? Солардың бірі араға сексен жыл салып барып, өткен жылы ғана дерегі шыққан жерлес жауынгер, хабарсыз кеткен есіл ер Садықбай Топанов. Садықбай кім еді?

БОЯУЛЫНЫҢ БОЗДАҒЫ

Расында қан майданға қылшылдаған кезінде кіріп, қыршынынан қиылған Садықбай Топанов кім еді? өткен жылдың жайма-шуақ жаз күндерінің бірінде сонау Ресейдің қиыр түкпіріндегі орман арасынан табылған, соғыста шейіт болған сарбаздардың аты-жөндері әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Сол боздақтардың арасында Топанов Соғдыбай деген есімнің біздің ауданның халқына жылы ұшырай көрінгені де жасырын емес. Оған себеп Топанов Соғдыбай дегеннің тұсында "Қазақ ССР-і, Алматы облысы, Балқаш ауданы, 10-ауылдық советі» деген анықтауыш жазулары еді. Бұдан бөлек Топановтың қай жылы туып, қай жылы шейіт болғаны қоса жазылған.

Жер-жерді шарлап кеткен бұл сарбаздың аты-жөні Бақанас ауылында тұратын, ұзақ жыл Балқаш аудандық ауруханасы гинекология бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы еңбек еткен, бұл күнде құрметті еңбек демалысындағы жоғары білікті гинеколог дәрігер Ғайныш Нүсіпованың да көзіне түседі. Таныс фамилия, таныс есім. Анасының өле-өлгенше жоқтап, іздеп кеткен немере бауыры Топанов Садықбайға келетін секілді. "Соғысқа кетіп, қайта оралмаған бауырым бар еді" деп отырушы еді. Бірақ көңілді күпті ететіні, ол кісінің фамилиясы Топанов болғанымен аты Соғдыбай емес, Садықбай сияқты еді. Не де болса мамамның бауыры осы кісі болар деп Ғайныш Нүсіпқызы іске шындап кірісіп, анықтай келе Топановтың нақ анасының бауыры екендігіне көз жеткізеді. Құжат толтырған кезде атын дұрыс жазбаған. Бар кінәрат сонда екен.

Ал, енді Садықбай Топанов 1920 жылы дүниеге келеді. Балалық шағы мен бозбала шағы өзі туып-өскен Бояулы жерінде өтеді. Ол кезде бүгінгі Бояулы елді мекені В. Молотов атындағы колхоз екен. 10-ауылдық кеңеске қарайды. Орталығы Ақкөл ауылы. Садықбай болса осы жерде бастауыш мектептен сауатын ашып, кейін жетіжылдық білім алады. Ержете бастаған кезінен еңбекке араласып, колхоздың жұмысына қолғабыс етіп жүреді. өзі бір үйдің жалғызы. Қанаты қатайып, енді-енді белі бекіп келе жатқан кезде сол кездегі заң бойынша он сегізге тола салысымен азаматтық борышын өтеу үшін әскерге алынады. Ол кезде әскерде қызмет ету мерзімі үш жыл. Ауылдан кәмелетке толғанша ұзап көрмеген Садықбай 1938 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, Забайкал өлкесінен бір-ақ шығады. Забайкал Әскери округінің орталығы Чита қаласында қызыләскер болып мерзімді әскери қызметін атқарып жатады.

1941 жылы күзге салым елге қайтамыз деп жүрген Садықбайдың ой-арманын тұтқиылдан бұрқ ете түскен соғыс тас-талқан етеді. Әскери міндетімді абыроймен бітіріп, елге аман-есен оралсам, ағайын-туыс ортасында бейбіт өмір сүріп, адал еңбек етсем деген мақсатының күлі көкке ұшады. Чита қаласында тұрған бұлардың әскери бөліміндегі барлық жауынгерлерді бір күнде эшелонға тиейді де батысқа, сол кезде жау анталап келіп қалған Москва қаласының түбіндегі кескілескен шайқасқа әкеп төгеді. Бұларды сол кезде Алматыда жасақталып, Москваны жаудан қорғауда жан алысып, жан берісіп жатқан генерал И. Панфилов басқаратын 316 атқыштар дивизиясының құрамына қосып жібереді. Бұл дивизия 37 бригадаға қарайтын. Ал, 37 бригаданың денін Забайкальеден келген жауынгерлер құрайтын. Осылайша қан майданға Москва түбінде кіріскен Садықбай соғыса жүріп, Ленинград майданына да жетеді. Ол Ленинградтың жау қоршауында қалып, нағыз қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіп жатқан кезі. Күші басым жауға қарсы соғыста Садықбайдың майдандастары да ерен ерлікпен шайқасады. Екеуара бір винтовка болса да жауға өліспей беріспейді.

Майдандағы жағдай күннен күнге ауырлай бастайды. Әсіресе Ленинградты жедел ала алмаған фашистер өте ызалы еді. Ызалы жау Ленинградтың түбіндегі қалың орман ішінде жатқан бұларды күндіз-түні бомбалап, снярадтың астына алады. Қанша бомбаласа да, жан-жақтан снаряд жаудырса да міз бақпай, берілмей тұрған Ленинградты біржола құртайын деді ме, неміс фашистері 1942 жылдың 24 ақпаны күні Садықбайлар қорғанып жатқан Волхов майданының күнбатыс жағынан таң ата әуеден де, жерден де жаппай шабуылға шығады. Бұл қанды шайқас тарихқа Торопецко-Холмская операциясы деген атпен енеді.

Алдыменен әуеден сансыз әскери ұшақтар бомба жаудырады. Одан кейін артиллериядан соққы беріледі де дереу қара құмырсқадай қаптаған танктердің тасасында жаяу әскері шабуылға шығады. Осы қанды қасапта кеңес әскерлерінен отыз мыңнан астам адам опат болады. Садықбайлар паналап жатқан шұңқырға түскен бомба жарықшақтары шұңқырды көміп тастайды. Оның үстінен жау танкісі жүріп өтеді. Кейін іздестіру тобының мүшелері әлгі шұңқырды қазып қарағанда кеңестік сегіз жауынгердің мүрдесі шығады. Солардың бірі бояулылық Садықбай Топанов екен.

Осылайша есіл ер сұм соғыстың кесірінен алыстағы орыс орманы ішінде, Орехова деревнясының түбінде небәрі жиырма екі жасында опат болады. Үйленіп, бас құрап та үлгермеген, артында ұрпақ қалмай, ата-анасының, ағайын-туыс, бауырдың ақ дидарын бір көрмей қыршынынан қиылып түседі. Осылайша ойраны шыққан майдан даласында опат болғандар хабарсыз кеткендер қатарына жатқызылған екен. Кейін табылған сүйектерді іздестіру тобының мүшелері Холм қаласынан жеті-сегіз шақырымдай жердегі Первомайск деревнясындағы бауырластар зиратына қайта жерлейді.

Ғайныш Нүсіпқызы "Садықбайдан келген соңғы хат сол Ленинград майданынан жазылса керек. "Қадірлі апа, осы хатымды сіздерге бір ағашты паналап жазып отырмын. Жаудың оғы қарша борап тұр. Еңсемізді көтертпейді. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, хабарсыз кетті демеңдер. Мен қашанда өздеріңмен біргемін" деп жазған екен. Мамам бауырының сол хатын мойнына таққан тұмардай қылып сақтап жүретін. Расында бауырының хабарсыз кетті демеңдер дегені шындыққа айналды ғой», – деген еді.

ТАҒЗЫМ

Мақаламыздың басында атап өткендей, Садықбай Топановтың дерегі шыққаннан-ақ Ғайныш Нүсіпқызында дегбір қалмады. Оған себеп ана аманаты еді. Анасы еңбек, тыл ардагері Қания Жақтыбекова бауыры Садықбайды қашан көзі жұмылғанша аузынан тастаған жоқ. Бауырын өмірбақи іздеді, күтті десе де болады.

Ғайныш Нүсіпқызының әңгімесін толықтай келтіре кетсек. «Мамам бір әкеден үш ағайынды еді. Ал, Садықбай аға мамамның немере бауыры болып келеді. Маманың әкесі Жақтыбек болса, Жақтыбектің әкесі Тұрлыбай. Тұрлыбайдың Торғай, Топан деген екі бауыры болады. Садықбай Тұрлыбайдың туған інісі Топанның жалғыз ұлы. Садықбай аға сонда мамамның ең жақын бауыры болып отыр ғой. Соғыстан хабарсыз кеткен бауырынан бір хабар болып қала ма деп жастау кезінде аудандық әскери комиссариаттың да есігін сан мәрте тоздырғанының куәсі болғанбыз. Арада қаншама жылдар өтсе де, ұмыта алмады. Біз бала болдық, жас болдық, онша-мұнша түсіне бермедік. Кейінірек өзінің әлі кете бастағанда бауырының бір дерегін іздеп табуды маған аманаттап кетіп еді. "Аманатқа қиянат жүрмейді" деген емес пе? Аманат жүгі ауыр екен. Менің де жүрегімнің бір түкпірінде жүретін. Содан былтыр қыркүйек айында әлеуметтік желілердің бірінен Ленинград облысы, Холм қаласының түбіндегі Первомайск деревнясындағы бауырластар зиратында жатқан бір жарым мың адамның тізімін көріп қалдым. Сол тізімнің ішінен Садықбай ағаның қай жерде жерленгені туралы деректі көргенде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай қуанғаным рас. Маманың арманы көзі тірісінде орындалмаса да сол қыршын кеткен бауырының басына біз, соңында қалған ұрпағы топырақ салатын болдық қой деп көзіме жас алдым. Содан бұл істі көпке созбайық деп, бауырым Азамат Нүсіпов екеуміз жолға дайындала бастадық. Мәселені аяқасты шешіп тастайтын мына тұрған жер емес. Сонау қияндағы Санкт-Петербург қаласына бару керек. Ағамыздың жерленген жері көрсетілген дерек бойынша Ресейдің солтүстік астанасынан 400 шақырымдай жерде екен. Оңай шаруа емес. Бірақ тәуекелге бел буып, әр шұңқырда көміліп қалған советтік жауынгерлердің сүйегін тауып, асқан қажырлылықпен анықтап, бұрынғы Кеңес одағының аумағындағы барлық мемлекеттерге хабар жіберіп, жанкештілік танытып жүрген іздеуші топтың жетекшілерімен хабарласып, қалай баратынымызды, кімге баратынымызды анықтадық. Топ жетекшісі Михаил Бринев деген көсегең көгергір бір жайсаң жігіт екен. Соның айтуымен өткен жылдың қараша айының басында Санкт-Петербургке ұшаққа билет алдық. Соның алдында ағаның кіндік қаны тамған жері Бояулыдан арнайы ыдысқа топырақ салып алдық. Бізді Санкт-Петербург қаласында іздестіру тобының жетекшісі Михаил Бриневтің өзі күтіп алып, арнайы машинамен алып жүрді".

Бұл, жоғарыда айтып өткеніміздей, сол естен кетпес күндер туралы Ғайныш Нүсіпқызының естелігі. Бұлар Ленинград орманына бауырларының басына тағзым етуге келген кез күздің нағыз қарасуық кезі болатұғын. Кімде-кім өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Шәкен Айманов түсірген «Атамекен» киносын көрсе естерінде болар, атасы (ҚазақССР-нің Халық артисі Елубай өмірзақов) мен немересі Баян екеуінің соғыста шейіт болып, сүйегі Ресей орманының ішінде қалған баласы мен әкесін іздеп шығатыны бар емес пе?

Бұлардың да сапары сол ата мен баланың сапары тәрізді. Тек бір айырмашылығы, олар пойызбен, бұлар ұшақпен, машинамен. Міне, күздің сол бір суық күндері Михаил Бринев бұларды Санкт-Петербургтен 400 шақырым жердегі Холм қаласына алып келеді. Сол жерде жақсылап демалтып, Холм қаласынан сегіз шақырым жердегі Первомайск деревнясындағы бауырластар зиратына апарады. Атшаптырым аумақты алып жатқан бауырластар зираты кешегі күркіреп өткен соғыстың белгісіндей болып, қыршын кеткен боздақтардың бейнесін көз алдыңа елестеткендей. Үлкен етіп жасалған ескерткіш белгідегі жазылған тізімдер ішінен бауырларының аты-жөнін көріп, өздерімен бірге әкелген туған жердің топырағын бауыры жатқан жерге төсейді. Ғайныш Нүсіпқызы Азамат екеуі қазақстандық жерлестері атынан азагүл жасатып, оған «Павшим героям за свободу Родины. От благодарных жителей Казахстана» деп жазғызып, әкелген азагүлдерін қояды. Азамат аруаққа арнап Құран бағыштайды.

Сөйтіп, ана аманатын осылайша орындап, Ғайныш Нүсіпқызы шейіт кеткен бауыры мен ана алдындағы парызын өтеп қайтады.

МАЙДАНҒА КӨМЕК

Соғыс жылдарында жауға тойтарыс беруге үлесін қосуды өзіне зор бақыт санаған Қания Жақтыбекова анамыз туралы да айта кеткен жөн деп білеміз.

Майданға кетіп, қайта оралмаған немере бауыры Садықбай Топановты қашан көзі жұмылғанша жадынан шығармаған Қания Жақтыбекқызы Бақанас ауылындағы мектептен 8-сыныпты бітірген соң ер-азаматтардың орнын басады. Еңбек жолын өзі туып-өскен Бояулыдағы В. Молотов атындағы колхозында есепші болып бастайды.

Ауылда үй аралатып азаматынан айырылғаны туралы «қарақағаз» алған жетім-жесірлер таңның атысынан күннің батысына дейн колхоз жұмысында жүреді. Еті тірі қыз «Молотов» ұжымшарында ферма меңгерушісі қызметін ұршықтай үйіріп алып кетеді. Фермадағы 1100 сиырды бағып-қағу, уақытылы жемшөбін әзірлеу, сүт өнімдерін даярлаудың бәрі өз мойындарында. Жеке істері, үй шаруашылығының тірлігі жұмысқа есептелмейтін сол кезеңде таңның атысынан күннің батысына дейін колхоз жұмысына жегілу қалыпты тірлік болатын. Соғыс өрті өршіп тұрған кезеңде мемлекетке май тапсыру, сүт өткізу жоспарын орындап, ферма еңбеккерлері сыйлыққа ие болады. Басына түскен қиындыққа көнбістікпен қараған әйелдердің ортасында өз анасы Рысбала Тұрлыбаева да бар еді. Он үш құрсақ көтеріп, оның үшеуінен аштықта айрылып, екеуін науқас құрсауынан құтқара алмай, қосағын да қара жер жұтып, жапа шеккен анасы сұрапыл жылдары сауыншы болды.

Екеуіне сыйлық ретінде бірнеше бас бұзаулы сиыр беріледі. Соларды сатып, содан түскен 60 мың сомды майданға аудартып, жеңіс жолына арнайды.

Соғыстан кейін Қания анамыз бұғалтыр курсын бітіріп Бақанаста ондатр шаруашылығы кәсіпорнында қызмет істеді. Қанына сіңген дағды – қарап отыруды жаратпайды. Сол мінезінен болар, қырық жылға жуық отасқан өмірлік жары Нүсіп Жетібаевтың өз отбасын асырауға шамасы жететінін білсе де үйде отырып қалмай, қандай да бір кәсіптің басын ұстап жүрді. Анамыз қоғамға қосқан үлесінен өзіне ләззат таба білетін.

Қания Жақтыбекованың еңбегі бейбіт жылдары өзінің лайықты бағасын алды. «1941–1945 ұлы Отан соғысы жылдарындағы екпінді еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы, 50 жылдығы, 70 жылдығы» мерекелік медалдарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Құдай қосқан қосағы Нүсіп ата екеуі ұлға бергісіз Ғайныштай қыз тәрбиелеп өсірді. Күйеубаласы – өзінің іскерлігімен ауданның Әлиеві атанған қолы шипалы дәрігер, хирург Ілияс Ғаджыұлы екеуінен бірнеше немере, шөбере сүйіп, бақуатты ғұмыр кешті.

Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі