ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ ҚАУІПТІ ІНДЕТТІ ЖЕҢІП ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫН АЙТТЫ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 966
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күллі әлемді дүрбелеңге салған індет Алаш даласын да сергелдеңге түсірді. Елде төтенше жағдай орнап, сақтық шарасы қолға алынды.

Қазақ даласынан небір нәубет өтті ғой. Тарих бетін парақтайтын болсақ, халықтың басынан өткерген ауыртпалық көп. Сонау отарлау саясаты, аштық, репресия, соғыс жылдары. Міне, осының бәрін біз ауызбірлік пен сабырлық, келген қиындыққа парасаттылық пен шыдамдылық танытудың арқасында қарсы тұрып, жеңіп шықтық.

Сол қиын күндер артта қалды. Барлық салада алда болып, ел Тәуелсіздігін алды. Ал сол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да бізге оңай соқпағаны белгілі. Ел азаматтары екі қолға бір күрек таппай қиналған кезде, атқа қонған азаматтар елді тығырықтан алып шықты. Оған халық ере білді. Бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, бірлесе білдік.

Олай болса, бүгінде біз сол бірлігімізден тайқымауымыз керек. Ешкімге де оңайға соғып жатқан жоқ. Елге індет келді деп, байбаламға салынып, сабырсыздық танытпайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі – қазақ халқын қиындықтан алып шығудың нақты қадамдары. Аталған заңдылықтарды орындап, індеттің одан ары өршіп кетпеуіне біз әрекет етуіміз керек. Ол үшін төтенше жағдайдың тәртібі бойынша неғұрлым үйден шықпаған абзал. Санитарлық тазалыққа баса мән беріп, дәргерлердің айтып жатқан кеңесіне құлақ асуымыз қажет.

Бұл уақытша ауыртпашылық екеніне мен сенемін. Қазір байқасаңыз, ақпараттың барлық түрінен «Біз біргеміз!» деген үндеу айтылып та, көрсетіліп те жатыр. Сол айтқандай, біз біргеміз! Бірліктің арқасында біз бұл қиындықты жеңіп шығамыз.

Мемлекет тек індеттің алдын алу, көзін жоюмен ғана айналысып жатқан жоқ. Ел экономикасының құлдырап кетпеуін де қатаң бақылап, тиісті шараларды атқарып жатыр. Ұлттық қордан қомақты қаржы бөліп, шағын және орта бизнесті дамытуда, ауылшаруашылығын одан ары жандандыруға белсене кірісті. Қазір өздеріңіз байқасаңыздар, көптеген мекемелер жұмысын уақытша тоқтатқанымен ауылшаруашылығының жұмысы жалғасып жатыр. Шағын бизнес ашамын деген әрбір қазақстандық азаматқа қолдау білдіріп, несие беруде. Салық төлеу жүйесіне де өзгеріс еніп, төтенше жағдайға байланысты шектеулер қолдануда. Несиенің де өзіндік шарттары белгіленіп, кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылды.

Міне, мұның барлығы осы қиындықтың алдын алу және одан шығудың төте жолы. Өздеріңіз білесіздер, әлемде індетпен қатар дағдарыс жайлап келеді. Дағдарыс Қазақстан Республикасына да салқынын тигізіп отыр. Әлемнің көптеген елі шегарасын жауып, тауар айналымына, экспорт мәселесіне өз кедергісін тигізуде. Осының бір кедергісі инвестиция тартуға да салқыны тиді. Сондықтан, Мемлекет басшысы, министрлік бірлесе отырып, шұғыл түрде жаңа жобалар әзірленіп, іске қосылды. Бұл міндетті түрде өз жемісін береді. Ол үшін бизнесте жүрген әрбір азамат Мемлекет басшысы айтып отырған жобалардың, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына, оның одан ары қарқын алуына оң ықпал етуіміз керек.

Бұл ретте біздің Алматы облысы да кенже қалып жатқан жоқ. Облыс әкімі Амандық Баталов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жандандыруды тапсырған болатын. Бұған белсене кіріскен азаматтар бар. Бағдарламаның іске асуынан халыққа жұмыс табылып, қазынаға қаражат толады. Елдің еңсесі биіктейді. Сондықтан, ағайын, барлығына да оң көзбен қарап, түйінделген шідерді үзіп шығатын ауызбірлік керек.

Ардагер спортшы ретінде айтарым көп. Биыл күллі әлем күткен төрт жылдықтың басты додасы – Токио Олимпиадасының жылы болатын. Өздеріңіз білесіздер, ол кейінге шегерілді. Одан бөлек, құрлықтық бәсеке мен елшілік доданың барлығы тоқтады. Көптеген елдің спортшылары Олимпиадаға жолдаманы толық алып үлгермеді. Оның ішінде, Қазақстан Республикасы да бар. Бұл індет барлық саланы тоқтатты. Жарысты тоқтатқанымен, жаттығуды тоқтатпауымыз қажет. Барша қазақстандық спортшыларға айтарым, үй жағдайында сақтық шарасымен қатар спорттық жаттығуды қолға алуымыз міндетті. Әрине, оңай емес. Толыққанды жаттыға алмайтынымыз анық. Дегенмен де, біз тығырықтан шығудың жолын қарастырып, салауатты өмір салтын бәсеңдетіп алмағанымыз жөн.

Ал ең басты айтарым, Қазақстан халқына, сонымен қатар, облыс тұрғындарына, сабырлық танытып, ауызбірлікті нығайтайық. Мемлекеттің белгілеген тәртібін қатаң орындап, ұлт денсаулығын ойлайық. Біз тәртіпке бағыну арқылы бұл індетті жоямыз!

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

ҚР Еңбек ері, Алматы облыстық мәслихат депутаты

Сурет ғаламтордан алынды