"АҚ НЕКЕ": АНТОН ЧЕХОВТІҢ ТАҒЫ БІР ӘҢГІМЕСІ ҚАЗАҚШАҒА АУДАРЫЛДЫ

Уақыты: 20.04.2020
Оқылды: 1187
Бөлім: РУХАНИЯТ

Пунш ішіліп болғанда әке-шешеміз өзара күбірлесіп, бізді жеке қалдырды.
– Кіріс! – деп сыбырлады әкем кетіп бара жатып. – Барыңды сал!
– Бірақ оған ғашықтығымды айтудың не керегі бар, – деп күбірледім. – Онсыз да оны сүйемін ғой?!
– Оны қайтесің... Сен, ақымақ, ештеңе түсінбепсің...

Осылай деген әкем мені зәрлі көзқарасымен түйіп өтіп, шатырлы жаппадан шыға берді. Жартылай ашылған есіктен әлдекімнің әжімді қолы көрініп, үстелдегі балауыз шамды ала жөнелді. Біз тас қараңғыда қалдық.

«Болары болды, бояуы сіңді!» – деп ойладым да, жөткірінген күйі сергек сөйледім:

– Жағдай маған көмектесуде, Зоя Андрейқызы. Міне, біз жалғыз қалдық және қараңғылық маған жәрдемдесуде. Өйткені, ол менің жүзімде ойнаған ұятты бүркемелейді... Әлгі ұят жанымды тербеген сезімдерден туындауда...

Осы кезде тоқтай қалдым. Зоя Желвакованың жүрегі тарсылдап, тісі сақылдап тұрғаны естілді. Оның тұла бойы дірілдеп тұрғанын орындық арқылы естіліп әрі сезіліп жатты.

Байғұс қыз мені ұнатпайтын. Ол тіпті мені, лақтырылған таяқты жек көретін ит секілді жақтырмайтын, турасын айтқанда жаратпайтын. Енді маймылға ұқсап отырысым мынау, түрім қашқан, әрине, шендерім және ордендерім әспеттегенімен, жыртқыш жануарға ұқсайтынмын: табақтай бетім толы безеу, өсіп кеткен сақал-мұртым ұйпа-тұйпа... Ұдайы суықтағаннан және ішкен ішімдіктен мұрным қызарып, ісініп кеткен. Қимыл-қозғалысыма ешқандай аю қызықпайтындай. Ал рухани қасиеттерім туралы айтар сөзім жоқ. Мына Зоядан маған тимей тұрғанға дейін пара алғаным тағы бар. Сөзімді кенет тоқтатқаным, оған жаным ашығандықтан еді.

– Бақшаға шығайық, – дедім. – Мына жер ысып кетті...

Сыртқа шығып, аллеяны бойлай жүріп келеміз. Есіктің сыртынан тың тыңдаған ата-анамыз бізді көре салып бір түп бұтақтың қалқасына зып берді.

Зояның жүзінен айдың нұрлы жарығы жүгіріп өтті. Осы бір бейнеден тәуелділіктің тәттілігін толықтай сезінгенімде ақымақ болған екенмін! Терең күрсініп, сөзімді жалғастырдым:

– Бақта бұлбұл сайрайды, өзінің теңін аялайды... Ал жалғыз-ілікті мен кімді аялаймын?

Қызарып кеткен Зоя көзін төмен түсірді. Оған дәл осылай шеберлікпен ойнау тапсырылған. Өзен жаққа қараған күйде орындыққа жайғастық. Өзеннің ар жағынан ағарып шіркеу көрінеді, одан биікте граф Кулдаров мырзаның үйі асқақтап тұр. Онда Зоя жақсы көретін кеңсе қызметкері Больницын тұрады. Орындыққа отырған күйі көзін әлгі үйге қадаған Зоя қозғалар емес... Аяушылықтан жүрегім шаншып, төмен тартып кетті. Құдайым-ай, құдайым-ау! Ата-анамызға жәннаттан орын тілеймін, бірақ... Ең құрымағанда бір апта тозақта отырғызса ғой!

– Менің бақытым бір бойжеткенге байлаулы, – дедім. – Сол бойжеткенге ерекше сезіммен қараймын... Оны сүйемін, егер дәл солай сүймесе, онда менің өлгенім... Ол бойжеткен сізсіз. Мені сүйе аласыз ба? А? Сүйесіз бе?

– Сүйемін, – деп күбірледі.

Шынымды айтсам, оның бұл сөзі есімнен айырды. Бұған дейін оны әдейі істеп жүр деп ойлап, өзгені сүйетініне байланысты ұсынған қолымды кері қайтарады деп есептегенмін. Үкілеген үмітім мен сенімім быт-шыт болып, мәселе керісінше белес алып барады... Оның ағысқа қарсы жүзер күші жетпеді.

– Сүйемін, – дегенді қайталаған бойжеткен жылап жіберді.

– Бұлай болуы мүмкін емес! – Тұла бойым діріл қаққан күйі не айтқанымды білмей қалдым. – Қалай сонда? Зоя Андрейқызы, көгершінім менің, сенбеңіз бұған! Құдай үшін, сенбеңіз! Мен сізді сүймеймін! Сізді сүйгенше үш рет қарғыс атсын мені! Сіз де мені сүймейсіз ғой! Осының бәрі бос далбаса...

Орнымнан атып тұрып, орындықты айнала жүгірдім.

– Керегі жоқ! Бұның бәрі бос күлкі! Бізді күшпен үйлендірмекші, Зоя Андрейқызы, мүліктік пайда үшін; онда қайдағы махаббат?! Сізді әйелдікке алғаннан гөрі, есектің жүгін мойныма артқан оңай, маған! Қандай жын түрткен?! Олардың қандай қақысы бар? Біз кімбіз сонда? Басыбайлы құлмыз ба? Әлде итпіз бе? Үйленбейміз! Қасақана! Оңбағандар өңкей! Осы уақытқа дейін үндемей келгеніміз жетер! Тап қазір барып  сізге үйленгім келмейтінін айтамын, болды сонымен!

Кенет жылауын тоқтатқан Зояның жүзі бір сәтте құрғап шыға келді.

– Барамын да айтамын! – деп сөзімді қайталадым. – Сіз де айтыңыз. Сіз оларға мені емес, Больницынды сүйетіңізді жеткізіңіз. Сонда мен де Больницынның қолынан жігітше ұстаймын... Оны шын сүйетініңіз маған белгілі!

Күлкіден бал-бұл жанған Зоя мені шыр айналды.

– Сіз де басқаны сүйесіз ғой, – деді ол қолын ысқылап. – Сіз мадмуазель Дэбені сүйесіз!

– Иә, – дедім, – мадмуазель Дэбе. Православ дінін ұстанбаса да және бай болмаса да оны ақылы мен рухани қасиеттері үшін сүйемін... Мейлі қарғай берсін, соған үйленем! Мен оны өз өмірімнен де артық сүйемін! Онсыз өмір сүре алмаймын! Егер оған үйленбесем, онда өмір сүргім келмейді! Қазір барам... Бірге барып, әлгі сайқымазақтарға осыны айтайық... Рахмет, сізге, көгершінім... Мені жұбатқаныңыз үшін!

Көкірегімде бақыттың толқыны жүгіріп өтіп, мен Зояға, Зоя маған ризашылық білдіре бастадық. Екеуміз де бақыттан разы болған күйде бір-біріміздің қолымызды сүйіп, бір-бірімізге рахмет айтып жаттық... Оның қолынан сүйсем, ол менің басымнан, үрпиген шашымнан сүюде.

Мен, тіпті, арадағы тәртіпті ұмытып, оны құшағыма қысып та алдым. Турасын айтқанда біздің сүймейтінімізді айтқан сәтіміз кез келген махаббаттан бақытты еді. Қуанышқа кенелген күйде, қызып алған әрі қалтырап, дірілдеген бойымызда ата-аналарымызға өз таңдауымызды айту үшін үйге бет алдық. Келе жатып бір-бірімізді қолдап қоямыз.

– Мейлі, ұрыссын, – деймін, – соқсын, тіпті, қуып жіберсін, есесіне бақытты күйімізде қаламыз!

Біз кіріп келгенде есіктің көзінде ата-анамыздың тікесінен-тік тұрып күтіп жүргенін көрдік. Бақыттан бал-бұл жанған жүзімізді байқап, күтуші қызметкерге қол бұлғады. Шампан құшақтаған ол күттірмеді, жетіп келді. Қарсылық танытқан мен қос қолдап, тоқтатпақ болдым... Зоя жылай жүріп, бақырып жатыр... Айғай-шу шықты, астаң-кестең болды, сөйтіп, шампан ішілмей қалды.

Бірақ бізді ақыры үйлендірді.

Бүгін, міне, күміс тойымызды атап өтудеміз. Қанша дегенмен, ширек ғасыр бірге өмір сүрдік қой! Алғашында ауыр болды. Балағаттадым, төмпештеп сабадым, ашу-ызамен құшағыма алдым... Сөйтіп жүріп бала көрдік... Артынан... ақырындап-ақырындап... үйренісіп кеттік... Дәл қазір ол, артымда тұрған Зоечкам қолдарын иығыма қойған күйі басымның тақыр тұсынан өбіп қояды.

Антон ЧЕХОВ

Аударған - Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды