Ғашықтық ғаламаты

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 3437
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлем әдебиеті классикалық шығармаларға бай. Қазақ руханиятының алтын ғасырында сол туындылар қарымды қаламгерлеріміздің жемісті еңбегінің арқасында тәржімаланып, қаракөз оқырманға жол тартқан еді. Жуырда сол классикалық шығарманың ішіндегі ең бір ғажа- йыбы саналар «Ромео мен Джульетта» трагедия­сы облыстық Бикен Римова атындағы драма театр актерлерінің сахналауымен көрерменге жол тартты.

Ағылшын жазушысы Ульям Шекс­пирдің жауһар туындысын көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаев қазақша сөйлеткен болатын. Аударма мәселесіне келгенде екіұшты пікір айтып үйренген сыншылар белді жазушының тәржімасына мін таға қоймас. Дей тұрғанмен оқылуға ауырлық ететін «Ромео мен Джульетта» трагедиясын облыстық драма театр­ының әртістері асқан шеберлікпен ойнап, күрделі сөздерді еш қиналмастан көрерменнің жүрегіне жеткізе білді. 
Әлемге әйгілі жазушының жүрегінен шыққан трагедиялық туындының жалпы мазмұны махаббат тақырыбында өрбіген. Сонымен қатар, адамгершілік қасиет пен өзара дүрдараздықтан туындаған оқиғалардың жиынтығы ретінде бірқатар эпизодтар бар. Бұл шығармада өзара дұшпан Капулетти және Монтекки әулетінде дүниеге келіп, ержетіп, кездейсоқ ұшырасқан Ромео мен Джульеттаның қайғылы тағдыры суреттелген. Әлімсақтан жауласқан қос әулеттің құда болып қайта табысуына қарға адым қалған тұста жазықсыз жанның шейіт кетуі, жолдасы Меркуционың өлгеніне ашуланған Ромеоның Джульеттаның ағасы Тибальтті ажал құштырғаны шығарманың шарықтау шегі болғандай. Алайда, негізгі тіні бұл емес. Иә, қойылымға келсек, бір-біріне ынтыққан қос ғашық астыртын некелеседі. Үр қызындай үлбіреген аруды әкесі беделді графқа тұрмысқа шығасың деп талап қояды. Осы кезде қос ғашықтың неке суын ішкізген Лоренцо пірәдар уақытша тірлік белгісін тоқтататын у беріп, оянғаныңда Ромеомен табысып, зират басынан қашып кетесіңдер деген ақылын айтып, тығырықтан шығар жол нұсқайды. Алайда уақытша тіршілікпен қоштасқан Джульеттаның жағдайы пірәдардан бұрын ғашығының құлағына жетіп, күйіктен Ромео у ішіп өледі. Оянғанда серігінің ажал құшқанын көрген ару да өз-өзіне қол жұмсап тіршілікпен қоштасады. Араздасқан қос әулеттің аспанына қара бұлт осылайша үйіріліп, жастардың әу баста ерлі-зайыпты болғандығын Монтекки мен Капулетти шаңырағы біліп, азалы жырды арнайды... Қойылымның қысқаша мазмұны осы. Мұндай жағдай қазақ халқының да ғашықтық жыр­ларында кездеседі. Оған Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты дәлел бола алмақ. Осыдан-ақ адамзат өмірінде махаббаттың рөлі жоғары екенін пайымдауға болатындай. 
Екі сағатқа созылған премьера соңында қойылымды бастан-аяқ тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алды. Ол:
– Театр – қазақ руханиятының бір бөлшегі. Сондықтан да облысымыз­да жаңа өнер ғимаратының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыс­тары жүріп жатыр. Алдағы уақытта халықаралық, республикалық үлкен шараларды Талдықорғанның төрінде өткізетін боламыз, – дей келе қойылымның ерекше әсерге бөлегенін атап өтіп, премьераның қоюшы режиссері Айдын Сахаманға деген алғысын жеткізді. Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың ықылас гүлін табыс етті. Өз кезегінде сөз алған облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева да жылы лебізін білдіріп, қойылым режиссерінің балетмейстері Гүлназ Бахарованың және басқа да өнерпаздардың еңбегін атап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ