Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТАЖАЛМЕН ТАЙТАЛАС": НҰРЛАН ОРАЗАЛИННІҢ КОРОНАВИРУС ТУРАЛЫ КҮНДЕЛІГІ

Уақыты: 01.07.2020
Оқылды: 648
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Көкте Тәңірің бүлінбесін де,
Табанда Жерің тілінбесін де…»
Күлтегін үлкен жазуынан

«Үрей – дерттің жарымы,
Сабыр – емнің жарымы,
Төзім – сауығудың басы».
Ибн-Сина

26 наурыз, 2020 жыл.

Коронавирус… Ел тағдыры… Жер тағдыры… Ұлт… Ұрпақ… Адамзат бола­шағы… дейтін ұғымдар күні-түні сананың тынышын алғалы жады дейтін қазына-сандықтың кілтін жиі бұрап, жиған-терген, көрген-түйгендерімді ақтарыстыру әдетіме айналды. Бұрын да жиі оқып, өміріміздің бары мен жоғын ­таразы­лауда, бағыт-бағдарымызды анықтауда бағ­даршам болған қазақ ойы мен рухының пайғамбары – ұлы Абайға ат басын жиі бұрамын. Оймен өркенімізді өсіріп, сөзбен Ұлы жұртымыздың мерейін үстем еткен қазақтың ондаған ғасырлық тарихына шама-шарқымның жеткенінше қиялыммен сүңгимін. Шынында да, «Жауға – ­жалынба, досқа – тарылма!» деп ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов айтпақшы, арғы дәуірлерді түгендемей-ақ, өзіміздің жыл санауымыздан бергі дәуірдің қойын-қолтығына көз жүгіртсек те жетіп артылатын, өрісімізді кеңейтіп, үлгі болатын тұлғалар мен ақиқаттар қаншама?!

Тарих –  өткен өмір ғана емес, ұрпақ санасын есейтіп, ұлт болмысын қалыптастырар тәрбие мен тағылымның ұлы мектебі. Басынан алмағайып дәуірлерді өткерген Алаш елі – адамзат өркениетінің көпғасырлық бел-белестерін артқа қалдырып, жиырма бірінші ғасырға аман жеткен тәуелсіз жұрт!.. Сол жұртты «қанаттыға – қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», бізден кейін келер жалғастардың жалғасына тапсыру – ­парызымыз!

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек…», – дейді ұлы Абай. Ұрпақтан-ұрпаққа көшіп келе жатқан шындық! Өмір, қоғам, адам, пенделік мінез, дүниелік қасырет дейтін жерүсті ұғымдарын төрт-ақ жолға сыйғызып жіберген шеберлікке тәнті болмауға бола ма?! Он тоғызыншы ғасырдағы сахараның болмысы мен кескінін ойы, санасы, жүрегі арқылы өткізген кемеңгерліктің кең ­тынысты бітімі. «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» дейтін қағи­даны өзінің өмірлік мұраты санаған ақын­ның әр сөзі жаңа – жиырма бірінші ға­сырға өмір сүрудің үлгісін ұсынар ұлылық дәрісі!

Дәріс болғанда қандай дәріс?! Өзімен бір кезеңде өмір сүрген батыс-шығыс ұлыларымен алыс-берісі, қатынасы ­болмаса да сол тұстағы «барымен базар болған» Семейдің шағын кітапханасы арқылы үлкен әлеммен тілдесе, сырласа білген Абайды ұлт алдындағы ұлы міндет Құдыреттің теңдессіз биігіне көтерген.

Иә…

Абай – біздің аласармас Рухымыз!

Абай – біздің жанымыз!

Соны бүгінгі ұрпаққа ұғындыруымыз керек!

Осының өзі – уақыт алдындағы атқарар ұлы міндетіміз!

Осының өзі – ұлт мәңгілігі үшін күрестің жолы!

***

Бүгін…

Михаил Лайтман дейтін ойлау, сөйлеу жүйесі өзгеше көріпкел қарттың коронавирус туралы әңгімесін естідім. Сөзі де, ойлары да қызық… «Адамзат осы бір қатерлі дертті зыр қағып, жүгіріп жүріп, өзі жақындатты. Жұмырбас пенде жүгірудей жүгірді. Енді отыратын, сабыр тауып, саябырситын, ойды серік етер кез келді… Ерте ме, кеш пе бұл ­коронавирус та тоқтайды. Біз де тоқтауымыз керек! Могло бы быть хуже… Мир двигался к ­роковой черте – к третьей мировой ­войне… Остановитесь, обдумайтесь, люди!» деді шындықтың бетін тырнағандай қып.

27 наурыз,  2020 жыл.

Тәуба! Тәңірге мың да бір алғыс. Өмір берді. Жар сүйіп, ұрпақ көрдім. Өлең жаздым. Өрісім кеңейді. Дос таптым. Табан тіреп, еркін жүрер жерім бар. Арқа сүйер елім бар. Бұйырса, алтыншы мүшелдің асуында тұрмын. Алла өмір берсе, жазылар ақиқат та, шындық та көп… Өте көп!

Адамзат баласын үрей мен әбігерге салып, ой мен сананың апшысын қуырып жатқан мына алапат індеттен аман шығу бұйырса, шіркін?!

Орынсыз аласұрып, бірінің қолы бірінің жағасында жүрер пенделіктен Адам баласы құтылса, шіркін?!

Әл-Фараби бабамыз көксеген «қайырымды тұрғындар» жер үстін жайласа, шіркін деп армандайсың оңашада.

***

Сағат 12.30-дар шамасында Ғалым Жайлыбай телефон соқты. Қазанда тұратын ақын-дос, менің өлеңдерімді татар тіліне аударған асыл азамат, қазіргі татар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Роберт Миннуллин қайтыс болыпты. Тар кезеңде, қарашы… Жетпісінде бара алмап едім… Топырақ салу да бұйырмай тұр… Тым болмаса, көңіл айтып, қоштасу сөзін жазайын деген тоқтамға келдім… Тамырымыз бір дегенмен, олар қазақшаны сүрініп түсінеді, біз татаршаны құлап-тұрып қабылдаймыз. Ақыры… «Прощай, Друг!» деп егіліп отырып, үш бет бақұлдасу сөзін орыс тілінде жаздым… Шынында да, соңғы жеті-сегіз жыл ішінде шетжұрттық қаламгерлер арасынан тапқан бір адал досым еді бұл Роберт. Азаматтығы мен ақындығы иықтасып жүретін сирек бітімді, сырбаз тұлға болатын!

Қош бауырым! Бақұл бол, досым!

31 наурыз, 2020 жыл.

Жаңа естідім. Қазақ өлеңі Аманханынан айырылыпты.  Жерлеу бүгін болыпты.

Тізгінсіз тажал тұсап отыр. Баяғы арқаны кеңге салып жүрер кез болса, ендігі қоштасуына үлгермесем де, топырақ салуға барар едім… Аманхан Әлім – бұл дүниенің қызығы мен қуанышын, қайғысы мен мұңын бір адамдай көре жүріп, ақындығын аласартпаған; ұлт, әдебиет алдындағы ұстанымына шаң қондырмай ғұмыр кешкен сиректердің сирегі еді. Жаны, жүрегі, ойы, санасы әдебиет дейтін әлемге ессіз байланған, осы жолда алған бетінен таймай, ақты – ақ, қараны – қара деп жіктей білетін білімдар еді. Ой мен сөздің тамыршысы еді…

Анда-санда қос иығына қос алыпты қондырып алғандай буырқанып Одаққа келетін еді… Есікті шалқайта ашып: «Нұр-аға! Сізге кіруге бола ма?» дейтін. «Кірдің ғой…» «Ендеше… Ініңізге бүгін ренжімеңіз…» «Оқасы жоқ…» «Нұр-аға, мен сізді жақсы көремін… Баяғыда-а… Малая Станицада тұрғанда… Аманханнан ел үркетін кезде. Сіз үрікпей, ағалық қамқорлық көрсетіп, бауырыңызға басқаныңызды қалай ұмытайын?!. Соны айтайын деп келдім… Нұр-Аға! Сайлаубек көкемнің тапсырмасымен келдім… «Ит үреді, керуен көшеді…» Аналардың бөстекі сөзіне құлақ аспаңыз. Олардікі дұрыс емес. Жалпы бұлай өмір сүруге болмайды. Болмайды! Соны еске салу үшін келдім! Аманханның айтары осы!» деп орнынан тұратын.

Сөйткен ақеділ, ақкөңіл, қайтпас, қайсар Аманханды соңғы сапарға шығарып сала алмай, үйде қамалып отырысым ­мынау?! Қош! Бақұл бол, бауырым!

Қамаған – коронавирус.

Қаматқан – көзге көрінбейтін «мылтықсыз майданның» сұрқия түрін ойлап тауып, өз қылмысына өзі тұншығып жатқан адамзат баласының азған ақыл-ойы!

***

Тізгінсіз тажал алдындағы алғашқы үрей сейіле бастаған сыңайлы… Әлем жұртшылығын енді жаңа сұрақ мазалау үстінде… «Адам өмірі қымбат па? Ақша қымбат па?» деген дүмбілез сұрақты бүгін өз құлағыммен естіп, айтқан адамдарды өз көзіммен көрдім.

РТР-ды қосып ем, бір топ орыстың білгіш-зиялылары сапырып сөйлеп отыр екен. Бірі тұрып: «Первым долгом надо спасать жизнь людей…» деді. Екінші біреуі тұрып: «Ясно, что жизнь дороже денег…» деп еді, үшінші шешен: «А что за жизнь без кошелька?» деп, төтесінен басып салды.

Көзіме өтпелі кезеңнің естен кеткен ескі суреттері қайтып келгендей болды. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан бос әңгіме, бөстекі сөз. Коронавирусқа дейінгі  «атың шықпаса, жер өртемен» ел назарын өзіне бұрғызуға тырысатын посткеңестік кеңістіктегі орыс телевидениесі мен ­соларды «көшіруге» әуес қазақстандық арналардың қолдан жасалар «дау-дамай-сымақ» әңгімесі.

Сондағы таратып айтқысы келгендері – коронавирус алдындағы үрей әлі жібере қоймай отырған әлеуметтік мәселе! Коронавирус – күнкөріс – өмір талаптарын сақтау – экономиканы тоздырып алмау!

Трамп бизнестен келген басшы емес пе? Алғашқыда «Как может жить не работающая страна?» деп етегіне сүрініп, өлім-жітімі қаулай бастаған елін қобалжытқаны, елімен қоса әлемді дүрліктіргені есімізде. Оған беларусь лидерінің қосыла шапқаны бар… Трампты мүйіздері қарағайдай ғалымдар барып, райынан қайтарды. Ал Лукашенко қайтпай отыр…

***

Алып-қашпа сөз көп… Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік кризис қайталанады, тіпті одан да өтіп кетеді деушілер бар…

Президент Тоқаевтың кешегі мәлімдемесі осындай сұрақтарға анық ­жауап айтты. Басты құндылығымыз – халықты сақтау мен қорғау екені баса ­айтылды. Қоғамды тыныштандыру ­шаралары да нақтыланды. «Басты мақсат – ­барынша адамдар өмірін сақтау!» дей отырып, Мемлекет басшысы экономикаға да, ауыл шаруашылығын өрістетуге де мән берді. Көктемгі егісті қаржыландыру, әлеуметтік проблемаларды назарда ұстау мәселелеріне тоқталды.

***

Арналардан бірінен-бір ғажап жағдайды көрдім.

Дүние астын-үстін болып, жақсы мен бақсыны айыру қиын соғып тұрған кезеңде… Жасы 90-нан асқан Бельгияның азаматы, Банкома қаласының тұрғыны Сюзанна Хайлэртс ханымның өмірмен қоштасуы әлем назарын өзіне бұрды. Ауқатты, өмірін созуға қаржы-қаражаты жететін, балалары алды-артына шығып, бәйек болып жүрген қарт әже, қадірлі ­кейуана аса қымбат ­жасанды өкпе вентиляциясынан бас тартқан: «Я прожила хорошую жизнь. Оставьте его для молодых!» деген ақтық сөзін айтқанда арқам шымырлады.

Құдай-ау! Не деген сұлу өлім! Не деген ерлік!

Әрі сүйсіндім.

Әрі таңғалдым…

Әр аппараты, жобамен 70 мың доллар тұратын (мүмкіндігі бола тұра) емнен бас тартуын, әрі әлгіндей тарихи сөз айтқанда, мына жарық дүниемен қоштасуын ерлік демегенде, не дейміз?!

Келді қайдан?

Аспаннан ба?

Жерден бе?

Өрден бе әлде?

Жеткен дауыс көрден бе?!

Ой-сананы үрей, сауал кеуледі…

Алты құрлық аласұрды шерменде?! 

Алпыс екі тамырымды тілімдеп,

Көз алдымда құйын ойнап, жұлынды от…

Сәнін алар,

Жанын алар Адамның,

Айтшы, Алла!

Қайдан келді бұл індет?!» деген қос шумақ қағазға түсті.

06 сәуір,  2020 жыл.

Америка секілді «түкірігі жерге түспейтін» ұлы жұрттың өлім-жітімін естіп отырып, қадірінен, қасиетінен айналайын Ұлы Даланы ойладым. Бас-аяғы екі жетіге жетер-жетпес мерзім ішінде 18  миллионнан асар-аспас халқы бар Қазақстанда да ауырғандар саны көбейіп келеді. Бұл сұрақ! Бүгінгі есеп бойынша, ауырғандар саны – 552-ге жеткен. Жазылғандар – 36.  Қайтқандар –  6.

Сараң цифрларды дәптеріме түсіріп отырып, жаным ауырды. Жаратылысынан сенгіш, арқасын кеңге салып, асықпай тірлік жасайтын, кешігіп жүретін, өзінен гөрі, қонағын көбірек ойлайтын, Абайдың тілімен айтқанда, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» дегізер мінезден ­арыла алмай келе жатқан сары сүйегімді, ет-бауырымды, жүрегімнің төрін, санамның өрін – туған жұртымды ойладым. Кәрі құрлықтың қасырет-қайғысын қалыңдатқан, Америка секілді тегеурінді құрлықтың жүйкесін жүн етіп түте бастаған коронавирус ешкімді аямасы белгілі?!.

Жинақталу керек!

Қазақ: «Түйені жел шайқаса…» демей ме?! Арқаны аяз қауып өткендей болды. Бүгінгі ұрпақ өткенді білмейді дей алмаймын. Сезіне алмай ма деп сескенем?.. Біздің халықтың генофонды ауылда! Ауылды сақтау – ұлтты сақтау! Ұлтты сақтау тілді, ділді, дінді сақтау! Шама келгенше мына ­тажалды ауылға жолатпау үшін күресу – басты парыз!

***

Қуаныш Сұлтанұлы телефон соқты.  Жағдайды сұрады. «Үйдеміз. Бейбіт жеңешеңнің жылы-жұмсағына қарап, кітап оқып, өткен-кеткенді таразыға ­салып, өзіме-өзім есеп беріп отырмын» деді қай кездегідей жарқын-жарқын сөйлеп.

Біздің буын оңды-солын  танып, ­елмен, жұртпен араласқалы, Қазақ Елінің ­саяси өмірі мен рухани кеңістігінде есепсіз еңбек етіп, ел тұтастығы мен қоғам бірлігін қамтамасыз етер майданда идеология тізгінін ұстаған, ұстанымы таза, қарымды қаламгер, көрнекті қайраткердің «есеп беру» хақындағы ойы орынды айтылды.

Иә…

Кәкең дұрыс айтады. Бәріміз есеп беріп жатырмыз.

Адамзат  Алланың алдында емтихан тапсырып жатқан секілді.

Осы әл-әзірде электрондық поштамен келген тұтас бір көлемді дастанды бір деммен оқып шықтым. «Әдебиет порталында» Ғалым Жайлыбайдың «Сұрақ белгісі» дейтін жаңа поэмасы жарық көріпті. Бүгінгі күннің ең басты жаңалығы! Әрі-беріден соң, бұл поэма, менің ­жобалауымда, Ғалымның ғана, Ғалымның бір күнінің ғана жаңалығы емес. «Сұрақ белгісі» – бәрімізді алаңдатып жүрген адамзат баласына ортақ проблемаға батыл барған, екі дүние ара қатынасын қозғайтын кесек, іргелі дүние. Тынысы кең, айтары мол шығарма! Осы кезеңдегі қазақ өлеңінің жаңалығы! Серпіні еркін, тілі көркем, бейнелі. Қазақ жырының жаңа бетін ашқандай болдым.  Серік Ақсұңқарұлының алғысөзі де ­жалыны мол, қызуы қалың, ақиқатшыл рухта, ағалық пейілмен жазылыпты. Телефон соғып, мақаласына орай, Серікке де пікірімді білдірдім.

Ғалым үшін қуандым. Шын жүрегіммен құттықтадым.

Мен поэманы оқып біткенімде Бибі-Ана телефон соқты. Оқымаған екен, тауып алып, оқыңыз дедім.

***

7 сәуір, 2020 жыл.

Күн жылы…

Аспан шайдай ашық…

Алатау мүлгіп тұр…

Табиғат неткен таза, неткен әдемі еді?!.

Асылы Алла Тағала Адам баласына: «Мәңгілік қоныс ет.  Адамша өмір сүр! Әу бастағы таңдауың Махаббат еді. Ойыңды – қанат, сезіміңді серік ет! Жаратылыстың мына ғажайып сұлулығы мен әдемілігін, тау мен далаңды, өзен мен көліңді көзіңнің қарашығындай көріп сақта!» деп айтпап па еді?

Алланың ол сөзін көкірегінде көзі барлар мен жанының сәуле-нұры алысқа кететіндер ғана сезіп, көріп, еске аларына көз де, көңіл де жете түсуде… Өкінішке қарай, екі ғасыр тоғысы сол сезетіндер мен көріп, ести алатындардың қатарын шамадан тыс сиретіп жіберді. Бұрынғы ХХ ғасырдағы тікбақай дәуірдің шолақ белсенділері мен жұмыр жерді қайта бөліске салу үшін қан-қырғын соғыс жүргізген әлгі жаңа дәуір «көсемдерінің» көзсіз қимылы мен ессіз әрекеті сана төрінен сызылды. Жетпіс бес жыл жер үстін жайлаған Ұлы Жеңістен кейінгі тыныштық пен жедел даму кезеңі ­адамды, адамның ойы мен санасын өркендеу мен өзгерудің  жаңа баспалдақтарына алып келді. Соғыс көргендер мен соғыс тақсыретін тартқандар қатары уақыт санап ­азайды. Жаһандану дейтін адамзатты ­мидай етіп араластырған, қоғам мен өмірімізге сана сенгісіз өзгерістер әкелген дәуір ұясында қалғып жатқан жиырмасыншы ғасырдың «имансыздық вирустарын» ­оятты. Оятқан – әлемге ықпал ету мақсатында жанталаса күрсекендер. Дәлірек айтқанда, жұмыр жерді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға» ұмтылған қуатты державалардың менмендік қимылы мен көзсіз қылмыстары!

Адам баласы құдайсыздықтың жаңа дәуіріне кірді. Тіпті өздерін Ұлы Жара­тушының қасына қойып, миллиардтардың өмірі мен ажалын игерудің, шектеудің, тіпті болмаса, ­алуан түрлі ғылыми жолмен адамзат өсімін азайту арқылы жер бетіндегі ескі шекараларды  қайыра бұзып, қайшыға қайта салу «майданын» ойластырды. Осыған дейінгі өндірілген қару-жарақтар саудасын тоқтатпау үшін жүргізіліп келген үлкенді-кішілі аймақтық соғыстар – стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырудың жай «бетперделік» қырғындар екені сезіле бастады…

Міне!

Адамзат баласы өз дамуы мен өзгеруінің жаңа дәуірі саналар ХХІ ғасырына, менің қаламдас, қанаттас ­досым Смағұл Елубайдың сөзімен айтқанда, «қиямет-қайым ғасырына» осындай адам ойы мен санасы шошыр ақиқаттармен, шындықтармен кірді.

Иә…

Осыған дейін «Ақ боз үй» атты оқырман ықыласына бөленген, өткен ғасырдағы аштық зұлматы жөніндегі кең тынысты, көркем эпикалық туындысымен танылған талантты суреткер, терең ойшылдың жан-жүрегін тербетіп, ойы мен санасын сарсаңға салып жүріп  жазылған айтулы кітап өз кезінде әдебиет пен қоғамдық ойдың, көрігін әрлейтін элиталық ортаның назарына толық іліге қоймады.

Өкінішті, әрине…

Смағұлдың ойы мен «ала қап арқалап, әлем-жәлем дүние соңында кеткен» жұмырбас пенделер арасына көпір салып, байланыс орнатар дін мен имандылықтың үлгісі әлі қалыптаса қоймаған еді. Дінсіздік ауруы бой-бойымыздан тарқай қоймаған кешегі атеистерге «Қиямет-қайым ғасыры» қызықсыз көрінді… Әрине, бұл кітап туралы бірді-екілі оң пікір айтқандар ­болды. Солардың арасынан менің көңіліме қонақтап, жадымда жақсы қалғаны Адольф Арцишевскийдің пікірі. «В отечественной литературе начала XXI века эта книга ­стоит особняком, нет ей сегодня аналогов по концентрации духоборческой мысли. Книга духостроительства и богоискательства, предельно искренняя и обжигающая своими откровениями, как обнаженный необесточенный провод. Эту книгу без преувеличений можно назвать «Евангелием от Елубая», «Еклезиастом новейших времен». Или, если хотите, это подобие суры 115-й, ибо 114-я завершает Коран…» деген аса сауатты, ағынан жарылып, әділ айтылған сөз. Аталмыш кітап хақында мұндай бағаны әзірге қолына қалам ұстаған бірде-бір қазақтілді әріптестеріміз айта қойған жоқ…

Смағұлдың ойлау жүйесі мен дүние­лік ақиқаттары хақындағы пікірінің қажеттілігі енді келді білем. Мына болып жатқан сұрапыл оқиғалардың табиғатын тануға себі тиер «Қиямет-қайым ғасырды» оқуымыз керек!

***

 09  сәуір, 2020 жыл.

Әлем тынышсыз…

Коронавирус қалыптастырған қиындық Қазақ Елінің де әбігерін алуда. ­Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті кездесуінде азық-түлік қорымен қамтамасыз етуге мән берді…

Енді бірер күн ішінде Алматы облысы карантинге жабылмақшы.

Екі күн болды Қостанайда – алай-дүлей… Қар… Дауыл… Бір-екі қаланың жарығы сөнген. «Жұт жеті ағайынды» дейді қазақ. Мына Арқаның аласұрған ақ-қар, көк мұзының арты күн жылынып, қызыл суға  айналса, елдің жағдайы не болады?! Оңтүстікте диханшылар егіс қамын жасап, коронавируспен алысып жатыр.

Алматы мен Нұр-Сұлтанның есін жиғызар емес. Аурулар көбейіп келеді… Осы әлгінде естідім. Кешелі-бүгін Көкшетауда қатты дауыл болып, екі тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен… Нұр-Сұлтанға қар жауды… Атбасар жақта көктемнің тасқыны бола ма деген қауіп бар. Алматының өзендері де арнасынан асуы мүмкін дейді синоптиктер…

Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың мақаласымен танысып шықтым. Бастан-аяқ ел тағдыры, жер қамы. Сақтандыру! Елбасы осымен екінші рет халыққа сөзін арнап отыр. Сөз төркінінде алаңдау ғана емес, қалың елін сабырға, білек сыбанып, оқиғаның өрттей ыстық ортасында жүрген Ел Президентінің айналасына шоғырлануға, тәртіпке жұмылуға шақырады.

***

«Тас түскен жеріне ауыр» дейді.

Соңғы күндері менің есімнен мына бір жағдайлар шығар емес.

Біріншісі – аждаһамен алысып, ел-елде, қала-қалада шапқылап жүрген ­жастар. ­Солар аман болсыншы деп тілеймін іштей… Әсіресе, ауруларды емдейміз деп жүріп, өздері ауру жамап алған 120 медиктің жағдайы жүрек тұсын сызып өткендей болды. Көпшілігі қыздар. Жалаң қолымен ыстық темір уыстаған жанкешті кәсіп иелері. Әрқайсысы бір-бір үйдің көркі мен бір-бір отбасының сүйеуі болған, бір-бір ата-ананың үміті мен сенімін арқалаған өмір иелері ғой. Өзіміздің қаракөз аруларымыз ғой!.. Тепсе, темір үзетін жастағы сом білек жігіттеріміз ғой!.. Есіме екі немеремнің әкесі 19 күннен бері үй көрмей, сыртта қонып, COVID-19-бен алысқандар қатарында жүрген ұлым түсті. Телефонмен хабарласып тұрады. «Папа, осылай болғаны дұрыс! Уайымдамаңдар! Сендерді де, ­балаларды да сақтауым керек!» деген дауысы құлағыма келеді.

Жөн сөз!

Баяғыда Оралхан Бөкеев: «Анам ылғи жолға шығарып салып тұрып: «Арқаңды – елге, табаныңдағы жерге тапсырдым, құлыным!» деп айтушы еді…» деген сөздері жадымда жаңғырып отыр.

Дұрыс!

Бәрін Құдайға тапсыру керек!

Елді де, ел құлағында жүрген ерлерді де!..

От кешкендей күйде жүрген тұтас бір ұрпақтың, ұлттың тілеуін Алладан сұрау!

Ең бастысы – адамзатқа араша сұрау!

Екінші бір жағдай…

Осы жақында… Жанға батып, жүректі сыздатар аса жайсыз әңгімені өз құлағыммен естідім. Өз көзіммен көрдім. Әлеуметтік желілер арқылы Шымкент қаласының бір мектебінен тараған ақпар… Басына бейсболка киген өзіміздің қаракөз сайрап тұр. Қасындағы сұхбат алушы да қазақтың қызы. Екеуі де орысша сөйлеп, тілдері  тілдеріне жұғар емес. Сондағы менің ұққаным. «Заман өзгерді. Жарты робот адамдардың дәуірі келеді. Ата-анам да келісімін берді… Менің тәнімдегі «чип» – менің күзетшім! Ол кісілер менің қайда, не істеп жүргенімді біліп отырады… Оның үстіне бізбен сөйлескен американдықтар әрбір «чип» үшін 400 мың АҚШ долларымен төлемекші…» деп, бейсболка киген жүгермегіміз жұлынып тұр…

Естіп отырып, жүрегім аузыма тығылғандай болды.

Жарым робот!

Құдай-ау, не деп тұр мына бала?!

Басқа жер емес… Тұп-тура Нұқтың кемесі тоқтаған Қазығұрт пен Сайрамның сансыз бабы, Түркістанның түмен бабы жатқан, ерте дәуірдегі Көк түріктердің найзасы көк тіреген Түркібасы мен аспанын аңыз бен ақиқат ұстап тұрған қасиетті Қостұрадан, қазақтың тілі мен дінінің, ділі мен мұңының биігі болған шырайлы Шымкенттен, Алаш жұртының басына күн туғанда қазақтың басын қосқан, елді жолға салған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ұлы төрі саналар ­Ордабасыдан, қарт Қаратау мен сабырлы Созақтан  жаңғырып жеткені қалай?

Мына «көк қағазға» арын да, барын да, отбасын да, Отанын да сатуға бел буып отырған жеткіншекті жолынан бүгін қайтармасақ, ертең кеш, кеш болатынын ойладым.

***

Алматыға түнімен қар аралас жаңбыр жауды. Ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, осындай жағдай – табиғаттың тосын мінезі Алматы, Жамбыл, Шымкент, Ташкент, Бішкек қалаларында, тіпті Тәжікстанда да болған көрінеді.

Құбылған заман…

Құбылған қоғам…

Құбылған өмір…

Құбылған адамдар…

Міне, Табиғат-Ана да құбылып тұр…

***

АҚШ-қа бұл ауру есік аттап енгелі көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан қысқа мерзім ішінде ­супердержава суырылып алға шықты. Мұндай жағдайды кәрі құрлық  Еуропаның да талай-талай мықты елдері бастарынан өткізуде.

Күні кеше ғана аузынан ақ көбігі шашырап, алты құрлықтың апшысын қуырған қуатты жұрт – АҚШ-тың мына ауыр жағдайына қабырғамыз қайысты…

Мен – біреудің ала жібін ­аттап көрмеген, сөйте тұра басынан ­талай қиянат пен зорлықтың адам сенгісіз түрлерін өткерген, «Аманатқа –  қиянат жүрмейді» деген қағидаға жан-тәнімен берілген елдің ұлымын. Президенттерінің басқан жері ойылып кете жаздайтын ұлы держава бір тәулік ішінде, бүгінгі таңғы есеп ­бойынша, 1965 азаматын коронавирустың құрбаны еткен…  Жүрегім түршікті. Бір тәулік ішінде! Бақуатты екі-үш ауылдың тұрғыны!

Осыдан біраз бұрын Нью-Йорк мэрінің Президент пен Конгрестен көмек сұрап шырылдағаны есімде. Американдық демократия! «Штаттар өзі шешсін» дейтін ескі тәртіп. Сөйтіп… федералды биліктің алып «маховигі» іске қосылғанша, коронавирус дейтін «баукеспе» өз білгенін істеді… Оның сыртында күзде келе жатқан сайлауалды марафон-төбелестің көзге көріне бермейтін айлалы әрекеттері тағы бар…  Алып ел адам өлімінің астында қалды. Бір жарым миллиард Қытай тас-түйін тәртіп пен бірден шешім қабылдауға қалыптасқан темірдей биліктің арқасында, 2015 жылғы Билл Гейтс дейтін, қайсы бір қазақстандық басылым беттерінде (жүз кітап аясында жарық көрген) өзі де, сөзі де үлгі болып жүрген  мультимиллиардер-көріпкел айтқандай, 35 (отыз бес) миллион адам өлімімен емес, 3335 адамның шығынымен тарихи апат құрығынан аман шықты… Трамп: «Еңбексіз елді қалай асырауға болады?» деп, ойланып-толғанып, «коронавирус майданына» 2 триллион доллар бөлгенше… Уақыт өтті… Алып ел ұтылды. Трамптың шешім қабылдауын күтіп жатсын ба, тізгінсіз тажал ­Америка құрлығын емін-еркін  «майқандауға» кірісті. Қытай әлгіндей шығынмен, Уханда үш айлық «коронавируспен арадағы соғысын» аяқтауға таяды…

***

Иә…

Әлемнің COVID-19-бен тайталасының барысы әзірге осындай.

«Сақтықта – қорлық жоқ!» дейді Дала жұрты.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді қазақтың ұлттық батыры Бауыржан Момышұлы.

Біздің ел өзінің көпғасырлық ұлы ­тарихында не көрмеді дейсіз?! Бәрін көрді…

Міне…

Жер үстін жанталасқа салған мына сұмдық індетті де сабырлы қалыбынан жаңылмай, бір атаның баласындай тас-түйін мінез танытып, төзімділікпен қарсы алуда.

«Үрей – дерттің жарымы, Сабыр – емнің жарымы, Төзім – сауығудың басы» дейді жерүстіндегі шипагерлік кәсіптің ұлы атасы Ибн-Сина.

Алла жазса, адамзат басына төнген ортақ қасыреттің де беті қайтар… Өмір де, қоғам да, заман да даму мен өзгерудің жаңа кеңістігіне шығар?! Жаңа адамдар жер бетінің жаңа тәртібімен ғұмыр кешіп, мына індеттен аман өтудің жолын қалай ойласа, індеттен кейін де алдан күтер әлеуметтік, экономикалық қиындықтар мен ­саяси мақсат-мұраттардың да бағыты мен бағдары қалай болатынын солай ­ойлауы заңды…

Ұлт, ұрпақ үшін керек ұлы мақсаттар ылайым үзілмесін. Коронавирустан соң да өмір бар ғой!..

***

Далада қар жауып жатыр…

Сәуір желімен жағаласқан табиғаттың беймезгіл мінезі секілді мына атасы, ұрқы белгісіз індет ертең күннің нұрымен еріген қардай ізім-ғайым жоғалары анық!.. Бірақ қаншаға созылары белгісіз…

Әзірге тайталас жүріп жатыр…

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Сурет - ғаламтордан