АБАЙДЫҢ КҮЙЛЕРІН ҮШ ІШЕКТІ ДОМБЫРАДА ОРЫНДАУ: ЖАҢА ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1442
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасының ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған музыка колледжінің оқытушысы Айбол Құдайбергеновпен «Абайдың күйлері» тақырыбында онлайн кездесу өтті. Тарих пен өнер үндесіп, күй сарыны мен автордың жан дүниесі сабақтасқан кездесу тартымдылығымен де, жұрт көп біле бермейтін өнер әлемінің ішкі құпиясына терең бойлауымен де тыңдарманды тамаша көңіл-күйге бөледі.

Расында, қазақтың күйі – таусылмайтын қазына. Өнер ретінде өзгеше белгісі болғанымен, тарихты, өмірді өрнектеген өзектілігі, адамның өзі өмір сүрген қоғамға деген түсінігін түсіндіру жағындағы сан түрлі артықшылығы бар. Демек, әрбір күйдің өз айтары, ішке бүккен құпиясы жетерлік. Осы тұрғыда Абай хакім күйлерінің болмысы бөлек, бітімі ерекше. Осы күйлерді кейінгі кезде үш ішекті аспаппен орындап, жұрт арасына кеңінен насихаттап жүргендердің бірі – Айбол Қайратұлы.

– Абай әнмен қатар күй де тартқан, жан-тәнімен түсінетін, жан-жақты өнерлі адам болған. Күйдің егжей-тегжейін жете айыра білген адам. Енді, тақырыпта айтылғандай, Абайдың әндері мен күйлерінің үш ішекті аспаптарда орындалуы жөнінде әңгіме қозғайық. Абай, Шәкәрім және Шәкір Әбеновтер ән шығармаларын үш ішекті домбырамен сүйемелдеген және күй сарындарын орындаған деген деректер бар. Аспаптанушы-ғалым Болат Сарыбаев еңбектерінде Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исрайыл үш ішекті домбыраны шебер тартқаны, Исрайылдың өзі де бірнеше күй шығарғаны туралы еңбектерінде жазады, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жетпеді. Абайдың Әлмағамбет пен Мұқа тәрізді сазгерлері болғандығы белгілі. Қазір Абайдың, Шәкәрімнің, Әлмағамбеттің, Исрайылдың, Шәкір Әбеновтердің үш ішекті домбыралары мұражайларда сақталған. Мұражай сөрелерінде орын алғанымен, ол кездері үш ішекті домбыра музыкалық ортада мүлдем аталынбаған екен. Абайдың күйлері туралы күйші, зерттеуші Уәли Бекенов «Торжорға» және «Май түні» атты күйлерін Ғайса Сармурзиннің орындауында 1983 жылы алғаш зерттеп нотаға түсірген болатын. 1986 жылы «Өнер» баспасында шыққан Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас» ән жинағына «Май түні», «Торжорға», «Абайдың желдірмесі» деген үш күй енген. «Абай» журналында осыдан ширек ғасыр бұрын «Май түні», «Торжорға» күйлері туралы жарияланған. Өткен жылдары өмірден өткен өнер зерттеушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім Абайдың «Май түні» мен «Торжорға» деген күйлерін бізге жеткізген Ғайса Сармұрзин деген ақсақал екенін айтқан. Ж. Шәкәрім өзінің «Көне дүние күмбірі – Мелодии древности» атты кітабында үш ішекті домбыраны зерттегені туралы жазады. 1977 жылы ғалым Қайролла Жүзбасов экспедициялық іссапармен қазіргі Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай тұрғыны Хамза Демшіновтен «Абай желдірмесін» жазып алған. 1965 жылы бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданына Алматыдан барған фольклорлық экспедиция өкілдері Жүнісбай Стамбаевтың орындауындағы Абайдың «Майда қоңыр» күйін жазып алған. «Майда қоңыр» күйінің үнтаспасын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық кабинеті архивінен тауып, қайта жаңғыртып, насихаттап жүрген ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы. ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері, күйші-зерттеуші, өнертану докторы (PhD) Ардаби Мәулетұлы «Егемен Қазақстан» газетінде  Абайдың рухани мұрасын және қазіргі заманғы өнертанудың өзекті мәселелерін, «Ақтолқын» атты күйін жариялап, Іленің арғы жақ бетіндегі қазақтар арасында бұрыннан тартылып келе жатқан көне күй екенін жазады, – деді тыңдармандардың қойған сұрақтарына орай қайтарған жауабында.

Абай күйлері бізге екі ішекті домбыраның орындалуында жеткен. Қазіргі уақытта Айбол бұл күйлерді үш ішекті – қос бұрау домбырамен де, шертермен де орындап жүр. «Жалпы үш ішекті домбыра күйлері шертермен еш өзгеріссіз орындалады. Бірақ кейбір күйлерді шертермен ойнағанда, күйдің қоңыр үнін жоғалтпау үшін транспозиция жасап орындау қажет», – дейді өнертанушы.

Кездесу барысында Айбол Құдайбергенов жоғарыда аталған Абай күйлерін домбырамен орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, Абайдың «Ақтолқын» күйінің арғы беттегі күйші Камал Мақай 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай нотаға түсірген нұсқасын орындап, тарихтың тағы бір жабулы бетін жалпақ жұртқа жария етті.

Қажет АНДАС

Алматы облысы