ТАЛҒАРДА БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1388
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірлік ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясында қашықтықтан оқытуға қарамастан оқушылар арасында ұйымдастырылатын байқау биыл да жалғасын тапты. Мектепішілік байқау даңқты қолбасшы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жылдығына арналып «Бауыржан Момышұлы және туған тіл» деген тақырыпты арқау етті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

- Жыл сайын атап өтетін байқаудың мақсаты – дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры мен ғибратқа толы істерін ұрпағымыздың бойына сіңіру. Оқушыларға батырдың өткірлік пен қайсарлық, адалдық пен адамгершілік, парасаттылық пен кемеңгерлік үлгісін паш ету. Бұл байқауға мектебіміздің мыңға жуық оқушысы жоғары жауапкершілік, ынта-ықыласпен атсалысады. Бақтарын сынауға асығады. Нәтижесінде мәреге жеткен жеңімпаздарға жомарт жандардың демеушілігімен Б.Момышұлы атындағы арнайы стипендия тағайындалады, – дейді осы байқауды алғашқы болып ұйымдастырушы, №35 орта мектеп-гимназияның ғылыми-эксперименттік істер жөніндегі жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Айтжамал Нұрбатырова.

Биылғы жер әлемді жаулаған пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту барысында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының ұйымдастыруымен «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» атты ғылыми-практикалық конференциясы байқау түрінде  жалғасын тапты. Соның негізінде аталған байқаудың шарттары жасалды. Оның алғашқысы боп «Батырдың биік тұлғасы» - мәнерлеп оқу, одан кейін «Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы» - нақыл сөздерін жатқа айту және «Ерлік – тәрбие жемісі» - жас дарындардың өз шығармашылығынан өлең арнап, сахналық көріністер көрсету.

Осы үш кезең бойынша ZOOM платформасымен өз өнерлерін ұсынған оқушылар арасынан жүзден жүйрік шығып, ақтық мәреге жеткен 10 оқушы соңғы сатыда бар өнерлерін ортаға салды. 2 мен 8-сынып оқушыларының қай-қайсысы да ақтық сынға жан-жақты дайындықпен келгендіктерін анық байқатты. Халық қаһарманы, айбынды аталары Бауыржан Момышұлының шығармашылығынан сусындап, мейір қандырған оқушылардың бойына қайсарлық пен өжеттік дарығандай, даңқты қолбасшының мінезін танып, тапсырманы мүлтіксіз орындауға мықтап бел буғандығы сахнадағы қимыл-қозғалыстары мен өлең оқуларынан анық көрінді.

Олар мектеп мақтанышына айналған Иманғали Тасполат, Данияр Советхан, Айзере Бөрібай, Айым Бейсен, Заңғар Жақсылық, Ақназар Азаматұлы, Жанель Алиасқар, Ерасыл Қожақан, Айым Әскербек, Дәнекер Советхан екендігін ерекше атау абзал. Бойындағы қабілет-қарымдарын бір-бірінен бөле-жаруға келмес алғыр балалардың арасындағы ең жас қатысушы, 2-сынып оқушысы Заңғар Жақсылықтың да өнері тамсантпай қоймады.

Ақтық сында өнер көрсеткен талапты да дарынды оқушылардың өнерлері саралана келіп, әділқазылар шешімімен бас жүлде 6-сынып оқушысы Иманғали Тасболатқа тағайындалса, қалған оқушылар да өнерлері бағалана кеп, 1-2-орындарға жайғасты. Бастысы, ақтық сында өнер көрсеткендердің барлығы алдағы бес айда төленетін 10 мың теңгелік стипендия иегерлері атанды. Сонымен қатар, батыр бабамыз Б.Момышұлының 110 жылдығына орай, мектеп-гимназияның технология пәнінің мұғалімдері «Тау тұлға» атты мектепішілік онлайн сурет көрмесін ұйымдастырды. Оған 2-10 сынып оқушылары арасындағы қылқалам шеберлері қатысып, нәтижесінде жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.

«Қайрат – қамал бұзады» деп Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, қайрат-жігерін жанып, жалындаған жас өнерпаздардың өнерлері көпке үлгі.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы