ОТЫЗ ЖЫЛДАЙ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЙТА ЖӨНДЕЛДІ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 1206
Бөлім: РУХАНИЯТ

Береке ауылындағы Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Өткен ғасырдың 70-жылдары «Жетісу» кеңшарының қаражатына салынған сәнді де салтанатты ғимарат тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары елімізде орын алған қиындықтарға төтеп бара алмай өз жұмысын тоқтатқан болатын. Енді, міне, облыс басшысы Амандық Баталовтың қолдауымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы нәтижесінде мәдениет ошағы қайта есігін ашты.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жандарбек Далабаев қуанышқа жиналған жұртшылықты жайдарман жаңалықпен құттықтап, осы ауқымды жұмыстың атқарылуына қолғабыс жасаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына, құрылыс жұмыстарын жүргізген «ПМК – 615» ЖШС ұжымына алғысын жеткізді.

- Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ауданға 68 әлеуметтік нысан салу үшін 12 млрд.теңге бөлінді, – деді Жандарбек Ермекұлы. – Демек, қарасайлықтардың әлеуметтік, мәдени тұрмысын жақсартуға мүмкіндік молая түспек. Бүгінгі Береке ауылында қайтадан қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген Мәдениет ошағы осының айқын айғағындай.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов ақсақал қуанышқа келген қауымға ақ батасын арнағаннан кейін халқымыздың ізгі дәстүрі бойынша шашу шашылып, жаңа ғимараттың тұсауы да кесілді. Осыдан кейін жұртшылық әсем әрленіп, су жаңа қалыпқа енген ғимараттың ішін аралап көрді. Мұнда 200 адамға арналған көрермендер залы, спортзал, кітапхана, қолөнер, би, ән-күй және басқа да үйірмелер жұмыс жасайтын бөлмелер бар.

Мәдениет үйін қалпына келтіруге мемлекет қоржынынан 726 млн.теңге бөлініп, биылғы жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмысы 1 желтоқсанда толық аяқталған көрінеді.

– Пайдаланылмай тұрған 28 жыл ішінде ғимарат әбден тозып, қаңқасы ғана қалғаны жұмысымызды қиындатқаны рас, – дейді «ПМК – 615» ЖШС директоры Ибрагим Байрамов. – Әлемді жайлаған пандемия да кесірін тигізбей қалған жоқ. Алайда бүгін сол қиындықтың бәрі артта қалды. Мәдениет үйін белгіленген мерзімде әрі сапалы жөндеп, халықтың игілігіне ұсынып отырмыз.

Ауылдық округте мекен ететін 20 мыңға жуық тұрғынның атынан сөз алған өлкетанушы Орынбасар Жанәділ облыс және аудан басшыларына жұртшылықтың ыстық ықыласын жеткізіп, осы ғимаратта КСРО Халық әртістері Юрий Никулин, Анатолий Папанов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиевтер өнер көрсеткенін айтып өтті. Ал, осындағы үйірмелерде өнердің сан саласын меңгерген өрендер еліміздің мәдениет саласына өз үлестерін қосуда. Салтанатты шараға жиналғандар қайтадан қалпына келтірілген Мәдениет үйінің тарихы жайында жасаған бейнефильмді тамашалап, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына куә болды. Ал алдағы уақытта бұл руханият ордасы талай өнерлі жастың арманына қанат бітіреді деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы