ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАҢА ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Уақыты: 27.12.2020
Оқылды: 2298
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Жаңа жағдайдағы білім беру» жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті аталған мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Мерейтойлық бағдарламаның басты жаңалығы белгілі ұстаздар тәжірибелерімен бөлісетін Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық шеберлік онлайн алаңының ашылуы болып отыр. Алғашқы болып Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегерлері шақырылады.

Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде 80-нен астам адам жоғары педагогикалық марапат иегері бар. Олар елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің математика пәні мұғалімі Гүлнар Апеева, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Сәуле Ахметова, Өскемендегі NIS-тің биология пәні мұғалімі Татьяна Джежеря, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шолпан Жайлаубекова, Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп директорының орынбасары Ирина Бабич және өзге де мұғалімдер.

Кәсіби диалог пен кездесу орнына айналатын NIS-тің онлайн алаңына еліміздегі жалпы білім беретін мектептерден тәжірибелі мұғалімдер қосылады деп жоспарлануда. ⠀

Қазақтың ұлы педагогінің шығармашылығы мен ағартушылық қызметіне арналған тақырыптық симпозиум Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында ашылмақ. Дәстүрлі тамыз конференциясындағы табысты тәжірибелер панорамасы да Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы шеңберінде өтетін болады.

«Дөңгелек үстелдер» сериясы заманауи білім берудегі басты трендтер – еңбек нарығындағы жаңа талаптарға, жаппай стандарттаудан жаппай бірегейлікке көшуге, жасанды интеллект дәуірінде ұстаздардың алмаспайтындығына, табысты білім беру жүйесіндегі бағалау мен өзге де сұрақтарға арналады.

Жаңа жағдайдағы білім берудің миссиясын анықтайтын басым бағыттар бойынша талдамалық мақалалар топтамасы әзірленуде. Онда балаларға игілікті орта құру, мұғалімдердің кәсіби дамуы, бейакадемиялық үлгерім, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, сандық аборигендердің киберқауіпсіздігі, covid generation үшін мега тәуекел тақырыптары қозғалады.

Мерейтойлық бағдарлама аясында елімізде үлкен қызығушылық тудырған «Ұлылықтың жолында ұстаз тұрар» жобасы да өз жалғасын табады.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған алғашқы шаралар легі қаңтар айында бастау алмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"