Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛҒАРДА КӨЛІК ЖУАТЫН ОРТАЛЫҚТЫҢ ИЕСІ КӨПКЕ КӨМЕГІН ТИГІЗІП ЖҮР

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 869

Ерінбей еңбектеніп, қарекет жасаған жанның ырыздығы артпаса кемімек емес. Еліміз тәуелсіздігін алған 30 жылдың ішінде кәсіпкерлікке кең жол ашылып, нәсібін жеке кәсібінен тауып жүргендер қатары еселеп арта түскені ақиқат. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуда нәзікжанды әйелдердің де үлес салмағы артып, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына сүбелі еңбек сіңіруде. Солардың бірі, Кеңдала ауылына қарасты «Гонконг» көлік жуу орталығына иелік ететін жеке кәсіпкер Дина Серікбаева дер едік.

Кәсіптің кілтін тауып, көп қатарлы еңбек етуге ұмтылған ол, тоғыз жолдың торабынан көлік жуу орталығын ашуға күш салады. Сонымен, жалпы аумағы 10 сотыққа жуық жерді сатып алып, бизнес-жоспарын жүзеге асыруға бар қажыр-қайратын жұмылдырады. Жаңа жұмыс орнын көлік жууда қолданылатын заманауи қондырғылармен жабдықтап, тұтынушыларға тиімді қызмет түрін көрсетуге кіріскелі біраз уақыт болыпты. Қазіргі күні мұнда 20-ға жуық талғарлық тұрғындар тұрақты еңбекпен қамтылып, отбасын асырауда. Олардың қатарында жалғызбасты және көпбалалы аналар да бар. Атап айтсақ, әкімшілік қызметті атқаратын екі қыздың анасы Минара Асқарова жұмыс іздеп, бірталай жерді шарлап, табан тоздырғанда осы көлік жуу орталығынан бір-ақ шыққандығын жасырмайды.

– Жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ. Көбі жасым келгендігін, жұмыстың ауыртпашылығын айтып, шығарып салады. Маған екі қызымды асырауым керек. Сөйтіп, тауым шағылып жүргенде «Гонконг» деген көлік жуу орталығын көзім шалып, бірден бұрылған едім. Айналайын Динажан бірден жұмысқа қабылдап, содан бері жұмыссыздық уайымынан арылдым. Тұрақты түрде айлығымызды алып, қиындықсыз күнелтудеміз. Мен ғана емес, мұнда Нұргүл Танабаева, Лина Пахратдинова дейтін төрт баладан асырап отырған көпбалалы аналар да күнделікті көлік жуып, бала-шағасын бағуда. Осында еңбек етіп жүрген жұмысшылар өзінің кәсібін ашып, нанымызды тауып беріп отырған басшылыққа ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Минара Әдиқызы.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы болар, бәлкім. Қиыннан қиыстырып бастаған кәсібін дөңгеленте отырып, көптің алғысын арқалап жүрген кәсіпкердің ұлы Бақытжан Әбдіхалықов пен келіні Дина Абайқызының бір жағына шығып, ісінің ілгерілеуіне атсалысып жүрген еңбектері де ерекше аталады. Сөйтіп бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылған олар отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, көлік жууда көпшілікке сапалы қызмет етуге бар мүмкіндіктерін, білім-біліктерін жұмылдыруда.

Нәтижесінде өзінен артылған қаржы-қаражатпен қайырымдылық шараларын көрсетуден де еш аянып қалмаған. Көлік жуу орталығында «Аяла» балалар үйінің "Жедел жәрдем" көлігі мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қызметтік көліктеріне тегін қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, жетім балалар мен жартылай жетім балаларға материалдық көмек көрсетуді дәстүрге айналдырғандығын атау абзал. Осыған орай, ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығында жеке кәсіпкер Дина Абайқызы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталған. Онда кәсіп иесіне Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосумен қатар, еңбекте табандылық танытқаны үшін алғыс айтылған.

Келешекте көлік жуумен қатар, техникалық жөндеу орталығының да жұмысын жандандыруды жоспарлаған кәсіпкерлердің істері ілгерлей түсері сөзсіз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Кеңдала ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы