КӨПЖЫЛДЫҚ ШӨП ӨСІРЕДІ

Уақыты: 27.06.2022
Оқылды: 1756
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кеген ауданында қасиетті қара жермен шынайы айналысып жүрген құрылымдар аз емес. Оның ішінде Қарқара ауылдық округіне қарасты «Қарқара өнімдері» ЖШС де бар. Қарқара – жері құнарлы, қара топырақты өңір. Бұл өлкеге сепкен дәнің, еккен арпаң үмітіңді ақтамай қоймайды.

Жақында «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің жұмысымен танысып қайттық. Ислам Хуршудов басқаратын бұл серіктестік негізінен мал бордақылауға, семіртуге бағытталған супер элиталық көпжылдық шөп өсірумен айналысады. Қарқара ауылдық округі аумағында жалпы көлемі 1160 гектар жері бар. Былтыр 380 гектар жерге күздік бидай сеуіпті, жақсы жетіліп келеді. Тізеден асып тұрған күздік бидай алқабының алды бас жарып үлгерген. Теңіздей толқып жатқан алқап арамшөптен ада.

– Жұмысымызды агротехникалық талаптарға сай жүргізіп отырамыз. Бұл – соның нәрлі нәтижесі. Арамшөпке қарсы тыңайтқыш себілген. Алла қаласа, алтын орақ кезінде күздік бидайдың әр гектарынан 25 центнерден жоғары өнім аламыз деген үлкен үмітіміз бар, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің бас агрономы Ізтелеу Нүсіпқожаев.

Биылғы көктем маусымында 210 гектар жерге «Бәйшешек» атты жаздық арпа себіліпті. Көтеріліп келе жатқан арпаның да жайы жақсы. Мұның сыртында 325 гектар алқапқа арпамен араластырылған элиталық бұршақ тұқымдас көпжылдық шөптің тұқымы себіліпті. 235 гектар жерге 6 түрлі будандастырылған элиталық көпжылдық шөптің тұқымы егілген.

– Біздің серіктестік басшылығы мүмкіндігінше элиталық берері мол көпжылдық шөптің түр-түрін өсіруге ден қойып отыр. Соның белгісіндей, Ресейдің Воронеж, Тамбов қалаларын араладық. Элиталық көпжылдық шөп өсіру бағытындағы тұқым шаруашылықтарын іздеп таптық. Соның нәтижесінде Ресейден 36 тонна эспарцет тұқымы, 6 түрлі элиталық көпжылдық шөптің тұқымынан 7 тонна жеткізілді. Келешекте ауданның фермерлерін, шаруа қожалықтарын берері мол элиталық көпжылдық шөптің тұқымымен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болады, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің агрономы Ізтелеу Нүсіпқожаев.

«Қарқара өнімдері» ЖШС-нің диқандары үшін биылғы жыл да берекелі  болары даусыз. Біргелкі көктеп, көтеріліп келе жатқан егіс алқабы соның белгісіндей. Қасиетті қара жердің қадірін біліп, егіс жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізіп келе жатқан құрылымның игілігі осындай.

Қанат Біржансал
Кеген ауданы,
Алматы облысы