Ана көрген тон пішер

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 2220
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Еңбек бәрін жеңбек». Дәл осы ұстанымды ұстанған Нұрзия Төлебаева қолөнердің тігіншілік саласын жетік меңгерген. Текті өнерді тұтынушы талғамы мен талабына сай игеріп, икемдеп нарыққа ұсынып жүрген тігінші – нағыз еңбек адамы. 

Қасиетті Семей жерінде дүниеге келген Нұрзия Әшімқызы жер жаннаты Жетісудың келіні. Негізгі кәсібі – тігінші. Бала күнінен анасының қасында жүріп-ақ, іс тігудің қыр-сырын терең меңгерген. Қанмен берілген өнердің қадіріне жетіп, бүгінде білікті тігіншіге айналған. Тігіншілік тынымсыз тірлік болғанымен Нұрзия Әшімқызы үшін бұл ерекше махаббатпен, сүйіспеншілікпен атқаратын ұлы іс. Білікті тігіншінің қолынан шыққан қыз жасауы, құрақ көрпелері көздің жауын алады. Адал еңбегімен, бойындағы талантымен сүйікті ісін асқан абыроймен атқарып, көптің алғысын арқалаған тігінші кәсібін жан жүрегімен жақсы көреді. 

– Бала күнімде тігіншілікке қызығушылығым басым болды. Кейін негізгі кәсібіме айналды. Марқұм анамның жұмыс үстеліне тазалықпен отырып, ине-жіпті қалай сабақтағаны, тігін машинасын қастерлеп ұстағаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Осы жарқын бейне әр істі бастаған сайын маған күш беріп тұратындай сезінемін. Он саусақтың, қарыштаған қиялымның арқасында бүгін нәсібемді тауып отырмын. Маған тапсырыс берген жандардың көңілінен шығып, оны межелеген уақытта дайындауға бар күшімді жұмсаймын. Мата таңдағанда, түстерді бір-бірімен үйлестіруге қатты көңіл бөлемін. Сондықтан да тапсырыс берген әр тұтынушы еңбегімді бағалап, ризашылығын айтып жатады. Демек, мен шығарған өнім сұранысқа ие әрі сапалы. Нарықтық заманның да қояр талабы осы. Тігін өнерінде барлық нәсібең зор еңбекпен ғана келеді. Көз майыңды тауысып, бар күш-жігеріңді талап ететін кәсібім – менің нәсібім, –   дейді он саусағынан өнер тамған шебер.

Алақандай ауылда отырып-ақ әлеуметтік желі арқылы шалғайдан тапсырыс қабылдап, өз кәсібін дөңгеленткен кейіпкеріміздің ісіне береке тілейміз.   

Еңлік КЕНЕБАЙ
Сағабүйен ауылы 
Ақсу ауданы