Қырман дәнге толды

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 948
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жүгерінің «Марко», «Пионер» және «Тұлпар» сұрпын 6620 гектар жерге өсірген Пенжім ауылдық округінің диқандары қазір өнім жинау жұмысын жалғастыруда. Көктемгі су тапшылығы салдарынан егінін кешеуілдеп егіп, орақ науқанын әдеттегіден кешігіп бастаған диқандарға күннің жылы болуы көп көмек жасағандай.

Қазан айының алғашқы аптасынан бастап алқаптарына орақ салған жүгерішілер қырманын қызыл дәнге толтырды. Өнімділік жаман емес, гектар берекелілігі 64 центнерден айналуда. Округке қарасты ауылдардың қырманына 7 мың тоннадан астам жүгері төгіліп, сұрыптау, кептіру жұмысы жүргізілуде.

Округтегі «Беширов», «Райысов», «Бейсебеков», «Қожамбердиев» ЖШҚ жүгері алқаптарындағы орақ жұмысын аяқтап, ондағы комбайн, тасымалдаушы жүк көлігі мен тіркемелі тракторлар келесі қожалықтардың жүгерісін орып, жинауға атсалысуда. Техникалардың күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс атқаруына барлық жағдай жасалған.
 Қазір диқандарды алаңдатып отырған мәселе – алажаздай тер төгіп өсірген өніміне сұраныстың жоқтығы. Салдарынан нарықтағы жүгері бағасы төмен, диқанның егін өсіруге жұмсаған шығыны ақталмайтын сияқты. Бұл жаркенттік жүгерішілерге ортақ қиындық болып тұр.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы