Ауылдағы тігін цехы

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 1542
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ел экономикасын дамытуда жеңіл өнеркәсіптің атқаратын рөлі ерекше. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда, әсіресе, қыз-келіншектердің жұмыссыздығын жоюда аталған саланы өркендету маңызды. Сондай-ақ, оның өнімдеріне сұраныс әрдайым жоғары, яғни, азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. 

Қарапайым жұрттың қамын ойлап, жеңіл өнеркәсіпті өрістетуге басымдық беруді жөн санаған Талдықорған қаласының тумасы, «Айсұлу» Жетісу тігін фабрикасы» ЖШС директоры Жарылқасын Болатұлының бұл істегі еңбегі ерен. Өйткені ол осыдан 2 жыл бұрын өз қаражаты есебінен облыс орталығынан жер алып, 2021 жылдың наурызында жаңа тігін фабрикасының құрылысын жүргізді. Сөйтіп, бұл жұмыс сәтті аяқталып, өткен жылы жаз айының басында іске қосылды. 

Жақында осы тігін фабрикасының филиалы Қарашоқы ауылында да ашылып, бүгінде осы елді мекенде тұратын бірнеше қыз-келіншек жұмыспен қамтылып, қуанып отыр. Фабрика филиалының ашылуына Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ақбасова көмегін тигізіп, тігін цехы жұмысын жүргізетін орын тауып берген. Осылайша, ауыл әкімдігі ғимаратының жылы да жарық бір бөлмесінде тігіншілердің жұмысы қызу жүруде. Ауыл тұрғыны Роза Нұрбекқызы тігін цехына жетекшілік етеді. 

Бастапқыда ауылдан қолынан іс келетін, тігуге қабілеті бар 25 әйел тігіншілікпен айналысуға ұсыныс білдірген. Олардың ішінде көпбалалы және жалғызбасты аналар, зейнет жасына таяған әйелдер мен зейнеткерлер, жастар бар. Әзірге 5 тігін машинасымен екі ауысымда 10 әйел жұмыс істейді. Олар бар білгендерін бір-біріне үйретіп, тәжірибе алмасады. Таяуда тағы 20 тігін машинасы әкелініп, қыз-келіншектердің қатары толыға түспек. Яғни, бұл цех ауылды жерлерде жұмыссыз отырған біраз әйелдің еңбекпен қамтылуына жол ашып отыр. Тігін цехында негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Олар өз ауылынан осындай жұмыс орнының пайда болғанына өте қуанышты. Цехта арнайы мамандандырылған киімдер тігіледі. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Кербұлақ ауданы