Түрлі нан пісіріледі

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 654
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ақбасова наубайхананың бүгінгі тіршілігін көрсетті. Кезінде жұмыс істеген, кейіннен тоқтап, қайта іске қосылған бұл кәсіп-орынның бүгінгі тынысына көңіл тояттайды.

Біз ол жердегі қызу жұмысты көрдік. Ішіне кірген мезетте-ақ ыстық нан мен тәтті тоқаштардың иісі тәбет ашты. Ондағы қыз-келіншектердің бірі нан илеп, екіншісі пешке салып пісіріп, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Олар екі ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 7 адам еңбек етеді. Нан пісірушілердің ішінде көпбалалы аналар да бар. Осындай істі қолға алған кәсіпкер Асхат Мәлімбаев туған жерін түлетуге күш салып, біраз ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Өнім жасайтын ұн сатып алынады. 

Кәсіпкер Асхат Мәлімбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін пайдаланып, осы арқылы несиеге қол жеткізіп, наубайхана ғимаратын заманауи үлгіде жөндеп, жылу, су жүйлерін жүргізіп, ескірген нан пештерін жаңалауда. Наубайхана ісін жүргізіп келе жатқанына 2 жылға жуықтаған. Негізгі тұтынушылары ауыл тұрғындары. Нан түрлерін жасауға күніне 2-3 қап ұн кетеді. Сұраныс жоғары болғандықтан күніне 200-ге жуық нан түрлері пісіріліп, сатылымға шығарылады. Дайын өнімдерді аудан, қалаларға шығару ойда бар. 

Кәсіпкер бұрын спорт мектебі болып, кейіннен қараусыз қалып, тозығы жеткен ғимаратты сатып алып, қазір оған күрделі жөндеу жүргізуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Нысан заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ретінде жұмыс істейтін болады. Игілікті іс ауыл балаларының денсаулығын нығайтып, спортпен шұғылдануына үлкен жол ашады. Ішінде ұл-қыздарға арналған жуынатын орын, бассейн, жаттығу бөлмелері, тағы басқалары бар. Алаңы абаттандырылып, көгалдандырылып, гүлдендіріліп, көріктендіріледі. 

Кәсіпкер ауылдан жылыжай кешенін іске қоспақ. Қазір осы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, тауарлы-сүт фермасын ашу, кооператив құру, басқа да шаруаларды іске асыру жоспарда бар.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ