ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАН ЗАРДАП ШЕККЕН ОТБАСЫН "ХАРЕКЕТ" ҚОРЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 13.08.2022
Оқылды: 1224

Семей ядролық сынағының зардабын тартқан Кәкім Қарабаев ақсақалдың отбасы «Харекет» қайырымдылық қоры сыйлаған үйде тұрып жатыр.

Кәкім ата жалдап тұратын баспана іздеп, ары-бері сабылмайтынына шүкір дейді. Алайда ядролық сынақ алаңындағы ауылда тұрған отбасы батпандап кірген аурумен күресіп келеді. Сондықтан олар аурухананы жиі жағалайды. Текелідегі «Достық» шағынауданындағы үш бөлмелі аядай үйге қазір Кәкім  Хамзаұлы аузындағы тәубесімен кіріп шығады, айналасындағы алты сотық жерді әл-дәрмені жеткенше аударып, қияр, қызанақ, асқабақ, жүгері егіп, баптап жүр. Болашақта қора-қопсы салып, тірлік жасасам дейді. Оған қолғабыс етуге отанасы Күлбағи Шәмбілбекқызының денсаулығы жарамайды. 1996 жылдан бері екінші топтағы мүгедек.

– Ядролық сынақтың зардабын талай адам көрді ғой. Әлі қанша ұрпаққа зиянын тигізетінін бір Алла біледі. Мен 1949 жылы туғанмын. Семей полигонында әскерде болып, жұмыс істедім, сол маңайда көп жыл тұрдым. Менің құндылығым – Отаным, отбасым. Бұрын үйім де, көлігім де, бәрі болған. Радиацияның кесірінен ауру болған балаларымды емдетемін деп жүріп, барлығын саттым. Неше рет банктен кредит алдым. Бірақ қанша тырыссам да, үш бірдей ұлымнан айырылып қалдым. Бір немерем шетінеді. Төртінші балам да ауруға шалдығып, аяғын кесті. 2-топтағы мүгедек. Сол қайғыны көтере алмаған әйелім де ауру болды, жүйке жүйесі шаршаған, басы ауырады, басқа әлемде жүргендей күйге түсе береді. Тағдыр басқа салған соң көнбеске лажымыз жоқ. 70-тен асқан шағымда жарымжан балам мен ауру әйелімнің күнделікті тіршілігі үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Келінім жұмыс істемейді. Күйеуі мен енесіне қарайды. Төрт немерем бар. Солардың болашағына алаңдаймын. Текелі қаласы таулы жер болғандықтан, денсаулығымызға байланысты көшіп келдік, – деген К.Қарабаевтың «Харекет» қорына алғысы шексіз. «Алла тағалаға, «Харекет» қоры арқылы жәрдемдескен халыққа ризамын. Сегіз жан бір жарым бөлмеде сығылысып тұрып жатқан хәлімізді көріп, жанайқайымызға құлақ асқан қордың өкілдері бізді Алматыдағы Республика сарайына Сәкен Майғазиевтің концертіне алып барып, сол жерде «Харекет» қорының 665-баспанасы Қарабаевтар отбасына» деп жазылған сертификат табыстады. Енді тырбанып тіршілік етеміз ғой», – дейді  Кәкім Хамзаұлы.

Ол кезінде Семей ядролық сынақ полигонында әскери міндетін өтеген қазақстандық сарбаздардың өздеріне «ардагер» мәртебесін беріп, әлеуметтік жағдай жасау туралы талабы орындалады деген үмітте.

Ал жарымжан ұлы Серік келіншегі, төрт баласымен емхана, ауруханаға жақындау жерде жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Биыл егіз бөпелері дүниеге келіп, келіншегі Айгүл көпбалалы ана атанды. Осы санатпен тұрғын үй кезегіне тұрды. Мүмкіндігі шектелгеніне мүжілмей, балаларының ертеңі үшін күш-қайратын жинаған Серіктің рухы сынбағаны дәтке қуат.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Текелі қаласы,

Жетісу облысы