«DAULETTEN ҚОРЫ» 66-ШЫ БАСПАНАНЫ СЫЙҒА ТАРТТЫ

Уақыты: 08.12.2023
Оқылды: 709

Қуаныштың көз жасы төгілген күн. «Dauletten қайырымдылық қоры» Жетісу жерінде алғашқы баспанасын мұқтаж отбасына сыйлады. Үшарал қаласында 16 жылдан бері пәтер жалдап тұратын жағдайы төмен отбасына қайырымдылық қоры 66-шы баспанасын сыйлады.  

Айнагүл Бұрғанбаева екі баланың анасы. Үлкен қызы туғаннан сал ауыруына душар болған. Кенже ұлының да денсаулығы дімкәс. Балаларына қарайлап отырған ананың жұмысқа шығуына да мүмкіндік жоқ. Сондықтан, осы күнге дейін әлеуметтік төлемдерге күн көріп келген. Оның өзі ішіп-жемнен артылмайды деседі. Ай сайын түсетін жәрдемақының 50 мың теңгесін пәтер ақысына төлеп жүрген. Жығылғанға жұдырық демекші, кейін, үй иесі үйін сатуға шешім шығарып, олар далада қалудың сәл-ақ алдында қалған.

Қыркүйек айында Айнагүл Бұрғанбаева «Dauletten қайырымдылық қорына» өтініш қалдырыпты. Қор ұжымы жағдайды бірден назарға алып, қол ұшын созуға ниеттенген. Көп уақыт өтпей ақ жүректі халықтан аз уақытта 18 миллион теңге көлемінде қаржы жиналып, отбасының көптен күткен арманы орындалды. Жиналған ақшаға баспанамен қатар, балалардың еміне де дәрі-дәрмектер алынған. Жалғыз басты  ананың қуаныштан көз жасы тыйылмады. Көмек қолын созған баршаға рахметін жаңбырша жаудырды.

«Dauletten қоры» 2020 жылы ресми түрде тіркеліп, бұған дейін елімізде 65 шаңырақтың қоныс тойының өтуіне мұрындық болған. Жалпы қор жұмысының басты мақсаты - әлеуметтік санаттағы мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан Қадыров