КӨРШІЛЕРГЕ РАХМЕТ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 4191

Алғыс айту күніне орай Алакөл ауданында «Қайырымды көршіге рахмет» атты акция ұйымдастырылып, талай жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен көрші-қолаң бір-бірлеріне тілек айтып, ақ дастарқан басына жиналды.

Солардың бірі  қырық жыл бойы иық тіресе тірлік кешкен Абдрахмановтар мен Себеповтер әулеті. Қазақ пен шешен отбасының осыншама жыл татулықта ғұмыр кешулері таңданыс тудырары хақ. Акция аясында олар берекеге толы өмірлері үшін алғыс білдіріп, арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстады. Тірлігі құтты, бірлігі мықты бұл көршілердің тату-тәтті тұрмысы өзге тұрғындарға үлгі болары сөзсіз.
Аталған акция шеңберінде Үшарал қаласындағы Желдібаевтар мен Савчуктар әулетінің қырық жылдық бейбіт қарым-қатынастары насихатталды. Желдібаевтар отбасының үлкені, жеті құрсақ көтерген ардақты ана, «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері Бақытжан Жұмашқызы мен Савчуктар отбасының тірегі Валерий Михайлович туған-туыстарын жинап, ақ тілектерін жаудырды. Қазақтар жағы қазанына етін асып, қазы-қарта, құрт-бауырсағын ұсынса, орыс отбасы ұлттық тағамдарынан ауыз тидірді. Балалары бір-бірінің үйінде өсіп, бір табақтан ас ішкен көршілердің риясыз көңілдерінен жылылық лебі есіп тұрғандай.
Бұл – ұлан-ғайыр Қазақстан атырабын мекен еткен өзге ұлт өкілдері мен қазақ ұлысының берекелі тірлігінің бір ғана көрінісі.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ