ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ҚОҚЫС ЖИНАЙТЫН РОБОТ ҚҰРАСТЫРДЫ

Уақыты: 27.01.2021
Оқылды: 1390
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары қоқыс жинайтын роботтар құрастырды. Робот авторлары Халықаралық «KAZAKHSTAN International Robotics Competition» байқауына қатысып, Гран-приді жеңіп алды. Оны Алматы қалалық білім басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектебі ұйымдастырған болатын. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Онлайн форматта өткен байқауға Ресей, Жапония, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан командалары қатысты. Назарбаев зияткерлік мектебінің робототехника командасы әділқазылар алқасына екі роботты ұсынды: «Кіші санат» бөлімінде «Қоқысты сұрыптау роботын» 8-сынып оқушылары Аружан Мамырова мен Амина Қайратқызы таныстырды.

Жоба авторларының зерттеуі бойынша адамзат жыл сайын 2 миллиард тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығарады екен. Бірақ оны өңдеу жағы әлі дұрыс жолға қойылмай келеді. «Неге барлық қоқыстар қайта өңделмейді?» деген сұраққа да зияткер оқушылар жауап іздеп:  «Қалдықтарды аз мөлшерде қайта өңдеудің басты себебі – оны сұрыптаудың бастапқы процесінің күрделілігінен», – деген түйін жасады.

Бұл мәселені шешу үшін әзірлеушілер қоқыстың физикалық қасиеттеріне негізделген, бірнеше роботтандырылған жүйелерден тұратын қоқысты сұрыптауға арналған конвейерлі желі жобасын ұсынды. Олардың әрқайсысы тек өзінің қоқыс түрін таңдап, арнайы қораптарға жинайды.

Дильназ Жемісбек, Виктор Кохно және зияткерлік мектептің түлегі Даниил  Филимонов аумақты қоқыстардан тазарту мәселесін шешуде алты аяқты инженерлік роботты ұсынды. Бұл жобаның ерекшелігі – ол жолдың бойымен өздігінен қозғалуға және қоқыс жинауға қабілеттілігінде. Сондай-ақ, қоқысты құрамы бойынша ажыратып, алғашқы сұрыптауды жасай алады. Роботтың бағдарлануы нейрондық желілерге негізделген. Роботтың әр бөлшегін оқушылар 3D принтері арқылы басып шығарды. Осындай ерекшеліктерімен көзге түскен Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы үздік екенін дәлелдеді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы