АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 31.01.2021
Оқылды: 1139
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық ауруханасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аурухананың жаңадан тағайындалған басшысының аты-жөні - Анарбек Монғолхан. Білікті дәрігер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары мықты маман. Анарбек - сынық, сүйек, жарақат саласында өз ісінің білгірі атанып, көпшіліктің алғысына бөленген мақтаулы дәрігерлердің бірі.

Дәрігердің тағайындалуымен бірге Алматы облыстық ауруханасына "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев ат басын бұрды. Ол әлемді жайлаған індетке қарсы күресте жан аямай еңбек еткен дәрігерлерге партия атынан төсбелгі табыстады. Медаль алатындардың тізімінде пандемия кезінде алдыңғы шепте жүріп, қауіппен бетпе-бет келген, өзгелердің өмірін сақтаймын деп өзі де ковидтің шеңгеліне ілініп, көз жұмған Абай Сахариев те бар. Ол Алматы облыстық ауруханасының жансақтау бөлімін басқарған еді.

Салтанатты шарада медальді алуға марқұмның ұлы Жайдар Абайұлы келді. Оның кеудесіне әкесінің медалі тағылды. Шарада Абай Сахариевтің жары Гүлмира Тоқбаева "ақжолдықтарға" алғыс айтып, ел-жұртқа аманшылық тіледі. "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев сөз алып, халық үшін атқаратын жұмыс ары қарай жалғасатынын, жер-жерде кездесулер өткізіліп, ел ішіндегі түйінді мәселелер назарға алынатынын жеткізді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы