ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА БОКС БАПКЕРІ ШӘКІРТІНІҢ МҰРНЫН СЫНДЫРДЫ

Уақыты: 31.01.2021
Оқылды: 831
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында бокс жаттықтырушысы жасөспірімге дөрекілік танытқаны үшін қол жұмсаған. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне 16 жастағы жасөспірімнің «мұрын сүйегінің жарақаты» диагнозымен ауруханаға жеткізілгені хабарланды.

Аталған фактпен ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

- Жедел-іздестіру шаралары арқылы Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі қызметкерлері қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен жәбірленушінің бокс бапкерін анықтады. Оның айтуынша, спорт залын тазалау барысында шәкірттерінің сыныптасы келген. Онымен әңгімелескенде жас жігіт дөрекілік танытқан және жаттықтырушы шыдай алмай, оқушының бетінен ұрған. Қалған ақпарат ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін жарияланбайды, - деп хабарлады Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Талғат Сейілханов.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан