АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ҚАРЛЫ БОРАН СОҒЫП, 15 ЖҮК КӨЛІГІ ЖОЛДА ҚАЛДЫ

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 882
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында 15 жүк көлігі жолда қалды. Аталған жағдайға қолайсыз ауа райы себеп. Оқиға республикалық Үшарал-Достық автожолында болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған учаскеде боран соғып, жол көрінбей кеткен. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда қалған көліктер Достық бекетінен шығып, Үшаралға қарай бара жатқан.

«Олар жол жабылмай тұрып, шығып кеткен. Жолда қалған 15 жүк көлігі және көлік салонындағы 20 адам қар құрсауынан шығарылды. Зардап шеккендер жоқ», - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аталған ведомствоның өкілдері, жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ескерту хабарламаларға құлақ асып, ауа райы болжамымен танысып алуды сұрайды. Сонымен қатар, жолда қалған жағдайда 112 номеріне қоңырау шалу керектігін еске салады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"