ТЕКЕЛІДЕ БҰРҚАНБҰЛАҚҚА БАРА ЖАТҚАН БІР ТОП ТУРИСТ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 30.07.2021
Оқылды: 1991
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қора шатқалында қалып қойған туристерді құтқарды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Текелі қаласының жоғары жағында, Қора шатқалымен саяхатқа шыққан туристер тобы Бұрқанбұлақ сарқырамасына барған. Табиғатта серуен құрған 15 адам "ЗИЛ-131" жүк көлігімен өзеннен өткен кезде су деңгейі көтеріліп кеткен. Салдарынан көлік су ортасында қалып қойған.

Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін шақыру орнына Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару бөлімінің құтқарушылары мен Ескелді ауданы ТЖБ қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына түн ортасында келген құтқарушылар туристік топ қауіпсіз жерде, өзен жағасында отырғанын, олардың шатырлары мен азық-түлік қоры мол екендігін анықтады. Адамдарды өзеннен өткізу бойынша жұмыстар таңертеңге жоспарланып, жүргізілді.

Биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еруі түнде тоқтағандықтан, таңертең Қора өзеніндегі су деңгейі төмендеп, таңғы сағат 5.20-да "ЗИЛ-131" автокөлігінің жүргізушісі өзеннен өз бетімен өтті. Барлық туристер құтқарушылардың сүйемелдеуімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Зардап шеккендер болған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті күн сайын дерлік Алматы облысының аумағында өткінші жаңбыр, найзағай, жел, бұршақтың болу ықтималдығы туралы ескерту таратып отырады. Осыған байланысты тұрғындардан ауа райын үнемі бақылауда ұстауға және сақтық шараларын ұстануға шақырамыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"