АЛАКӨЛГЕ 240 МЫҢДАЙ ТУРИСТ КЕЛДІ: ШИПАЛЫ КӨЛДІҢ ҚҰДІРЕТІ НЕДЕ?

Уақыты: 30.07.2021
Оқылды: 1528
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісудың жауһары - Алакөл туралы естімеген жан жоқ шығар, сірә?! Алакөл ауданының табиғи жағдайы мен мәдени-тарихи мұрасы туризмнің экологиялық, танымдық және емдеу-сауықтыру түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Осы жылдың соңғы алты айында Алакөлге 239 мың 717 адам келген. Оларға 1 млрд.421 млн.теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Көптеген адамдар Алакөлдің емдік суларына шомылу үшін ғана емес, сондай-ақ, тартымды және ұмытылмас демалысты ұйымдастыру үшін де келеді. Айта кету керек, жылдан-жылға көлдің бойында сервистік қызмет көрсету деңгейі арта түскен.

- Осыдан бірер жыл бұрын Алакөлге келгенімде жағдай басқаша болған еді. Ал, қазір барлығы адам танымастай жаңаша құлпырып кетіпті. Отандық туризмнің дамығаны соншалық, кішкентай ауылда барлық жағдай жасалған. Шипалы суымен, тұзды қасиетімен көпке танымал Алакөл көлінің бүгінде жаңарып, жаңғырып жатқаның көру, әрине, қуаныш сезімін ұялатады. Бастысы, бұл жерде демалушыларға қолайлы жағдай жақсы қарастырылған. Мәселен, көл жағалауында киім ауыстыратын арнайы орындар мен заманауи үлгідегі дәретханалар, ең маңыздасы, әртүрлі қолжетімді бағадағы демалыс орындары басты назарға алынған. Жалпы, біз сияқты жастар мен орта буын аға-әпкелерімізге демалуға таптырмас орынның бірі екендігіне көзім жетті, - дейді демалушы турист Аяулым Шалқарқызы.

Ауданды абаттандыру және туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілуде, атап айтқанда, ескі асфальт жабынын ауыстырып, жаңа жол төсемін төсеу, көпірлерді жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жол 2022 жылдың 31 желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2020 жылдан бастап көлдің жағасында орталық кәріз жүйелері бойынша құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олар осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, 2019 жылы Алакөл жағасында модульдік дәретханаларды орнату үшін 33 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл қаражатқа 11 дәретхана орнатылды. Оның 9-ы Ақши, қалған 2-уі Көктұма ауылында. 2020 жылы қосымша 5 көше дәретханасы орнатылды.

Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шаралары, карантин әлі де бар. Осыған байланысты, өңірде коронавирустың алдын алу бойынша бірқатар іс-шара жүргізілуде. Бүгінгі таңда Covid-19-бен күресудің ең тиімді әдісі - вакцинация екені айтылуда. Медицина мамандарының айтуынша, жыл басынан Алакөл ауданына 37 мың вакцина келіп түскен. Ол "Hayat-Vax», «CoronaVac», «QazVac», "Спутник-V". Өңірде 7 жылжымалы және 18 тұрақты егу пункті жұмыс жасайды.

Екпенің бірінші бөлігін алакөлдік 19 мың адам салдырған. Ал екінші компонентін 12 мың адам алған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"