ЭСТОНИЯДА ӨТКЕН БАЙҚАУДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 24.05.2022
Оқылды: 1207
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Эстония астанасы Таллин қаласында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) «Good Practice Award for Europe – 2022» марапатын алуға арналған байқау қорытындысы жарияланды.

«Озық тәжірибесі үшін ХӘҚҚ марапаты – бұл әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің жұмыс әдістерін жақсартудағы қажырлы еңбегі мен жетістіктері үшін берілетін құрметті мадақ. Сыйлық ХӘҚҚ-ға мүше ұйымдардың әлеуметтік қамсыздандыруды басқару саласындағы озық тәжірибесін мойындап, әрі мекемелерге өзінің өзекті әкімшілік бастамалары мен инновациялық шешімдерін жаһандық аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, 2008 жылы іске қосылған сәттен бастап озық тәжірибе үшін марапатқа 1,200-ден астам өтінім келіп түсті, бұл өтінімдер барлық аймақтағы мүше ұйымдардың операциялық және әкімшілік жетістіктерінің ауқымын көрсетті», – деп атап өтті қауымдастық өкілдері.

Биыл байқау лауреаттарының сапында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік стратегияны жүзеге асырғаны, атап айтқанда, салымшыларды қызметпен тең көлемде қамтамасыз ету, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру есебінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жетістіктері үшін ерекше үздік грамота алды. БЖЗҚ өкілдері марапаттау рәсіміне онлайн форматта қатысып, марапат Эстония Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің өкілі Мейрам Мұташевке табысталды.

Айта кетейік, 2022 жылғы байқау аясында Еуропа аймағының 20 елінен ХӘҚҚ-ға мүше 32 ұйымнан 96 өтінім түсіп, солардың арасынан БЖЗҚ ғана осындай құрметті марапатқа ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ның 2017-2021 жылдарға арналған Даму стратегиясы қызмет сапасын арттыру және қызмет көрсету арналарын әртараптандыру есебінен халықтың қаржылық сауаттылығын жетілдіруге бағытталған болатын. Оң нәтижеге жету үшін БЖЗҚ өз қызметін ең үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, соның ішінде ХӘҚҚ ұсынымдары мен нұсқаулықтарына сәйкес оңтайландырды.

Стратегияда айқындалған зейнетақы қызметтерін дамыту мен сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі – қатысушылардың тікелей, электрондық және қашықтан қызмет көрсету форматтарын дамыту арқылы зейнетақы қызметтеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету болды. Бұл ретте өткен жылдар ішінде БЖЗҚ өз сайты және  ұялы қосымшасы, e-gov порталымен мобильді қосымшасы арқылы электрондық форматта көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің тізбесін кеңейтіп, қазіргі уақытта қор қызметтерінің 93% астамы ыңғайлы және жедел электрондық форматта көрсетіледі. Салымшылар мен алушылар үйден шықпай-ақ, бірнеше минут ішінде қордың барлық қызметтерін пайдалана алады.

Электрондық қызметтердің қарқынды өсуі мен дәріптелуі БЖЗҚ-ның операциялық шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Бөлімшелер қатары 231 кеңседен 176 дейін қысқарып, штат саны 35%-ға азайды.

Даму стратегиясын іске асырудағы бес жылда зейнетақы жинақтарының көлемі 6,4 трлн.теңгеге көбейіп, яғни 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13,1 трлн теңгені құрап, іс жүзінде екі есеге артты. 2017-2021 жылдар аралығында жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар (МЗЖ бойынша бірегей салымшылар мен алушылар) саны 1,9 млн адамға немесе 20,9%-ға көбейіп, 10,9 млн.адамға жетті. 2022 жылдың 1 қаңтарына жарналардың барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 11,5 млн.бірлік болды. ЖЗШ-ның орташа жылдық өсу қарқыны осы кезең ішінде 4%-ға жетті.

Зейнетақы жүйелерін басқару, қамтуды кеңейту, қоғамның қаржылық сауаттылығын арттыру және нығайту – бұл күрделі де кешенді үрдіс. БЖЗҚ салымшылар мүддесін бәрінен де жоғары қоя отырып, келешекте барлық тараптармен нәтижелі диалог құруды жалғастыра беретін болады.

Еске сала кетсек, 1927 жылы құрылған Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығына (ХӘҚҚ) 150 елден 350 мекеме мүше. ХӘҚҚ маңызды ұлттық әкімшіліктер мен әлеуметтік қамсыздандыру агенттіктерін біріктіретін халықаралық ұйым болып саналады.

БЖЗҚ баспасөз орталығы