ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫН ГАЗБЕН ҚАМТЫП ОТЫРҒАН МЕКЕМЕ БАЛАЛАРҒА СЫЙЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 03.09.2022
Оқылды: 1541
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қонаев қаласының орталық саябағында «Қапшағай аймағының газ жүйелері» ЖШС-нің 10 жылдығы мерекесі аталып өтті. Биыл «Балалар жылы» болғандықтан, мерекеде балдырғандарға тарту жасап, қуантуға баса көңіл бөлінді.

«Қапшағай аймағының газ жүйелері» ЖШС 2012 жылдан халыққа қызмет етіп келеді. Мекеме Қонаев қаласы мен Арна, Заречный ауылдарындағы 30 ірі өнеркәсіптік нысанды, 400 коммуналдық-тұрмыстық, 17000 тұрмыстық тұтынушыларды газбен қамтамасыз етеді.

Мерекелік шарада Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев саябаққа жиналған көпшілікті ортақ қуанышпен құттықтап, газ саласы қызметкерлеріне Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

«Қапшағай аймағының газ жүйелері» ЖШС бас директоры Рустам Жарлаев тұрғындарды газбен қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегі үшін бірқатар қызметкерлерді марапаттап, облыс әкіміне де алғысын жеткізді. 

Бұл күнгі шараның ең басты сыйлығы – «Мектепке жол» акциясы аясында 150 балаға табысталған сертификат болды. Ол сертификаттар 10 мектептің директорына салтанатты түрде тапсырылды. Балаларға арналып, қызықты анимациялық қойылымдар қойылды.

Қала тұрғындары үшін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы