ТАҒЫ ДА КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІС: ДЕПАРТАМЕНТКЕ ЖАҢА БАСШЫЛАР КЕЛДІ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 1358
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жаңа басшылары Мұсәділ Құдайбергенов пен Нариман Ботановты таныстырды.

Тағайындау жиынында Марат Елеусізұлы: «Мемлекеттік қайраткер Дінмұхамед Қонаев есімін алған шаһарға қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, бұл қала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығына сәйкес, Алматы облысының орталығы болып бекітілді. Осы жерде жұмыс істеп жүргенімізге екі жарым айдан асты. Облыстың барлық мемлекеттік мекемелері көшіп келді. Жүйелі жұмыстардың арқасында қызметкерлердің жұмыс орындары мен тұрғын үй мәселелері рет-ретімен шешімін табуда. Жаңа статусқа ие болған қаланың Бас жоспары әзірленуде. Көп кешікпей, құрылыс жұмыстары басталады деген сенімдеміз», – деді.

Келесі сөз ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров пен онлайн тәртіпте байланысқа шыққан ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшеновке берілді. Өз кезегінде олар жаңа қызметке тағайындалған басшылардың өмірбаяны мен қызмет жолдарын таныстырып, басшылардың өз салалары бойынша тәжірибелі әрі ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті жоғары маман екенін айтып, қызметтеріне жеміс пен табыс тіледі.     

Соңында облыс әкімі департамент басшыларына өз салалары бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, өзге де басқарма басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің, облыс экономикасын дамытуға күш салудың маңыздылығын айтып, жаңа қызметті жоғары жауапкершілікпен атқаратындарына сенім артты.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы