ҚАРАШАДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ ТҰТАС ЕЛДІҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТЕДІ

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 2280
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойып, 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні жайлы Үндеу жариялады.

Мемлекет басшысы сайлау науқаны заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін айтты. Сонымен қатар, бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін айтты. Шынында да, қараша айында еліміз үлкен бір саяси науқанды бастан өткермек.

Бұл – мемлекет тарихындағы маңызды оқиға. Ұлт мүддесі, ел бірлігі бәрінен жоғары. Сондықтан, еліміз үшін, халқымыздың болашағы үшін маңызды сәтте Қазақстан халқы сайлауға белсене қатысып, таңдауын бірге жасауы қажет. Президентіміз Үндеуінде: «Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз. Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда», – деп ашып айтты.

Мемлекет басшысы айтқандай, сайлаудан кейін экономикамыз тұрақты дамып, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақмерзімді міндеттерді жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туады.

Маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға барша жұртшылықты белсене қатысуға шақырамын. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

Мейрам ЖАНӘДІЛОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі