РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕЛІК ШАРА БІРНЕШЕ КҮНГЕ СОЗЫЛДЫ

Уақыты: 24.10.2022
Оқылды: 794
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар Жамбыл ауданында бірнеше күнге ұласты. Алдымен мереке қарсаңында аудан әкімі Нұрлан Ертастың бастауымен сенбілік өтті.

Сенбілік аудан аумағынан өтетін "Алматы-Бішкек" республикалық күре жолының бойындағы Сұраншы, Саурық батыр ескерткішінің маңында ұйымдастырылды.

Сол күні аталған ескерткіштің  айналасына 150-ден астам қарағай ағашының көшеті отырғызылды. Бұл шара ауылдық округтерде де өз жалғасын табуда. Ауданда елді мекендерді санитарлық тазарту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары көктем және күз айларында тұрақты жүргізіліп келеді. Осы жылы аудан аумағына 8500 түп ағаш отырғызу көзделген болатын, бүгінге дейін соның жеті мың түпке жуығы егілді. Елді мекендерде тағы мың жарымдай ағаш отырғызылмақшы.

Аудан орталығында Республика күніне арналған салтанатты шара өтіп, ән мен жырдан шашу төгілді. Мереке күні аудандық Мәдениет үйінде белгілі композитор, ақын Елдос Үмбетәлінің «Туысқандар» атты шығармашылық концерті өтті. Әдеби-сазды кешке Елдос Үмбетәлінің өнердегі достары, эстрада жұлдыздары, айтыскер ақындар және аудан жұртшылығы жиналды. Ақынның рухты өлеңдері оқылып, әуезді әндері орындалды.

Шараға арнайы қатысып, құттықтау сөзін арнаған аудан әкімі Нұрлан Ертас жастайынан ақындық пен композиторлықты қатар алып жүріп, ел мен жер туралы отты өлеңдер жазған Елдос Үмбетәліге «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында аудандық мәслихаттың №27-139 шешімімен ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне елеулі үлесін қосқан Дәулет Жарасбаев, Мартжан Әлімқұлов, Тұрсынғали Сарыбаев және Гүлзейнеп Абдрахмановаға «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл ауданының төрт жас мемлекеттік қызметшісі көпшілік алдында салтанатты түрде ант қабылдады. Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрлан Ертас облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының III орын иегері атанған Жамбыл ауылының тұрғыны Еркехан Ибраймованың отбасын құттықтады. Республика күні аудандағы барлық ауылдық округтерде мерекелік іс-шаралар өткізілді. Жер-жерде спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы