ТЫҢДАҢЫЗДАР! ҚОНАЕВТАН АЛМАТЫҒА ҚАТЫНАЙТЫН ЖҮРДЕК ПОЙЫЗ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 1065
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін таңертең Қонаев қаласынан Алматыға заманауи үлгідегі алғашқы пойыз жолға шықты. Жаңа бағыттың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, «Қазақстан темір жолы», «Жолаушылар тасымалы» компаниясының өкілдері қатысты. Таңғы сағат 5:30-да басталған игі шараны тамашалауға Қонаев қаласының тұрғындары көп жиналды. Қуанышты сәтте су жаңа пойыздың алғашқы жолаушылары да тіркеліп, жол жүру билетімен Алматыға сапар шекті.

Дизельді отынмен жүретін пойыз Қонаев пен Алматы қаласының арасында күніне екі мәрте қатынайды. Қонаев қаласынан таңғы сағат 6:00-де шыққан пойыз жолда үш стансыға аялдайды. Жол ұзақтығы 1 сағат 17 минутты құрайды. Үш елді мекеннен кейін пойыз «Алматы-1» вокзалында бағытын аяқтап, кешкі сағат 19:00-де Қонаев қаласына қайтады.

Аталған бағытты қаржыландыру биылша ұлттық тасымалдаушы компания есебінен жүзеге асады. Ал келер жылдан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы конкурс ойнатады. Сөйтіп, қаржыландыру мәселесі шешімін таппақ. Келешекте жаңа бағыттың ауқымы кеңейіп, Алматыдан Қонаев қаласына да таңғы және кешкі уақытта жолаушылар тасымалданады. Сондай-ақ, алдағы желтоқсан айында жаңа бағыт «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін ұзартылмақ.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов:

- Алматы мен Қонаев қаласы аралығында жаңа теміржол бағытының ашылуын үлкен игі іс деп білемін. Әлеуметтік маңызы да зор. Қазіргі жаңа бағыт Қонаев қаласынан Алматыға қатынап жұмыс істейтіндер үшін өте тиімді. Келер жылдан бастап облыс әкімдігі Алматыдан Қонаевқа да дәл осындай кестемен пойыз бағытын ашуды жоспарлап отыр. Сөзімнің соңында облыс әкімдігі мен Қонаев қаласы тұрғындарының атынан «Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясына алғысымды білдіремін, – деді.

Әкім орынбасары өз сөзінде қазіргі таңда Қонаев қаласы қарқынды дамып келе жатқанын, мұнда болашақта көптеген мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандар бой көтеретінін, соның ішінде, Қапшағай көлінің жағалауынан Жаңа Іле шағынауданы салынатынын айтып өтті. Мерекелік шарада Қонаев қаласының ақсақалдары Амангелді Беспаев пен Амангелді Керімбеков пойыздың қызыл лентасын қиып, жолаушыларға ақ жол тіледі. Сонымен бірге, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов ізгі тілегін білдіріп, Қонаев тұрғындарын жаңа бағыттың ашылуымен құттықтады.

Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Батановтың айтуынша, қала маңындағы жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын пойыз Қонаев қаласындағы екі стансыны басып өтеді. Одан кейін Жетіген, Байсерке ауылдарына аялдайды. «Осы уақытқа дейін автобекеттен Алматыға қарай көліктер ағылып жатса, енді пойыз да жолаушыларды таситын болады. Пойыздың билет құны 400-450 теңге шамасында. Желтоқсанның 11-нен бастап бағытты «Алматы-2» стансасына дейін созу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білетіндей, «Алматы-2» бекеті метроға жақын. Яғни, тиімді бағыттың бірі де осы. Қазіргі таңда біз таңғы сағат 6:00-де Алматыдан бері қарай бағыт ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Пойыз қолданысқа берілген соң жыл аяғына дейін тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, жобаны ары қарай тағы жетілдіре түсеміз», – деді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына келген сапарында ірі мегаполис маңында теміржол желісін жандандырып, көлік-логистика әлеуетін арттыруды тапсырған еді. Аталған игі шара Президент тапсырмасы аясында жүзеге асқан жайдарман жаңалықтың бірі болып отыр.

- Бұрын жеңіл көлік жалдап, такси қызметін жиі пайдаланатынбыз. Қыс мезгілінде көлікпен жүру тіптен қауіпті. Жол тайғақ, Алматыға кіретін жолдың бәрі кептеліс. Осындай кезде пойызбен жүру өте тиімді. Әрқашан жол ашық. Жазда Қапшағай су қоймасына демалуға келетін туристер үшін де пойызбен қатынау қолайлы болайын деп тұр. Осындай мүмкіндік жасаған Президентімізге, облыс әкімдігіне ризашылығым шексіз, – деп жаңа пойыздың алғашы жолаушысы Рахат Қалнияз өз әсерімен бөлісті.

Жолаушылар үшін тағы бір маңызды ақпарат, билеттерді BILET.RAILWAYS.KZ сайтынан немесе "ҚТЖ билеттері" мобильді қосымшасынан, сондай-ақ, басқа да банк жүйелері арқылы онлайн сатып алуға мүмкіндік бар.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы