АССАМБЛЕЯ ӨКІЛДЕРІ ҚОНАЕВТА АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ - ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Уақыты: 12.11.2022
Оқылды: 1140
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Қонаев қаласында Президенттің "Халықтар достығы" саябағын салу шеңберінде ағаш отырғызу шарасы өтті. Игі шараға Алматы облыстық "Қоғамдық келісім" КММ ұйытқы болды.

Қапшағай жағажайында өткен іс-шара барысында облыстық "Қоғамдық келісім" КММ директоры Марат Илипов кіріспе сөз алып, көпшілікке ағаш отырғызудың, табиғатқа қамқорлық танытудың мән-маңызын түсіндірді.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел көлемінде екі миллиард ағаш отырғызу туралы бастама көтерген еді. Сондай-ақ, әрбір елді мекен маңайын көркейтіп, қосымша 15 миллион түп тал егуді міндеттеген болатын. Бүгінгі шара Президент тапсырмасының кезең-кезеңімен орындалып жатқанын айшықтайды.

Марат Тайлақұлы өз сөзінде "Халықтар достығы" саябағын ашу ісі әр өңірде қолға алынып жатқанын, бұл Президенттің бастамасы екенін айтты. "Осы орайда еліміздегі этномәдени орталықтар, Ассамблея мүшелері Мемлекет басшысының бастамасына қолдау көрсетуде. Соның бір көрінісі ретінде Қонаев қаласында өткен ағаш отырғызу шарасын айтуға болады", - деді "Қоғамдық келісім" КММ директоры.

Аталған шараның мақсаты - Қонаев қаласын көркейту, экологиялық ахуалына үлес қосу, жастардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"