КӘМЕЛЕТТІК ЖАСҚА ЕНДІ ТОЛҒАНДАР САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 567
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы және Жетісу облыстарында алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне 18 жастағы Ақнұр Асхатқызы мен Абылайхан Нұржанұлы келді.

Кәмелеттік жасқа толған әрбір қазақстандық сайлауда дауыс беріп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасауға құқылы. Алғаш рет қолдарына сайлау бюллетенін алған жастар өздерін ел патриоттарымыз деп санайды.

Жетісу облысында алғаш дауыс берген 18 жастағы Абылайхан Нұржанұлы болашақта заңгер болуды армандайды. Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі үшін аянбай еңбек етемін дейді.

«Менің жасым 18-де. Мен алғашқы рет Президент сайлауында дауыс беріп тұрмын. Бүгінгі сайлау мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына маңызды деп ойлаймын. Бүгінгі сайлауда өзіміздің болашағымызды таңдаймыз деп есептеймін», - дейді сайлаушы.

Ал Алматы облысының тұрғыны Ақнұр Асхатқызы Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет ҚР Президентінің сайлауына қатысты.  "Қобалжып тұрмын. Жастар сайлауда барынша белсенді болса екен деймін. Биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатыстым", - деді Ақнұр Асхатқызы.

Айта кетейік, Алматы облысында таңғы сағат 8-ге дейін алғаш рет дауыс берген екі азамат тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"