ҚОНАЕВТА САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ 104 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНІҢ ҮЙІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 831
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қонаевтағы №397 сайлау учаскесінің мүшелері Мұқсина Қалдыбаеваның үйіне келді. Қонаев қаласының тұрғыны, 104 жастағы әже көпшілікпен бірге өз таңдауын жасап, дауыс берді. Ел үшін маңызы бар саяси науқанға қатысқан бақытты ана әлі тың, сөзі мығым.

10 бала тәрбиелеп өсірген ана бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп, бүлдіршіндерінің қызығын көріп отыр. Ел азаматы ретінде өз таңдауын жасаған қария жаңа өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.

– Бүгінгі күнге өте қуаныштымын. Өйткені, бәріміз ел болашағының жарқын болуы үшін өз таңдауымызды жасаудамыз. Бұған дейін де ел азаматы ретінде көптеген сайлауға қатыстым. Бұл сайлау науқаны да ойдағыдай өтеді деп үлкен сенім артамын. Мұндай саяси іс-шараларға жастарымыз да біркісідей атсалысады деп ойлаймын. 18 жастан асқан кез келген жастың дауыс беруі міндетті. Мемлекетіміз өсіп, өрлеп, жайнай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді. Сонымен бірге, әже бүгінде жақсы заманда өмір сүріп жатқанымызды, алдағы уақытта жастарымыз бұдан да керемет кездерде өмір сүреді деген сенімінің бар екенін жеткізді. Соңында ақ жаулықты ана еліміздің аспаны ашық болып, ұрпақтарымыз бейбіт заманда ғұмыр кешсе екен деген ақ тілегін арнап, батасын берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы