САҚТАНЫҢЫЗ! ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНДА АУЛАЛАР МЕН КӨШЕЛЕРДІ СУ БАСТЫ

Уақыты: 06.03.2023
Оқылды: 1362
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында күннің күрт жылынуынан қар тез еріп, Кербұлақ ауданында елді мекенді су басты.

Бұл туралы Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Белгілі болғандай, оқиға аталған аудандағы Қызылжар ауылында болған. Себеп, ауа температурасының +15 с° дейін көтерілуі. Нәтижесінде, айтылған  ауылдың шығысында орналасқан егістіктерден еріген қар суы ауыл тұрғындарын әбігерге салды.

Арықтар тасқын суға төтеп бере алмай, су Шыныбек көшесін басып қалды. 4 үйдің ауласы суға тоғытылған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Тасқын су Байғазы өзеніне құйылып жатыр.

Оқиға орнында 66 құтқарушы 11 техникамен ауыл тұрғындарымен бірлесіп арық қазып жатыр.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 6-8 наурыз аралығында күн күрт жылынады. Ауа температурасы жоғарылайды. Су тасып, өзендер арнасынан асып, қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мамандар қауіпсіздік үшін жергілікті тұрғындардан арықтарды қоқыстан тазартуды сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"