СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАРҒА 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 06.03.2023
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстадағы солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуал әлі мәз емес. Ел үкіметі осы мақсатта оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың баспана сатып алу үшін төрт миллион теңгеге дейін қаржылай көмек қарастырған. 

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

"Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу қарастырылып жатыр. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы мәселесін шешуге бағытталған", - деді ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

Айта кетейік, 2022 жылы "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын іске асыру аясында Қазақстанның басқа өңірлерінен 8000-ға таяу адам өз еркімен қоныс аударған.

Коллаж: ашық дереккөзден

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ