"Біреу аттың басындай алтын жасырып қойғандай": Ақберен Елгезек "даулы" мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Уақыты: 06.04.2023
Оқылды: 1000
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыған дейін  "спектакльге қатысуға құлқым жоқ" деп мәлімдеме жасап, қызметінен кететінін айтқан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің бұл әрекеті қоғамда үлкен аңыс қозғаған еді. Әлеуметтік желіде "спектакль" деген сөзге қатысты сан болжам жасалғаны да рас. Осы ретте ақын аталған пікірдің мәнін түсіндіріп беру үшін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тағы да мәлімдеме жасады. 

Біз автордың "даулы" мәселеге қатысты айтқан тұсын ықшамдап беріп отырмыз.

"Менің “Жазушылар одағындағы қызметімнен кетем“ деген постымды оқыған жұрт бұл шешімімді әбден талқылап, әжептәуір дуылдасып-ақ қалды. Жөн, қоғамдағы кез келген жағдай талқылануы керек, сол жағдайдың маңайындағы небір мәселелер де құлағын қылтитып, көрініп те қалады. Пайдасы да осы шығар. Айтпағым бірақ ол емес. Мен сол пост арқылы өзімді бейне бір “ғаламат батыр тұлға, “керемет әділетсүйгіш кісі” ретінде көрсетуді мақсат тұтқам жоқ"

Дегенмен жылы лебіздеріңізге құлдық! Жария кеткенімнің себебі - біреу ғана. Ол - бойын жасыра бұқпантайлап қашқан адам ұқсамай, ашық айтып кету еді. Тыныш қана арызымды жазып кетсем, ел оны сан-саққа жоритыны тағы бар.

“Спектакль деген не?” деп сұрап жатырсыздар. Ақыры бастаған екем, айтайын.

Әр Құрылтай сайын біздің ұйымның мүшелері - қаламгерлердің ерікті таңдауына іші пысқанның бәрі араласады. Құрылтай қарсаңында небір жершілдік, рушылдық сияқты сасық принциптерге негізделген әрқилы топтар құрылып, жазушы қауымның ішін іри-тіри қылады. Жоғарыға арыз домалатып, бірін бірі тілдеп, ел алдында масқара боп жатады. Ұят!

"Биылғы Құрылтайдың алдында да мұндай ыбыр-жыбыр ахуал бет қаратпай күйіп тұр. Құдды бір Одақтың табалдырығының астына біреу аттың басындай алтын жасырып қойғандай. Сондай лас әңгіме, топас интригалардан қашқаным рас. Ондай ырду-дырдуға араласқым келмеді"

Оқи отырыңыз:  "Спектакльге қатысуға құлқым жоқ": Ақберен Елгезек қызметінен кететінін мәлімдеді