Дархан Қыдырәлі Мысыр елшісін қабылдады

Уақыты: 14.04.2023
Оқылды: 734
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Эль-Шиннавиді қабылдады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш та қатысып, өз ойын ортаға салды.

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі министрлік жетекшілік ететін салаларға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Тараптар екі ел арасындағы салалық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту, медиа, дін, жастар саласында ортақ жобалар жасау, өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне қатысты, оның алдағы Қамқоршылар кеңесінің отырысын өткізу жөнінде пікір алмасты.

Министр Дархан Қыдырәлі Ұлы даланың даңқты перзенті Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына орай арнайы деректі фильм түсіріліп, үлкен зерттеу еңбегі әзірленіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Мысыр тарапын алда өтетін Халықаралық волонтерлер форумына шақырды.

Өз кезегінде Мысыр елшісі Манал Эль-Шиннави Сұлтан Байбарыстың 800 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге атсалысуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен бірге, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін айтты.