8 жасар бала 5-қабаттан секіріп, аман қалды

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 860
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текеліде 8 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап, аман қалды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Бұл туралы Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында жазады. Оқиға 25 сәуір күні шамамен сағат 12.20-да Текелі қаласында болған.

Құтқарушылар анықтағандай, үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2015 жылы туған бала бесінші қабаттың терезесінен полиэтилен пакетін парашют қылып секірген. Абырой болғанда, ағаш бұтақтарының арқасында бала жерге қатты соғылмаған.

"Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, ол Талдықорған қаласының облыстық ауруханасына жатқызылды", - дейді ТЖД өкілдері.

Осы орайда Жетісу облыстық ТЖД азаматтарды балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау керектігін тағы да еске салды. Сондай-ақ мамандар терезеге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға шақырды.