Үздік ұстаз анықталды

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 701
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы №27 мектепте «Үздік алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні педагог-ұйымдастырушысы – 2023» атты облыстық байқау жалауын желбіретті. Мұндағы мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттің қалыптасуына үлес қосып жүрген пән мұғалімдерінің тың бастамаларын қолдау, кәсіптік тәжірибе алмасу.

Айтулы шараға өңір бойынша әр ауданнан үздік деп танылған бір-бір пән мұғалімі қатысты. Сала сайыпқырандары екі күн бойы 5 кезең бойынша әртүрлі сыннан өтіп, өзара үздікті анықтады.

Педагогтар байқауының ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Бари Гизатов сөз тізгінін алып, атаулы шараның мақсат-міндетіне, қазіргі білім саласындағы жаңашылдықтарға тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Ал жастарды отансүйгіштікке баулуда алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызы зор. Әр оқушының бойында патриоттық сезімді оятуға күш жұмсайтын, ұлтын, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде аянып қалмайтын әр ауданның үздік пән мұғалімдері осы байқауда тәжірибе алмасады. Бұл байқаудың мақсаты – мықтыны анықтау ғана емес, озық ойлармен, тың тәжірибелермен бөлісу, – деді Б. Гизатов.

Шараның алғашқы күнінде қатысушылар өздерін таныстырып, педагог ретіндегі атқарған тың тәжірибелерін ортаға салды. Мұнан кейін ашық сабақ өткізу бойынша сынға түсті. Артынша әр ауданның үздік пән мұғалімдері әскери, жауынгерлік және спорттық сындарда бақ сынады.

Сайыс қорытындысына сай Сарқан ауданынан сынға түскен Тылыс Барлықбаев пен Қаратал ауданынан Нұрлан Жетпісов үшінші және екінші орынды бөліске салса, Талдықорған қаласынан қатысқан Әлішер Бүкенбаев үздік деп танылды.

Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде тарту етілді. Сондай-ақ, өзге қатысушылар да құралақан қайтарылмай, арнайы номинациялар табысталды.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Руслан Қадіров